Интеллектуалды имам діни әдебиетпен ғана шектелмейді

Dalanews 22 авг. 2017 06:20 777

Бақытжан Сатершинов, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану  институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор:

[caption id="attachment_29660" align="alignleft" width="237"] Б. Сатершинов[/caption]

– Бақытжан Меңлібекұлы,  дінтанушы маман ретінде Қазақстанда қалыптасқан діни ахуал мен оған қатысты мемлекеттік саясатты қысқаша сипаттап берсеңіз...

– Қазақстан ширек ғасырлық тәуелсіз даму барысында мемлекет пен дін арасында, сондай-ақ әртүрлі діндераралық қарым-қатынастар мен бір дін ішіндегі байланыстарда өзіндік тәжірибеге ие болып келе жатыр. Әсіресе, конфессияаралық диалог пен рухани келісімді жетілдіруге қосқан еліміздің үлесін әлемдік қауымдастық мойындайды. Еліміздің Конституциясына сәйкес, тілі мен діни сеніміне қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдігіне және әрбір азаматтың жеке сенімдеріне құрметпен қарауына негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы үлгісі қалыптасты. Халықаралық нормаларға сәйкес мемлекет азаматтарының құқығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында діни ұйымдардың қызметін реттеуге құқылы. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»  Қазақстан Республикасының Заңы халықаралық құқық пен еліміздің  Конституциясында қөзделгендей, әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыруға бағытталған, дін саласындағы мемлекеттік саясатты және ұлттық мүддені қорғауды іске асыратын құқықтық негіз есептеледі.

Кез келген елдің дінге қатысты мемлекеттік саясатында оның тарихи-мәдени-рухани дамуының ерекшеліктері, қоғам мен діннің ішкі құрылымдық өзгешеліктері міндетті түрде ескеріледі. Әрине,  ар-ождан бостандығы мен дін ұстану еркіндігінің халықаралық нормалары мен құқықтарын сақтау қаншалықты маңызды болса,  діндарлық  деңгейінің соңғы уақыттағы өсуімен әрқилы діни радикалдық ағымдар мен идеологиялардың таралуының алдын алу да соншалықты маңызды. Біздің еліміздегі діни ахуал әлемнің «қызу» нүктелері мен кейбір көршілес елдермен салыстырғанда тұрақты. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың нақты бағытын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетті: «Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек».



Президент Н. Назарбаевтың имамдарды арнайы қабылдап, киім кию мен сақал қою үлгісіне қатысты өз ойын білдіруі, Дін саласына қатысты мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасына қол қоюы осының дәлелі емес пе? 

– Иә, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының өкілдерімен кездесу барысында «дін мәселесі біздің рухани байлығымыздың бір бөлшегі екенін, бұл ретте дәстүрлі рухани тамырымызды нығайта отырып, санамызды жаңарту шарт» екенін айтып, өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сілтеме жасады. Ел ішіне іріткі салудың бір жолы, «сырттан ықпал етудің бір тәсілі: ол жат діни ілімдерді бізге тарату» екендігін Елбасы ескертті. «Кейінгі кезде осындай ахуал» қазақстандық мұсылман жамағатынан байқалады. Мұсылман үмбетінің тұтастығына, бірегейлігіне, діни санасына нұқсан келтіретін үрдістер мен алауыздық бар. Ұлттық дәстүр мен мәдениетті, мемлекеттің зайырлы қағидаттарын теріске шығаратын, «анау болмайды», «мынау харам» деп өнер мен әдебиетті мойындамайтын, ғылым мен философияны тұтастай «адасушылық» деп есептейтін, таным барысында ақылдың рөлін мейлінше төмендетіп, тек буквализм мен догматизмге сүйенетін, тақуалығын тәкаппарлықпен дәріптеп, басқа пікір мен өмір тәртібін ұстанатындарды күпірлікке шығаратын, есесіне жүректегі мейірімділік пен ізгілігін «тат бастырған»  діндарлар тобы бар. Тіпті, мұндай иман мен амал арақатынасын шатыстырған «әсіре діншіл» көңіл-күй жастардың діни санасын жаулай бастаған тәрізді.  Өзінің ғасырлардан бері келе жатқан мұсылмандық дәстүрі мен жолынан жеритіндердің тұтас бір буыны пайда болды. Басқа елдің тәжірибесін қайталап, өзге құндылықтарға еліктейді. Тіпті, әнұран орындалуы барысындағы жоралғыларды орындамай, мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік (мұның опасыздық пен сатқындықтан не айырмасы бар?) көрсетеді.

