Жуырда Ұлттық банк несиелердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелері көлеміне айтарлықтай қысқарту жүргізгені белгілі. Осылайша жаңаша бекітілген мөлшерлемелер 2025 жылдың 16 маусымынан бастап қолданысқа енгізілген. Алайда осы жаңа норма қолданысы мерзімін Ұлттық Банк пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесе қабылдаған қаулысымен керіге шегерілді, нақтырақ айтқанда 2025 жылдың 1 қарашасына дейін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетсек, 16 маусымда қолданысқа енгізілген жаңа нормаға сәйкес, несиелердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелері былайша қысқарған:
- кепілсіз банк заемы 46 пайызға дейін,
- кепілі бар банк заемы 35 пайызға дейін,
- ипотекалық тұрғын үй заемы 20 пайызға дейін,
- шағын несие (барлық мерзімге) 46 пайызға дейін,
- 45 күнге және 45 АЕК-ке дейін берілетін шағын несие күніне 0,3%-ға дейін, жылына 179%-ға дейін деп өзгертілген.
Негізінен, сарапшылар бұл норма банктердің оң жамбасына келмейтінін айтып, "бұрын тауып келген пайданы енді банктер тұтынушыларға "ілетін" болды, келісімшарттар қайта қарастырыла бастайды" деп дабыл қаққан. Тіпті, тұрғын үй нарығында тұралау орын алуы да болжанған. Расында, аталған норма қолданысқа енгізіле салысымен, бірнеше банк ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатты. Олар келісімшарттарды қайта қарап, техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын жариялады.
Осы процедураларға уақыт беру үшін де аталған жаңа норманың қолданысқа енгізу мерзімі кейінге шегерілді. Күні кеше Ұлттық Банк пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесе қабылдаған қаулыда жаңа норма 2025 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтатыла тұрсын делінеді. Ал тоқтатыла тұру кезеңінде несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелері ипотекаға қатыстысы бұрынғы қалпында қалдырылды. Атап айтқанда:
- кепілсіз банк қарыздары бойынша 46 (қырық алты) пайыз;
- кепілмен қамтамасыз етілген банк қарыздары бойынша 35 (отыз бес) пайыз; ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25 (жиырма бес) пайыз;
- микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер бойынша – 46 (қырық алты) пайыз;
- микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі мерзімге, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің қырық бес еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде беретін микрокредиттер бойынша күніне 0,3 (нөл бүтін оннан үш) пайыздан аз, бірақ 179 (бір жүз жетпіс тоғыз) пайыздан аспайтын мөлшерде болып айқындалсын, делінеді құжатта.
Бұған дейін сайтымызда "Банктердің ипотекалық несие беруді доғаратыны рас па - сарапшы пікірі" деген мақала жарияланған болатын.