ЕРКІН САЛ

Dalanews 22 авг. 2017 05:54 1132

Бұл күндері еліміз бойынша «100 жаңа есім» атты жоба жүріп жатыр. Сол 100 есімнің қатарында кімдер болуы тиіс, соны ел болып талқылап жатқан көрінеді. Бұл да бір заманның бәйгесі болса, оған қосатын жүйрік аз ба? Ұлттық өнерден, дәстүрлі өнерден кім бар екен деп алаңдайсың ғой. Мен өзім ойланбастан, ешкімге жалтақтамай-ақ нағыз жүйрік, ұлттық өнердің хас шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкімановтың есімін ұсынғым келеді.

Рас, біз ұлттық өнер майталмандарының атына мақтау айтуға шорқақпыз. Тек олардың көзі кетіп қалғанда ғана «классик» еді деп санымызды бірақ соғамыз. Ортамызда жүргенде оның шоқтығы биік, талантының таудай екенін сеземіз, бірақ айта алмаймыз. Ал мен, Еркін бауырымды дәл солай, жасы қырықтың қырқасынан енді ғана қара үзіп шықса да, ұлттық өнердің классигіне айналған адам деп бағалар едім. Артық айтты демеңіздер. Солай ол.

Себебі мынау:  Дүниедегі ең қиын нәрсе, бұл – ғылым. Инемен құдық қазудан да қиын ол.

Ал, көшпенділердің дүние танымы мен өнерін зерттеу одан да қиын. Өйткені, көшпенділердің өмірі мен  көзқарасы, әдет-ғұрпы мен өнері кәдімгі ғылыми стандарттарға, теорияларға сыймай жатады. Бұл қазіргі бүкіл әлемдегі көкірегі ояу, санасы жарық ғалым атаулы мойындап қойған шындық.  Бірақ көшпенділерге қандай ғылым стандарттарымен қарау керек, оны да қалыптастыра алмай отыр. Ондай ғылымды жасайтындар тек сол елдің оқыған, тоқыған, ұлттық пәлсапасы мен өнерін уызынан қанып ішкен ұлдары мен қыздары. Міне, Еркін Шүкіманов сол көшпенді елдің сондай ұлдарының бірі және бірегейі.



Қарапайым ғана мысал: біз Затаевичтің өткен ғасырдың басында жасаған еңбегі – «Қазақтың 1000 әні» мен «500 ән-күйімен» мақтанамыз. Бірақ осы еңбектерді еліміздің қажетіне жаратайық, нота күйінде шаң басып жатпасын деп шұқшиып, терең үңілген ғалымдар көп пе бізде? Өкінішке орай, жоқ, бір қолдың саусағымен санауға болады. Ал солардың бірі – Еркін Шүкіманов. Көпшілік біле бермейтін бір дерек: Затаевич ән сөздерін жинамаған, әуендерін ғана нотаға түсірген. Әннің мәтіні болмаса, оны қалай айту керек? Бір әннің мәтінін дәл табу үшін өткен ғасырдағы тарихи және көркем әдебиетті, естеліктер мен зерттеулерді, ауыз әдебиеті мен жыр-дастандарды қопарып шықпасаң бола ма? Санасы түзу, жөн біледі деген абыз, қарияларды іздеп барып, сөйлесу керек. Әр сөзін тірнектеп жинау керек. Өзге әндермен салыстыру керек. Ал  бұл деген бір институттың жасайтын шаруасы емес пе? Еркін Шүкіманов соны жасап жүр. Ол мың әннің картотекасын жасаймын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Ол да бір Зейнұр Қоспақовтың ізбасары, ол да бір Болат Сарыбаев. Дәл мұндай жанқиярлар аз болады өзі.

Бұдан кейін сол әндердің өзін меңгеру керек қой. Ол үшін ұлттық ән өнеріндегі барлық дүние мен қазынадан хабардар болуың керек. Әйтпесе, бірді бірге жамап жіберуің әбден мүмкін. Кеудеңде үлкен қазына, көкірегіңде – таразы, жүрегіңде  – әділдік болмаса, ғалымдығың қайсы? Ал  Еркін сол әндерді жаңғыртып қана жүрген жоқ, қайта жарыққа шығуына да себепкер болып жүрген жан. Ол өзінің қатысы бар ән байқаулары мен конкурстарына, тіпті оқу сынақтарына мынадай талап қояды екен: шәкірт сынақта белгілі әндермен қатар, сол қайта туған әндерді де орындап шығуы керек. Талап орынды. Ән айтылмаса – жаңғырмайтыны анық.

Өнер дүниесі адамға шын бітсе, оған кең тыныс, терең талғам, биік өрені бірге беретін сияқты ғой. Еркін Шүкіманов қазақ өнеріне қатысты бардың бәрін жинай берсем, зерттей берсем, шығара берсем деп еңбектенеді де жүреді. Семейде Мәдениет Ешекеев есімді ұлы әнші өтті. Еркін ол кісіні өзінің ұстазына балайды. Сол кісінің өнері мен өміріне арнап жинақ шығарды. Таяуда артынып-тартынып Аякөзге кетіп бара жатыр екен. Арқалағаны – өңкей кітап. Алдында ғана тағы бір арқалы әнші, ғажап сазгер, кешегі ұлы сал-серілер көшінің ізбасары Тұрсынғазы Рахимов дүниеден өткен-ді. Сол әнші-композитор ағасының кітабын шығартып, ел-жұртына тарату үшін жол жүріп барады. Ешкімнің еліне де, жеріне де қарамайды, өнерге жақын адамның құлы ол.

Сондықтан да,  бай ол, кеудесі толы қазына. Сондықтан да,  ұлттық ән мен дәстүрлі өнердің саф алтынын шын іздегендер айналып Еркінді тауып алады. Ұлы сал-серілер Біржан Сал, Ақан Сері, Үкілі Ыбырай, Әсеттерден бастап, кешегі Сәкен, Ақаң, Бейімбет, Шәкерім, Бүркітбай, Шәкер, Сұлубайлардың өнері мен әндеріне байланысты тың дерек іздесеңіз, Шүкімановқа бір соғып кететініңіз анық. Бір адамның бойына осынша ән, осынша қазына қалай сыяды деп таң болатыныңызға кепілмін. Кеудесі әннің теңізі тәрізді. Шет-шегі жоқ телегей! Өткенде Мағжанның әндерін іздегендер Еркін Шүкімановтан тауыпты ғой. Мен өз басым оған таңғалған жоқпын. Еркіннің әңгімелерін тыңдап жүрген маған ол – заңдылық. Ағылшын тілі деп өліп-өшіп барамыз-ау. Ағылшын тілі ешқайда кетпейтіні белгілі. Ал  Еркін Шүкіманов сияқты ұлттық өнер десе, ішкен асын жерге қойғандарды пайдаланбайтын болсақ, ұлттық өнердің сүрлеуі қыл аяғы құрдымға кетіп қала ма деген ой мазалайды.

[caption id="attachment_29643" align="alignright" width="242"] Еркін Шүкіман[/caption]

Енді ол  Алтай-Тарбағатай әндерінің антологиясын жасамақ болып жүрген көрінеді. Қазірдің өзінде санасында пісіп, кеудесінен ақтарылып жүрген болуы мүмкін. Сонша ізденіс пен еңбек ерте ме, кеш пе, бұрқ ете қалуы тиіс. Бірақ соған сеп болатын, күш-қуат беретін қандай қолқабыс жасай алдық біз дегенім ғой.

Иә, рас, ән өнерін шын ұлттық құндылық деп бағалайтын, өнерге қатысты дүниелерді тірнектеп жинап жүретін жандар бізде баршылық. Еркін Шүкіманов солардың қатарында бола тұра, оны ерекшелейтін дүние, басында айтқанмын, ғылымға тәуелділік. Өнерге ғылыми көзқарас. Иә, көшпенділер дүниесіне бөлек көзқарас, тың ғылыми қалыптар керек деген күннің өзінде әлемде, әсіресе өнер ғылымында батыс, евроцентризм стандарттары үстемдік құрып тұрғаны анық. Оны терең меңгеріп, өз құндылықтарының кереметін сол арқылы дәлелдей алмасаң, қазақ өнері ілгері көріне алмайды. Еркін Шүкімановтың «қазақ әніне ғылым керек» деп шырылдайтыны сол шығар? Оның қарапайым сұхбатынан үзінді келтірейін. Сонда ғана біз оның қазақ әніне қандай тереңдік тұрғысынан келетінін түсінеміз:

«Жалпы ән өнерінде «әуез» деген де дүние бар ғой деймін. «Әуез» деген әннің Моңғолия қазақтарының ән жинағында он бес түрі кездеседі, өзімде бес-алты түрі бар. Әндердің диапазоны квинта, секста интервалдарынан аспайды. Кереметтей ән дегенге де келе қоймайды. Өте шағын. Содан осы «әуез» деген дүниені зерттей келе қарасам, ол парсының сөзі екен. Тіпті «ән» сөзінің өзі парсының сөзі. Саз, музыка, ырғақ, әуен, мелодия т.б деген мағынаны білдіреді. Бұл сөзді зерттей келе Махмұт Қашқаридың еңбектеріне барып тірелдім. ...Біз қазақтың қара өлеңіне «Қара өлең» деп ат қойып, айдар таққан Шоқан Уалиханов екенін білеміз. Яғни, бұл парсы тілдес елдердің бірінде ән сөзінің орнына қолданылып, бізде де ертеректе шағын әндерді осылай атады ма екен деген ой туады.