Бұл кездесуде Елбасының ерекше тоқталған тағы бір мәселесі – сақал мен киім үлгісі мәселесі: «соңғы кезде өрімдей жас жігіттер сақалын сапситып қойып, балақтарын шорт кесіп келеді. Бетін тұмшалап, бүркеп, қап-қара көйлек киіп жүрген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана сенімімізге де келмейді. Қазақта қара киімді кісі өлгенде киеді. Үйдің иесі өлгенде қара жамылып отыр екен деп, не бала-шағасы қырылды екен деп. Әрине, әркім не кием десе өз бостандығы бар. Бірақ ол басқа нәрсе». Осылайша, қара киім, сапсиған сақал мен шолақ балақ тақырыбын Мемлекет басшысының өзі көтерді, бұл да болса, мұның қоғамдық пікірде ең көп талқыланатын мәселелердің бірі екендігін көрсетеді.

– Бұл мәселеге қатысты құзырлы органдардың ұстанымы қандай?

– Бұл мәселеге қатысты ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Б. Ермекбаев мамыр айында Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында өз пікірін білдірді: «Мемлекет басшысы айтқандай, бізде киім киюге бостандық бар, ол бостандыққа әрбір азамат ие. Сонымен қатар, әдейілеп тұрып, діни сипаттағы киім киіп, өздерін қоғамнан оқшау ұстауға тырысып жүргендер арасында алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Өйткені, олар бізге, Қазақстан xалқына, қазақ xалқына да жат киімдерді киіп, қазақ xалқының өкілдері емес, бөтен елдердің өкілдері сияқты көрінеді. Біз өзіміздің қазақ xалқына тән киімдерімізді және қазіргі заманауи киімдерді киіп жүреміз. Сондықтан бұл мәселе – өте өзекті әрі нәзік. Сондықтан оны жан-жақты зерттеп, салиқалы бір шешімге келеміз деп ойлаймын». Сонымен қатар, министр сыртқы формадан гөрі,  ішкі мазмұнның маңыздылығын, амалдан гөрі,  иманның маңыздылығын атап көрсетіп, мейлінше,  мәнді мәселе көтерді: «Бүгінде қазақстандықтардың діни санасы күрделі әрі әр алуан. Яғни, қоғамда дінге жан-дүниесімен берілгендерден бастап,  атеистерге дейін кездеседі. Осы факторды ескере келе, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру керек. Бізге дінді дұрыс түсініп, қолдану үшін дәстүр мен діни мәдениеттің деңгейі қажет. Діншілдік деңгейінің өсуі тиісті мәдениеттің қалыптасуына әкеледі. Яғни, кейбір азаматтар дінді тура мағынасында түсініп, діннің догмаларын қолданады. Салдарынан дінге терең берілгендердің арасында радикализмнің қауіп-қатері бар. Азаматтардың кейбір бөлігі заң талаптарын, конституциялық міндеттерін орындаудан бас тартады. Мемлекеттік рәміздерге, дәстүрге, этика нормаларына құрметпен қарамайды. Кейбір адамдар діннің сыртқы белгілерін діннің рухани құндылықтарынан жоғары қояды. Яғни, олар иман мен діни догмалардың арасындағы түсінікті шатастырады». Мұны Абайдың «қара сөздерімен» айтсақ, кейбіреулер «мұсылмандық кәміл болады» деп, «ишаратты түсінбей, күзетке үлкен көңіл бөліп, күзететін нәрсенің өзін» ұмытып кетеді.

Мәселенің маңызды жағы – діни сауаттылығы қажет деңгейден төмен қоғамға ең әуелі жамылғыны емес, иман мәселелері, сенім негіздерімен қатар көркем ахлақ негіздерін насихаттау қажеттілігі. Иманнан бұрын орамалды насихаттаудың – уықсыз шаңырақ көтермек болған бос әурешілікпен тең болары сөзсіз.

– ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Египетте ұсталып, елге депортацияланған алты  студент оқиғасына байланысты шетелден діни білім алатын жастарды бақылауға алу, ҚМДБ-ның келісімімен ғана діни білім алуға рұқсат беру туралы байлам айтты. Бұл шешім қаншалықты дұрыс? Шетелден діни білім алғысы келетіндерді алдын ала анықтап, олардың белгілі бір жүйемен білім алуын қадағалау мүмкін бе?

