"Мыс емес, мыстан жасалған кабель сатайық". Жәкішев кризистен шығудың жолын айтты

Dalanews 05 мая 2022 10:39 1286

Бүгін еліміздің сыртқы проблемалары туралы сөйлесейік. Қазір аумалы-төкпелі уақыт, не боларын білмейміз. Ресейдің Украинаға шабуылы кесірінен салынған санкциялар күшейіп барады, қашан тоқтайтыны белгісіз. Бұл бізге де әсер етпей қоймайды.

Біз ЕЭО-та бармыз, Ресеймен шекаралас елміз, оның үстіне Ресей біздің ең үлкен сауда серіктесіміз.

Санкциялар қаншалық ұзаққа созылады?

Менің байқауымша, бұл ұзаққа кетеді. "Қыс ұзаққа созылады".

Неге? Өйткені санкцияның негізгі себебі Ресейдің Украинаға шабуыл жасауы ғана емес.

Негізі Ресей соғыс ашатындай шынайы себеп болған жоқ. Сол үшін де аналитиктердің бәрі бұл соғыс басталмайды деп ойлады. Бірақ басталды. НАТО Ресейге жақындап келе жатыр деді. Олай емес. Балтық елдерінің шекарасы мен Мәскеудің арасын қараңыз, одан кейін Украина шекарасы мен Мәскеудің арасын қараңыз, қайсы жақын екен.

Одан ұлтшылдар көп деді. Олай да емес.

Украинадағы ұлтшылдардың саны Ресейдегі ұлтшылдардан аз.

Францияда ұлтшылдар партиясы парламентінің қырық пайызын алып отыр. Оларға да соғыс аша ма енді?!

Негізгі себеп - президент рейтингінің төмендеуі.

Ресей президентінің рейтингі төмендеген сайын соғыс ашатынын батыс елдері түсініп алған соң, шабуыл жасамайтындай етіп Ресейдің экономикасын әлсірету керек деген шешімге келді.


Осы жолғы санкциялар ұзаққа созылады және жойқын болады. Рекашет жасап бізге де тиеді. Және Украинадағы соғыс тоқтаса да санкция тоқтамайды. Ресей соғыс ашпайтынына көзі жеткенде ғана батыс санкцияны тоқтатады.

...

Қазақстанның сыртқа шығаратын негізгі өнімі - шикізат. Біз осы уақытқа дейін оны негізінен Ресей арқылы шығарып келдік. Ресейдің темір жолдары, Ресейдің порттары, Ресей арқылы өтетін құбырлар - енді осының бәрі сенімді болмай қалайын деп тұр.

Мен бұрын да айтқан бір сөзім бар. Бір ел өзінің валютасын ойлап шығарса, ол ә дегенде жай ғана қағаз болады. Елдің ішінде сауда жасауға жарайды, сыртқа шықса, түкке татымай қалады.

Егер сол елдің басқа елдерге ұсынатын құнды заты болса, сол кезде ғана төл валютасы құнды бола бастайды. Біз экспортқа бірнәрсе шығарсақ, кейін сол ақшаға сырттан бірнәрсе ала аламыз деген сөз.


Akel.kz интернет дүкенінен өзіңіз қалаған өнімге тапсырыс беріңіз.



Енді... Енді Ресей арқылы біз тауарды сыртқа шығара алмай қалатын болсақ, біздің экспорт тоқтайды деген сөз. Балама жол іздеуіміз керек.

Бізде үш жол бар: Каспий арқылы Әзірбайжанға өткізіп, одан әрі жіберу; Қытай; Түркіменстан-Иран темір жолы. Бірақ осы үш жолдың үшеуі де бұрынғы Ресей арқылы өткен жүк ағысын көтере алмауы мүмкін. Бұрын жеткізіп отырған өнімімізді клиенттерімізге жеткізе алмай қалуымыз мүмкін деген сөз. Тиісінше, пайдадан қағыламыз.

...

Енді не істейміз? Балама жолдарды дамытуымыз керек. Жаңағы айтылған жолдардың бәрін күшейтуіміз керек. Бұның бәріне көп уақыт кетеді. Бұның бәрін кеше істеуіміз керек еді. Бірақ кеше істеген жоқпыз. Бүгін болуы мүмкін қауіпті кеше болжай алмадық.

Енді, міне, осы күнге келдік.

Біз мұхиттан алыс жатқан елміз. Сондықтан біз шығарған тауар тұтынушыға жеткенше біраз қымбаттап кетеді. Жол шығыны қосылады. Бұл мәселе бұрыннан бар.

Егер тауарыңыз 10 доллар, жеткізуі 2 доллар болса, сіздің жеткізу құныңыз 20 пайыз деген сөз.

Ал тауарыңыз 100 доллар, жеткізуіңіз 2 доллар болса, онда 2 пайыз деген сөз. Енді балама жолдар арқылы жеткізе бастасақ, жеткізу құны қымбаттайды. Егер 10 доллардың тауарын 5 долларға жеткізсеңіз, жарты құны жеткізуге кетеді, онда түк пайда қалмауы да мүмкін.

...

Енді не істеу керек? Енді біз тауардың құнын арттыруды ойлауымыз керек. Қай сала әлсіз болып тұр, солардан құтылуымыз керек.

Мәселен, мыс емес, мыстан жасалған кабель сатайық. Ол қымбаттау болады. Мыс құймасын арзанға сатқанда да, дайын кабельді сатқанда да жеткізуге сондай ақша кетсе, демек қымбаттауын сату керек қой?

Шикізатты сол күйінде емес, оны өңдеп, қымбаттау бағаға сатуымыз керек. Бұны арнайы бағдарлама аясында істеуіміз керек. Әйтпесе жеткізуге бүкіл ақшамызды жұмсап, отыра береміз


Қазба байлықты жерден алып шығып, сата беруге көп ақыл керек жоқ. Ол байлық және қалпына келмейді. Біз бір тонна мұнай немесе бір тонна мыс шығарсақ, сол мөлшерде кедейлендік деген сөз.

Шынында біз оны балаларымыз бен немерелерімізден алып жатырмыз. Егер біз соның бәрін сатып жүріп пайда таппасақ, онда болашақ ұрпақ бізге қарап сол кезде өзі бастарың істеді ме деп сұрауы мүмкін.

Сондықтан, шикізатты экспорттау арқылы пайда табатын жолды таппайынша, бүкіл экспортты жауып тастау керек.

***

Бұдан әрі тағы да күшті ойлар айтады. Қой, жүн, биткойн, тағы басқа дүниелер туралы...

 

Әзірлеген, Арман ӘЛМЕНБЕТ


Мақала автордың рұқсатымен басылды


 

https://www.youtube.com/watch?v=2JD0tMey7WE

 

Рекомендовать
Последние новости