Индустриалды аймақ – отандық өндірістің бағын ашты

Dalanews 22 сент. 2022 08:24 1426

Индустраилды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында елімізде әр түкпірінде құрылған Индустриалды аймақтар өндірісті өркендетуге айрықша серпін беруде. Осы ретте Dalanews.kz ақпарат агенттігі тілшілері Шымкент қаласының іргесінде Индустриялды аймақтың жұмысы жайында аз-кем жасады.

Шымкен қаласындағы Индустриялық аймақ 2010 жылы бұрынғы Шымкент фосфор зауытының аумағын қалпына келтіру барысында құырлған болатын.  Осылайша Индустриалды аймақ Мемлекеттің индустриялды-инновациялық даму және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын жүзеге асыруға бөлінген мемлекеттің қаржыларын тиімді пайдалануға септесіп келеді. 2010 жылдан бері бұл жерде көптеген бизнес жобалар іске асып, өңірдің дамуына серпін берді.

Соңғы жылдары біздер жер-жерде құрылған Индустриалды аймақтардың ел экономикасының дамуына барынша ықпал еткеніне куә болдық. Осы ретте Индустриалды аймақтардың қандай тиімділігі бар деген сұрақ туындайды. Соған аз-кем жауап бере кетсек. Кеңес заманында қандайда бір ірі зауыттардың айналасында тұтас қала пайда болғанын білеміз.

Қазіргі жаңа технологиялардың негізінде құрылатын кәсіпорындарға анау айтқандай адам күшінің қажеті жоқ. Бұрындары бір зауыт тұратын аумақта қазір ондаған зауыт тұруы мүмкін. Сол себепті осындай технологиялық тұрғыдан жетілген зауыттарды бір жерде шоғырландырудың маңызы зор.

Осының басшылыққа алған Үкімет жаңадан құрылған Индустриалды орталықтарға су, жарық, газ тартып, жол салып қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп инвесторлардың жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен болатын.


Тіпті, алғашқыда мемлекет осы аймақта жұмыс істеуге аңсару ауған инвесторларға салықтық жеңілдіктер де ұсынып, Индустриалды аймақтардың тартымдылығын арттыра түскен-ді. Осындай көмек-қолдаудың арқасында қазір облыс орталықтарының іргесіндегі Индустриалды аймақтарда жаңа кәсіпорындар бой көтеріп, ел экономикасы өркендей түсуде.

Алдағы уақытта Батыстың санкциясынан абдырап, қайда барарын білмей отырған Ресейдегі біраз компанияларды осындай Индустриалды аймақтарға шақырып оларға жағдай жасап, олармен жұмыс жасаудың орайлы сәті туып тұрғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осы бағытта жұмыс істеуді тапсырғанын да білеміз. Батыстың Ресейге салынған санкциясы Қазақстанның өндірісін өркендетуге тамаша мүмкіндік болуда. Сондықтан инвесторларды елімізге шақырып, барынша жұмыс істеп қалуымыз керек.

Енді Шымкент қаласындағы Идустриалды аймаққа қайта оралсақ. Бүгінде Индустриалды аймақ инвестициялық жобаларды іске асыруға, отандық және шетелдік инвесторларды орта және шағын бизнесті дамытуға барынша ықпал еткенін білеміз. Өнеркәсіп саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, қазақстандық қамтуды арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке жасаған жұмыс сапарынада жоғары бағалаған болатын.

Индустриялды аймақтың жалпы аумағы 337 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда, индустриялық аймақта 31 инвестициялык жоба іске асырылуда. Олардың жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайды. Индустриалды аймақта ондағын мың жұмыс орыны құрылып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң ықпал етуде. Дәл қазір аймақта темір-бетон өнімдерін шығаратын кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Зауыт жылына 200 мың текше метр темір-бетон өнімдерін шығарып, өз өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне тасымалдап отыр. Кәсіпорында 200-ден астам жұмыс істейді.

Мінсіз геометриялық параметрлі, мықты және үлкен өнімділік беретін, еуропалық өндірушілердің ең жаңа жабдықтарын пайдаланып отырған кәсіпорынның жұмысшылары өзгелерге үлгі болатындай жұмыс ырғағын қалыптастырған. Мұнда артық қозғалысты байқамайсыз. Цехтарда артық жатқан заттар да жоқ. Жұмысқа не қажет солар ғана бар.

Одан соң осы индустриялық аймақтағы «Ferrum-Vtor» (Феррум-Втор) ЖШС-інің өндіріс учаскелерін көрдік. Мұнда да жұмыс қызып тұр екен. Силикат үйіндісін және сұйық шыны шығаратын цех инвестициялық жобасын табысты жұмыс істеуде. Бұл жоба бойынша жылына 3 мың силикат үйіндісі және 6 мың тонна сұйық шыны шығарылады. Өнімдер металлургия, химия өнеркәсібі мен құрылыс, энергетика салаларында кеңнен қолданылады. Дайын өнімдер еліміз бен Ресей, Түрікменстан нарықтарына шығарылуда.

– Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайта түспекшіміз. Келешекте сұйық шыны ғана емес, әртүрлі қатты шынылар да шығарамыз, – дейді кәсіпорынның менеджерлерi.

Біз алғаш аралаған екі кәсіпорын да, Темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт та, Силикат үйіндісі мен сұйық шыны шыға ратын кәсіпорын да Қазақстанның индустрияландыру картасына енген нысандар.

Тағы бір айта кететін мәселе Индустриалды аймақта «Кадрларды даярлау орталығы» жұмыс істейді. Орталық индустриялық аймақтағы өндіріс орындарында жұмыс істейтін кәсіби мамандар даярлауға өз үлесін қосуда. Қазір орталықта жүздеген маман білім алуда. Кәсіптік оқу орнының компьютерлік сыныптары керемет екен. Кең жолаты интернетке қосылған компьютер сыныптарында бір ауық жұмыс істеп те көрдік. Жылдамдығы жоғары. Әп-сәтте ғаламторға кіріп, біраз жерді шарлап, өзіңе қажетті дүниені тез табады екенсің. «Біздің оқушыларымыз интернетті күнде пайдаланады. Әбден машықтанып алған» дейді оқу орнының өндірістік шеберлері. Кәсіптік оқу орнының басқа да базасымен таныстық. Мамандықты меңгеруге барлық жағдайлар жасалғаны көрініп тұр.


– Біздің мамандарымызға сұраныс көп. Осы индустриялық аймақта іске қосылған кәсіпкерлік нысандардың басшылары мен менеджерлері жиі келіп, ойларын айтап тұрады. «Бізге пәлендей мамандық бойынша жұмысшылар керек» деп алдын ала тапсырыс беріп тұрады, – дейді кәсіптік оқу орнының басшылары.

Осылайша Шымкент қаласындағы Индустриалды аймақта өндіріс пен маман дайындау ісі үйлесімді жүйесін тапқанына көзіміз жетіп қайтты. Барлық мәселені бір жерде шешілуі өндірістің өркендеуіне септігін тигізетіні анық. Осы ретте Шымкенттегі Индустриалды аймақтың ырғақты жұмысын өзге өңірлерге үлгі тұтуға болатынын байқадық.

Нұрлан ӘУБӘКІР

Рекомендовать
Последние новости