– Иә, білім алу үшін (тек дінтанулық-исламтанулық немесе діни-ислами білім алу үшін ғана емес) шетел асып кетіп жатқан қазақстандық азаматтар қаншама? Олардың қылмыстық топтардың немесе діни радикалдардың ықпалына түсіп қалмасына кім кепіл? Министр Н. Ермекбаев мұның барлық басқа мемлекеттік органдарға қатысты ортақ мәселе екендігін айтты. Келешекте шетелде діни білім алу тек магистратура  мен докторантура деңгейінде (яғни дүниетанымдық мәдениеті қалыптасқан соң) тек ҚМДБ-ның келісімімен ғана мүмкін болады. ҚР  бірқатар  заңнамаларына  енгізілетін кейбір толықтырулар діни ғұрыптарды атқару мен («шет тілді үйрету» деген желеумен) діни білім беруді  заңнамада көрсетілмеген жерлерде өткізуге және оған балаларды тартуға тыйым салады. Қазақстан азаматтары шетелдерде діни білім алу үшін де бекітілген тәртіпті сақтауы тиіс. Мұны діни қызмет саласына  тиесілі органдар қадағалайды. Бұл құқықтық шаралар шетелдерде, әсіресе, Таяу Шығыс елдерінде білім алып келіп, сәләфизм идеологиясын таратудың алдын алады.  «Бұл – дұрыс шешім» деп ойлаймын, өйткені, діни және дінтанулық білім мен идеологияны мемлекет қадағаламаса, оның салдары аса қиын болады.

– Мемлекет тарапынан бақылау қатаңдаған сайын дәстүрлі емес діни топтар жасырын жұмыс істеуге бейімделеді. Жат ағымдардың жолын кесу, жастарды олардың құрсауынан сақтау үшін қандай шараларды қолға алған жөн? Еліміздің қай заңнамаларына қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін?

– Дін саласындағы келеңсіз құбылыстардың алдын алуда превентивті ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жемісін бермесе, онда қатаңырақ заңнамалық шаралар қабылдап, мұндай үрдістің құқықтық өрісін тарылту керек болады. Зайырлы мемлекет діннің ішкі ісіне араласпағанымен, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамның тұтастығын қамтамасыз етуде осындай шараларға барады. Осы мақсатта діни қызмет және діни ұйымдар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Атап айтар болсақ, 2011 жылдың 26-желтоқсанында қабылданған «Неке және отбасы туралы» ҚР Кодексі 10-бабының 6-тармағына мынадай толықтыру енгізілді: кәмелетке толмаған адаммен некеге отыру Қазақстан Республикасының заңымен қудаланады. ҚМДБ бұған қатысты ұстанымы белгілі: «неке қию» рәсімі ата-ананың келісімімен және АХАЖ-дың некені куәландырған анықтамасы арқылы жүзеге асады. Заңның бұл тармағы дәстүрлі емес деструктивті ағым өкілдерінің кәмелетке толмаған бірнеше тұлғамен бірдей некеге отыруына және оның насихатталуына тосқауыл болады.

ҚР Қылмыстық кодексіне және ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген кейбір толықтырулар азаматтардың діни сезімдерімен қатар, атеистік сенімдері мен сезімдерін балағаттауға мүмкіндік бермейді (ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 2-бөлімінің 490-бабы). Тәкфіршілдерді айтпағанда, қазіргі қарапайым діндарлардың өздері құлшылық-ғибадаттарын өтемейтіндерді «күпірлікпен» кінәлайтыны бой көрсетіп келеді. Бұл жағдай адамның ар-ождан бостандығы туралы зайырлы заңнамамен қатар, бейбіт өмір сүруді атымен де, затымен де айғақтайтын исламның рухына да, «әркімді болмысына сай» бауырмалдықпен қабылдайтын қазақтың дәстүрлі діни дүниетанымына да қайшы келеді.

«ҚР жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы» (23 қаңтар 2003 ж.) заңына (31, 35 баптарға) енгзілуі мүмкін өзгерістер аймақтардағы діни ахуалды діни бірлестіктер мен миссионерлердің әрекеттерін зерделеу мен талдау қызметін жергілікті әкімдердің құзыретіне берді. Кәмелетке толмаған балаларға қатысты дін және діни көзқарастарды пайдалана отырып,  әрекет ететін коммерциялық емес ұйымдар құруға да тыйым салынады.  2001 жылдың 16 қаңтарындағы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚРЗаңы 19 бабына осындай 4-ші тармақ қосылды. Сондай-ақ, 2007 жылдың 27-шілдесінде қабылданған «Білім туралы» Заңның 28-бабы да толықтырылды: оқу орындарында тіркелмеген діни ұйым өкілдерінің оқушылармен діни мәселелер бойынша шара өткізілуіне жол берілмейді. Бұл заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар соңғы уақыттары өріс алған прозелитистік (біреуді өз дініне тартудың табанды әрекеті) және діни конверсиялық әрекеттермен байланысты болып отыр. Атадан келе жатқан дінін басқаға айырбастап, рухани мұқтаждығын күмәнді діни ағымдардан тауып жүрген қазақ балалары жиі кездесетін болды. Бұл –  қазақстандық мұсылман жамағатының бірегейлігін бұзатын қауіпті үрдіс.

