Қанат Бозымбаев: «Ана мен бала өліміне коронавирусты сылтау етпеңіздер!»

Dalanews 22 апр. 2022 07:05 1064

«Алматы облысының Талғар ауданында өлім-жітім саны артқан. Жүрек-қан тамырлары, онкологиялық аурулар мен туберкулезден қайтыс болу фактілері көбейген. Ана өліміне де жол берілген. Сондықтан ауданның денсаулық сақтау саласына арнайы комиссия құрып, талдау жасау керек». Аудандық, қалалық ауруханалардың бас дәрігерлерінің қатысуымен өткен Алматы облыс әкімдігінің мәжілісінде Қанат Бозымбаев осылай деді.

Сол сияқты Панфилов, Еңбекшіқазақ, Қаратал аудандары мен Қапшағай қаласының денсаулық сақтау жүйесі де қатаң сынға алынды.

Әкімдік жиынында 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру туралы мәселе қаралды. Осы тақырыпты талдаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков өңірдегі медициналық нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары, оларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, әлеуметтік маңыздағы сырқаттарды ерте кезден анықтау шаралары, маман тапшылығын болдырмау және басқа да мәселелерге кеңінен тоқталды.

Мәселен, жалпы облыста 834 ұйым медициналық қызмет көрсетеді, соның 753-і – ауылдық жерде. Оларды заманауи жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен қамту үшін биыл 4,4 млрд теңге бөлінген. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 79%-тен 91%-ке артып отыр.

Бүгінгі күні облыстағы медициналық ұйымдарда 6 магниттік-резонанстық тамограф, 17 компьютерлік томограф, 4 ангиограф, 53 рентген аппараты, 606 ИВЛ аппараты бар. Оттегі стансасымен 17 аурухана қамтылған.


Өңірде 4 580 дәрігер жұмыс істейді. Әлі де 292 маман қажет. Соның ішінде Талдықорған қаласына – 94, Еңбекшіқазақ ауданына – 33, Кербұлақ ауданына 20 дәрігер керек. Бұл ретте аталған аудандардың басшылары кадр тарту үшін қарастырып жатқан шаралары – мамандарға тұрғын үй беру, көтермеақы төлеу жайын баяндады.

Сол сияқты мәжілісте ана мен бала өліміне ерекше мән берілді. Өмірзақ Ниязбековтің айтуынша, облыста өткен жылы 24 жағдай тіркелген. Осыған жол берген бір бас дәрігер мен бас дәрігердің орынбасары жұмыстан босатылды, медициналық ұйымдардың 10 басшысына, 57 маманына қатаң сөгіс берілді. Акушерлік іс  бойынша Республикалық ауыр акушерия орталығының және Ковид-орталығының мамандарынан консультация алу жолға қойылған. Мәселен, 2021 жылы 116 рет осындай консультация алынды. Дегенмен қабылданып отырған шараларға қарамастан Талғар, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Қаратал аудандары мен Қапшағай қаласында ана мен бала өлімі орын алған.



Облыс әкімі аталған аймақтардың бас дәрігерлерін кезегімен тұрғызып, жауап берулерін талап етті. Олардың көпшілігі әйелдердің дер кезінде тіркеуге тұрмайтынын, анемия және басқа да сырқаттарынан уақытылы емделмейтінін, жүкті әйелдердің коронавирус жұқтыру фактілері әсер еткенін алға тартты.

Сол сияқты мұндай жағдайды болдырмауға ықпал ететін шара ретінде соңғы кезде сатып алынған заманауи құралдары жайлы да айтты. Жауаптарға қанағаттанбаған Қанат Бозымбаев:

– Адам өлімі, ана мен бала өлімі болмауы тиіс, олар өмір сүруі керек! Бәріңіз коронавирусты сылтау етіп отырсыздар. Індет сіздерге ғана келген жоқ, бүкіл елде болды. Басқа аудандар да ковид жағдайында жұмыс істеді. Олардың кадрлары сіздердің дәрігерлерге қарағанда тәжірибелі шығар, мүмкін. Сонау шалғай аудандар – Кеген, Райымбекте, мәселен, ана мен бала өлімі болған жоқ. Сіздер мегаполистің жанында отырып, сондай фактілерге жол беріп отырсыздар.


Мысалы, Талғар ауданының ауруханасы жекеге өткелі ғимаратты жөндеу, жабдықтау жағынан ілгерілеу болғанымен, қызмет көрсету сапасы төмендеді. Бізге ең алдымен инвестиция емес, адамның өмірі керек!

Бәріңізге қатаң ескертемін, жұмыс істеңіздер! Жергілікті округ әкімдері жүкті әйелдерді тіркеуге уақытылы алуда дәрігерлерге көмектессін. Біз денсаулық сақтау саласына кадр тарту, қаржылай қолдау, материалдық базаны нығайту жағынан қолдау көрсетеміз және соған сәйкес сіздерден оң нәтиже талап ететін боламыз! – деді Қанат Бозымбаев.

 

Рекомендовать
Последние новости