Яценюк: «Ресей зұлымдықтың ордасына айналды»

Dalanews 22 апр. 2022 06:35 916

2014 жылы Украинадағы майданнан кейін Прмеьр-Министрі болған Арсен Яценюк «Азаттық радиосына» сұхбат беріп, екі ел арасындағы соғысқа қатысты өз ойын ортаға салды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Путинді немесе оның Украинадағы «арнаулы әскери операциясын» (Ресей билігі Украинаға басқыншылығын «соғыс» деп атауға тыйым салған – ред.) қолдайтындардың ресми санына күмән келтірген Яценюк Путин мен оның жақтастарын «бөліп-жармайтынын» айтып, олардың бәрін қылмыскер екенін айтты.

– Орыс халқының жалпы ойына күмән келтірмеймін. Ал ол елдегі жалпы көңіл-күй Украинаға, Батысқа, еркіндікке қарсы. Бұл зұлымдық ордасына айналды. Мұны Путин жалғыз өзі жасап жатқан жоқ, себебі Ирпень мен Бучада бейбіт тұрғындарды өлтірген Путиннің өзі емес. Мариупольде Путин емес, соның әскері соғысып жүр. Бірақ олар – ресейліктер, – деді Яценюк.


18 сәуірде БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік соғыс басталғалы бері Украинадан 5 миллионнан астам адамның үй-жайын тастап босып кетуге мәжбүр болғанын хабарлаған-ды. БҰҰ көші-қон қызметінің дерегінше, Украинадан басқа елдердің 215 мың азаматы кеткен, көбі студенттер мен еңбек мигранттары.

Соғыс жалғасып жатқандықтан екі жақтан да нақты қанша адам қаза болғанын тап басып айту қиын. Украина үш мыңнан астам сарбазынан айрылғанын мәлімдеді. Ресей 2 мыңнан аз жауынгері қаза тапқанын хабарлады, бірақ шын мәнінде қазаға ұшырағандар бұдан әлдеқайда көп екенін дәлелдейтін дерек жетіп артылады.

18 сәуірде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы Украинада соғыс кесірінен 2072 адам өліп, 2818 бейбіт тұрғын жараланғаны тіркелгенін айтты. Соғыс болып жатқан аймаққа баруға мүмкіндік болмағандықтан, бұл да нақты дерек емес.

Рекомендовать
Последние новости