[caption id="attachment_29644" align="alignright" width="299"] Еркін Шүкіманның студент кезі[/caption]

«Ақпейілдің әні» деген әннің де екі түрі бар. Әннің әуені Алтай-Тарбағатай әуеніне келгенімен, сөзі, әндегі оқиға батыс өңірдегі Мұхиттың «Әмірхан» деген әніне ұқсас. Тіпті, бірдей келетін шумақтары да бар. Қайран қалдым. Батыс Қазақстанда айтылып жүрген «Әмірхан әні», Алтай-Тарбағатайда «Ақпейілдің әні» болып жүр. Біреуінде «Сұрасаң атым ‒ Ақпейіл, Сіңілім Қайша» деп «Әмірхан әніндегідей» келеді. Ал екіншісі «Сұрасаң атым ‒ Ақпейіл, Сіңілім Айнам» деп жүр. Бірақ ән бөлек, басқа. Алтай-Тарбағатай өңірінің әуені.»

Міне, жай ғана бір сұхбатының өзінен ғылымның иісі аңқып тұр ма? Сөзсіз. Міне, өнерді классикалық дәрежеде меңгерудің бір белгісі осы ма деймін. Сондықтан да ол әншілерді оқытудың өзіне жаңаша әдістеме, тың методология керек деп есептейді.

«‒ Мұндай оқудың негіздерін енді-енді ғана жасап жүрміз. Ән үйретудің әдістемесін қайта жасау керек сияқты. Ал әдістемені қайта жасау үшін классификациясын қайта қарау керек пе екен деп ойлаймын. Білмеймін… Бұл дүниелерді әркім өзінше жасайды. Қазір Батыс, Арқа, Жетісу, Сыр өңірінің әншілік мектептеріне бөліп оқытып жүрміз. Жалпы қазақ әндерін қалай оқыту керек? Әрбір мектепке бір-бір классификация жасау керек шығар»,– депті бірде Еркін Шүкіманов. Ғылымға құштар адам қай уақытта да қолда барды жетілдірудің, өсірудің, дамытудың жолын іздеп жүретіні белгілі. Басқаша болған емес.

Классикалық өнер дегеннен шығады, әлемдегі операның королі атанған, 12 Грэммидің иегері, Гиннестің рекордтар кітапшасына кірген  Пласидо Доминго Астанада дәстүрлі әншілердің концертіне 15 минутқа деп кіріп, біткен соң бірақ шығыпты деседі ғой. Сонда айтқаны: «Біздің өмір бойы іздеп жүргеніміз осы еді ғой!» бопты дейді. Аңыз емес деп ойлаймын. Өйткені, қазақ әніндей құдырет жер бетінде жоқ. Тіпті, әуезімен әлемді тәнті еткен Италияның өзі әнге біздей бай емес. Неше мың ән! Әр түрлі ырғақ! Түрлі екпін! Небір бояу! Терең иірімдер мен орамдар! Бірақ, осы жерде қиғаш мәселе бар. Бізде әлі күнге дейін классикалық өнер десе, тек Еуропа өнері деп түсінеді. Ал қазақтың әндері классика емес, дәстүрлі өнер. Сондай солақай саясат болған. Соның салқыны әлі бар. Міне, сондықтан да,  қазақ әншілерін Пласидо Доминго, Лучано Паваротти, Хосе Каррераспен салыстыра алмай келеміз. Олардың әншілері – сахна королі, біздікілер – дәстүрлі өнердің шебері. Жоқ, олай болмауға тиіс. Қазақтың ұлттық классикалық өнерінің хас шеберлері – сахнаның патшасы.

Бұрынғы Біржан Сал, Ақан Сері, Мұхит, Кенендер салған жолды жалғастырған кешегі Әміре, Жүсекең, Ғарекең, Манекеңдердің ізбасары, Жәнібек, Қайрат, Мәдениет, Тұрсынғазылардың жалғасы – Бекболат,Берік, Рамазан, Еркін, Сәуле, Ардақ, Айгүл,Ұлжан, Ерландар – классиктер. Өйткені, қазақтың классикалық ән өнерін өрге сүйреп келе жатқан солар. Басқа ешкім емес. Пласидо, Лучано, Хоселерге сүйсінеміз. Өз кассиктерімізді биікте көреміз. «Біржан Сал» киносындағы Біржан әндерін түгелдей Еркін Шүкімановтың орындауы – соған дәлел. Айтпақшы, олар Еркін Шүкімановтың алдыңғы жылғы Италия операларынан берген классикалық концертін көрмей қалды. Көргенде, классикалық өнер қазақ әнінен басталады деп ойлар еді. Күмәнім жоқ осыған.

                                                                             Серік ЖАНБОЛАТ,


                                                                                     журналист


 

Рекомендовать
Последние новости