Индонезия мен Түркістан туризмді бірлесіп дамытады

Dalanews 21 сент. 2018 07:16 998

Түркістан облысы мен Индонезия мемлекеті туризм және сауда-саттық салалары бойынша тығыз байланыс орнатады.

Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рахмат Промономен жүздескен Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осындай уағдаластыққа қол жеткізді. Түркістан қаласына арнайы келген елшіні қабылдаған өңір басшысы Индонезияның әлеуеті жоғары мемлекет екеніне тоқталды.

– Индонезия туризм саласында табысқа жетіп жүрген мемлекет екенін білеміз. Біздің өңір үшін осы елдің туризмді дамыту бағытындағы тәжірибелерін меңгеру маңызды. Себебі, Индонезияда Қазақстанды, оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көргісі келетін саяхатшылар көп. Әуежай салынған соң облысымызға туристер ағылатыны анық. Қазір индонезиялықтар Өзбекстанның Самарқан, Бұхара қалаларына жиі саяхаттайды. Оларды облысымызға шақыруға мүмкіндік мол. Өйткені, Түркістан облысында тау да, өзен де, көл де, құм да, курортты аймақтар да, тарихи-мәдени ескерткіштер де көп.

Түркістан-Самархан-Индонезия туристік бағытын қалыптастырып, әуе рейстерін аша білсек, туризмді дамытуға тиімді болмақ. Тек туризм саласы емес, сауда-саттық пен экономикалық әріптестікті де нығайтамыз. Өңіріміз Индонезияға бақша өнімдерін, ет пен көкөніс экспорттауға қабілетті. Ол елден де бізге тиімді жобалар ұсынылатынына сенімдімін. Түркістан облыс орталығы атанғалы бері осында атбасын бұрған тұңғыш елші болғаныңыз үшін сізге алғыс айтамын. Еліміз үшін қастерлі қала деп әспеттелетін Түркістанды дамытуға үлес қосамыз, инвестиция салып, бірге жұмыс атқарамыз десеңіздер әріптестікті тереңдетуге әзірміз. Сізді 28 қыркүйекте Түркістан қаласында өтетін халықаралық инвестициялық және туристік форумға шақырамын, – деген өңір басшысы әріптестік пен достық-экономикалық байланысты нығайта түсу үшін жиі кездесіп, тағы да келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты.

Өз кезегінде Рахмат Промоно жылы қарсы алған өңір басшысына ризашылығын білдіріп, Түркістан қаласынан ерекше әсер алғанын жеткізді.

– Өзбекстандағы Самарқан, Бұхара қалаларын аралап көрдім. Бірақ, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі айрықша әсер етті. Сәулетті ескерткіш екен. Менің бұл елдегі миссияларым – саяси және экономикалық байланысты күшейту. Саяси тұрғыда Индонезия мен Қазақстан сенімді әріптестер екенін білесіздер. Түрлі мәселелерде, халықаралық форумдарда қос ел бір-бірін қолдап дауыс беріп жүреді. Енді біз экономикалық және сауда-саттық бағытындағы жұмыстарды тереңдете түсуге ниеттіміз. Сіздерді келесі жылы Индонезияда өтетін туристік көрмеге шақырамыз. Түркістанның туризм саласын дамытуға біздің ел де үлес қосады деген сенімдемін, – деген ол екі ел арасындағы виза мәселесін жеңілдете түсу керектігіне тоқталды.

Кездесу соңында облыс әкімі мен мәртебелі мейман бір-бірімен естелік сыйлықтар алмасты. Индонезиядан келген елшілерге Түркістанның Бас жоспарына ұсынылған жобалар көрсетілді.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости