Инклюзивті Парламент: Қазақстанда мүгедектігі бар жандардың құқығы қалай қорғалып жатыр

Азамат Қойшығара 18 июл. 2025 13:41

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде әділетті мемлекет пен инклюзивті қоғам құру қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалып, заңнамалық, институционалдық өзгерістер жүзеге асуда. Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен өмір сүру сапасын арттыру жолындағы жаңа бастамалар туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Ләззат Қалтаева айтып берді.

Инклюзивті Парламент – заңнамалық қолдаудың жаңа сатысы

2023 жылы Қазақстанда алғаш рет «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы мен Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңес құрылды. «Инклюзивті Парламент» – Мәжіліс пен Сенат өкілдерінен тұратын межпалаталық топ. Бұл топтың жұмысы – мүгедектігі бар азаматтарға қатысты қабылданып жатқан заңдардың олардың құқықтарын қаншалықты ескеретінін сараптау, бюджеттен бөлінетін қаражаттың тиімділігін бақылау, халықтан келіп түскен өтініштерді қарау. Мысалы, ұлттық жоспарға енгізілген инватакси қызметінің нақты өңірлерде іске аспауы мәселесі көтеріліп, құжат қайта қаралды.

Сенаттағы Инклюзия жөніндегі кеңестің міндеті ауқымдырақ: мұнда жүйелі мәселелер талқыланады. Кеңес құрамында он шақты сенатор, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері және сарапшылар бар. Алғашқы отырыстардың бірі балалар арасындағы мүгедектіктің артуы мәселесіне арналды. Өңірлердегі ахуал, неврологтар мен генетиктердің пікірі, ерте араласу қажеттігі талқыланды. Бұл мәселе бюджеттеуді, маман даярлауды және ведомствоаралық топтардың жұмысын қамтиды.

Кеңес сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуы, IT және баспа ресурстарына қолжетімділігі, Марракеш шартының ратификациясы, сурдлимпиадалық спорт түрлерін мемлекеттік қолдау мәселелерімен де айналысады.

Парламенттегі өкілдік және инклюзивті саяси мәдениет

Ләззат Қалтаева – Сенаттағы мүгедектігі бар алғашқы және әзірге жалғыз депутат. Оның пікірінше, мүгедектігі бар азаматтардың құқығын тек солардың арасынан шыққан депутаттар ғана емес, жалпы қоғам, парламент мүшелері қорғауы тиіс. Алайда посткеңестік кеңістікте қалыптасқан стереотиптер әлі де сақталып отыр: мүгедектігі бар жандар тек көмекке мұқтаж, олар үшін шешімді кәсіби мамандар қабылдауы керек деген түсінік басым.

«Шын мәнінде, мүгедектігі бар көптеген азаматтар өз өмірін өзі басқарып, отбасын асырап отыр. Сондықтан олардың дауысы парламентте естілуі керек», – дейді сенатор.

Оның пікірінше, инклюзияға арналған тұрақты квота – уақытша шешім. Бастысы – депутаттың белсенділігі мен сараптамалық білігі. Статистика бойынша, Қазақстан халқының 3,7%-ы – мүгедектігі бар азаматтар. Бұл санаттың Парламентте өз өкілдері болуы – демократиялық талап.

Факультативтік хаттама: халықаралық құқық қорғау тетігі

2023 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары туралы конвенциясына қосымша Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Бұл – мүгедектігі бар азаматтарға еліміздің ішкі жүйесінде әділдікке жете алмаған жағдайда БҰҰ-ның Женевадағы комитетіне жүгіну мүмкіндігін береді. Комитет тергеу жүргізіп, үкіметке ұсыным бере алады.

«Біз бұл құжатты Конвенциядан кейін сегіз жыл өткен соң қабылдадық. Бұл уақыт ішінде мемлекет қажетті жағдайларды жасап үлгерді. Енді азаматтардың халықаралық деңгейде де өз құқығын қорғауға мүмкіндігі бар», – дейді Ләззат Қалтаева.

Әлеуметтік кодекс және өмір сапасын арттыру

Жаңа қабылданған Әлеуметтік кодекс мүгедектігі бар азаматтар үшін бірқатар оң өзгеріс әкелді. Кодекс әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді түсінікті және құрылымды етуге бағытталған. Соның ішінде дискриминацияға тыйым салу, жәрдемақыларды көбейту, балаларға арналған шағын үйлер ашу сияқты жаңалықтар бар.

«Бұрын балалар көбіне үлкен мекемелерде тәрбиеленсе, енді олар үй жағдайына ұқсас ортада өмір сүре алады. Бұл – олардың дамуына да, әлеуметтік бейімделуіне де үлкен ықпал етеді», – дейді спикер.

Сонымен қатар, менталдық ауытқуы бар балаларға санаторлық емделу құқығы беріліп, оған бюджеттен қаражат бөлінді.

Инклюзивті білім беру – болашақтың кепілі

2025 жылға дейін елдегі мектептер мен балабақшалардың 100%-ы, колледждер мен ЖОО-лардың 70%-ы инклюзия талаптарына сай болуы тиіс. Алайда пандус пен кең есік – инклюзияның бір бөлігі ғана.

«Негізгі мәселе – оқыту процесін ұйымдастыру, бейімделген бағдарлама, педагог даярлау, қаржыландыру. Тіпті мектеп ішіндегі кеңістікті дұрыс жобалау да маңызды. Баланың ерекше қажеттіліктерін түсінетін кешенді жүйе қажет», – дейді Қалтаева.

Мысалы, дислексия диагнозы бар балаларға қосымша уақыт қажет. Бұл – жеңілдік емес, тең мүмкіндік.

Жұмыспен қамту саласындағы түйткілдер

Квоталар, жұмыс орындарының стандарттары, жалақыны субсидиялау бұрыннан бар. Бірақ бұл тетіктер толық іске аспай отыр. Жұмыс беруші тарапынан түсініспеушілік, қорқыныш пен стереотиптер бар. Сондықтан Сенатта Германия мен Жапониядағыдай компенсациялық төлемдер жүйесін енгізу ұсынылды. Бұл механизм жұмыс берушіні ынталандырады.

«Бұдан бөлек, менталдық ауытқуы бар жандарға еңбек етуге мүмкіндік беретін жаңа модельдер қажет. Бүгінде олар жұмысқа орналаса алмай отыр», – дейді Ләззат Қалтаева.

Әлеуметтік омбудсмен: тың қадам

2024 жылы Президент Жарлығымен әлеуметтік осал топтар бойынша Уәкіл институты құрылды. Бұл – азаматтар шағымдарының көбейіп, билік тарапынан нақты реакция берілгенінің көрінісі.

Омбудсмен институты енді «зонтик» форматында жұмыс істейді: кәсіпкерлер, балалар және әлеуметтік осал топтар құқығы жеке бағытымен қаралады.

Қазақстанда инклюзия саясаты біртіндеп даму үстінде. Бұрын қоғамнан оқшауланған мүгедектігі бар азаматтар енді мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне тартылып отыр. Парламентте олардың дауысы естіле бастады. Ал бұл – инклюзивті мемлекеттің басты көрсеткіші.

«Инклюзивті Қазақстан – бұл барлық азаматтың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысу мүмкіндігі бар мемлекет», – дейді сенатор Ләззат Қалтаева.

 


Рекомендовать
Последние новости