Жалпы дінге байланысты өз көзқарасыңды біреуге таңу моральдық тұрғыдан алғанда да құпталмайтын нәрсе, имамдардың жүргізетін уағызының жөні бөлек, әрине. Ал енді өзінің қызмет жағдайлары мен лауазымдарын пайдаланып, өз әріптестері арасына таратуға тырысса, бұл тіпті ұжымның ішінде рухани ауанның тоталитарлануына әкелуі мүмкін. Сондықтан, «ҚР мемлекеттік қызмет туралы» Заңының (23 қараша 2015 ж.) 13-бабына мынадай толықтыру енгізілу ықтималдығы бар: Мемлекеттік қызметкердің қызметтік (лауазымдық) міндеттерді (оның ішінде әскери, кәсіби функцияларды) атқару барысында, жұмыс уақытында, ұжымның ішінде өзінің діни көзқарастарын таратуға; жұмыс уақытында, егер заңнамаға сәйкес, өзінің қызметтік (лауазымдық) міндетін атқарудан басқа жағдайда, діни шаралар (құлшылық, діни салттар, ғұрыптар, жиналыстар) өтетін жерге баруына; діни бірлестіктер құрудың бастамашысы болуына; миссионерлік әрекетпен айналысуына болмайды. Бұл тыйымдар мемлекеттік қызметтің мүлтіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, мемлекет пен қоғамның зайырлылығын нығайтуға бағытталған.

[caption id="attachment_29659" align="aligncenter" width="640"] Назарбаевтың жұма намазына барған сәті[/caption]

– 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» Заңға қатысты қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Өзгерістер мен толықтырулардың басым бөлігі осы аталған «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» ҚР  Заңын қамтиды. Заңда қолданыс табуы тиіс бірқатар негізгі ұғымдармен толықтырулар енгізілуі мүмкін, атап айтқанда: діни құлшылық, діни салттар, діни ғұрыптар, тәуеп ету, діни әдебиет, діни мазмұндағы ақпараттық материалдар, діни жиналыс, табыну орны, прозелитизм, діни радикализм, діни фанатизм, экстремистік идеология, діни рәміздер. Сондай-ақ, аталмыш Заңның Мемлекет және дінге қатысты 3-бабына, өкілетті органдардың компетенциясына қатысты 4-бабына, жергілікті атқарушы органдардың компетенциясына қатысты 5-бабына, дінтанулық сараптамаға қатысты 6-бабына, діни салттар мен ғұрыптарды атқаруға қатысты 7-бабына миссионерлік әрекетке қатысты 8-бабына, діни әдебиет және діни қолданыстағы нәрселер мен діни мазмұндағы басқа ақпараттық материалдарға қатысты 9-бапқа, қайырымдылық пен діни ұйымдардың ақпараттық әрекетіне байланысты 10-бабына, халықаралық байланыстар және діндарлар мен діни бірлестіктердің байланыстарына қатысты 11-бабына, діни ұйымдардың мәртебесіне қатысты 12-бабына, діни бірлестіктер құруға байланысты 13-бабына және т.б. өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі қажет. Бұл толықтырулар мен өзгерістер сектанттық сипаты басым, бірақ мемлекет құрығынан құтылып кетіп жүрген діни радикалды ағымдарға қарсы сот-сараптамалық жұмыстарды жүргізуді едәуір жеңілдетеді.

– Кейбір сарапшылар «отандық діни қызметкерлер мен жергілікті теологтардың әлеуметтік желілерде белсенділігін арттыру керек» деп санайды. «Сонда ғана шетелдік уағызшы-шейхтардың лекцияларына қарсы тұра аламыз» деп болжайды. Бұл бағытта біраз жұмыстар жасалып та жатыр. Сіздіңше, жергілікті имам-молдалар, теологтар, діни қызметкерлер бұл міндетті ойдағыдай орындай ала ма?

– Елбасымыз ҚМДБ қызметкерлерімен кездесуінде айтқандай, «ел ішінде діни құндылықтар дұрыс дәріптелуі керек. Ол үшін имамдар мен ұстаздардың сауатын арттыруға басымдық берілуі тиіс». Шетелден діни білім алып келген жас имам жергілікті ақсақалдармен ақылдасып, сабақтастықты сақтап, жергілікті діни дәстүрді жете меңгеруі керек. Иманды жүрекке байлайтын ханафилік-матуридилік сенімнің негіздерін жергілікті жамағаттың санасына теориялық тұрғыда сіңіріп, практикалық тұрғыда діни ғұрыптардың атқарылуындағы бұрыннан келе жатқан бірізділікті сақтауы қажет. Интеллектуалды имам діни әдебиетпен ғана шектеліп қалмай, белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбай айтқандай, Алланың «екінші кітабы» – Жаратылыс кітабын да оқиды, тіл үйреніп, әлеуметтік тұрғыда белсенді болады. Сенімін біліммен бекіткен, жақсы ойлап, жағымды әрекет ететін көркем мінезді имам ғана қоғамның ілгерілуіне үлесін қоса алады.

Сұхбаттасқан Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ


Рекомендовать
Последние новости