Израиль мен ХАМАС арасындағы атыс тоқтауы мүмкін

Dalanews 29 янв. 2024 12:14 2186


Израиль мен ХАМАС тобы араағайын елдер арқылы Газада атысты уақытша тоқтатып,кепілдікке алынған адамдардың барлығын босату бойынша келісімге келуге таяу, – деп хабарлайды The New York Times басылымы.


Мұндай ақпарат Израильдің арнайы қызметі, АҚШ орталық барлау қызметі, ХАМАС-пен байланыс орнатқан Катар және Мысыр өкілдері қатысатын Париждегі келіссөз қарсаңында шығып отыр. ХАМАС-ты ЕО, АҚШ террористік ұйым таныған.


2023 жылы 7 қазанда ХАМАС Израильдің оңтүстігіне ірі шабуыл жасап, соның салдарынан 1200-ден астам адам қаза болған. Содан бері Израиль Газа секторына соққы жасап жатыр.


Палестина жағының айтуынша, Израиль операциясының нәтижесінде Газада 26 мыңнан астам адам опат болған, тұрғындардың басым бөлігі үйлерін тастап шығуға мәжбүр болған. Израильде кепілдікке алған жүзден астам адамды ХАМАС әлі күнге дейін босатқан жоқ.


The New York Times мәліметінше, атысты тоқтату бойынша келісім жобасының жазбаша нұсқасы әзірленген. Ол кепілдіктегі адамдарды біртіндеп босатып, әскери қимылдарды шамамен екі айға тоқтатуды қарастырады. Мұны басылымға аты-жөнін айтпаған келіссөзден хабардар Америка шенеунігі айтқан.


Олар тараптар арасында әлі де ірі қайшылықтар барын мойындайды, алайда араағайын елдер алдағы екі апта ішінде тараптар келісімге келуі мүмкін дейді.


The Wall Street Journal дереккөзі де мұндай келісім жобасы барын растайды. Алайда басылымның жазуынша, бірінші кезеңде мәселе атысты алты аптаға тоқтату жөнінде болып отыр. Бұл кезде тұтқында отырған әйелдер, балалар мен қарттар босатылуы тиіс. Израиль өз кезегінде палестиналық тұтқындардың бір бөлігін түрмеден босатады.


Екінші кезеңде ХАМАС тұтқында отырған әскери қызметкерлерді босатып, Израильге өлген азаматтардың мәйітін тапсыруға тиіс. Газа секторында тұрақты түрде бейбітшілік сақтау туралы келісім болады, оған өзгелермен қатар АҚШ та кепілдік береді.


Алайда Израиль бұған дейін Газа ХАМАС бақылауында қалса, мұндай шартқа көнбейтінін айтқан.


Келіссөздің өтуіне АҚШ ықпал етіп жатыр деп айтылады. Жұма күні АҚШ президенті Джо Байден мәселені Египет және Катар басшыларымен телефон арқылы талқылаған.


Бейбітшілік келіссөз туралы ақпараттарға қарамастан Газа секторында әскери қимылдар бәсеңдеген жоқ. Ақпаратқа қарағанда, Израиль әскері Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласын қоршап, ХАМАС-қа қатысы бар нысандарға соққы жасады. Кейінгі күндері мыңдаған палестиналық қаладан кеткен.



Рекомендовать
Последние новости