"Верный капитал" мен Болат Өтемұратов қоры Есік оқушыларына заманауи мектеп сыйға тартты: алғашқы салтанатты жиын өтті

Көркем Алдабергенова 02 сент. 2024 14:14 2314

Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектеп оқушыларын құшақ жая қарсы алды, білім ошағында интерактив сыныптар мен қолайлы жағдай жасалған.

Алматы облысындағы Есік қаласында қазақ тілді жаңа мектеп ашылды. Жаңа мектептің мақсаты – оқушыларға қолайлы жағдайда білім алуды қамтамасыз ету. Бұған дейін жергілікті мектептерде оқушы лықа толы болып, балалар мектепке автобус арқылы алыстан қатынауға мәжбүр болды.

Ашылу салтанатына ForteBank, Болат Өтемұратов қоры мен "Верный Капитал" компаниялар тобының өкілдері, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Сонымен қатар, алғашқы салтанатты жиынға 139 бірінші сынып оқушысы мен 30 болашақ түлек қатысты.

«Бүгін Алматы облысында 3 жаңа мектеп, оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынған мектептер ашылды. Өңірімізде екі жаңа мектеп жеке қайырымдылық жасаушылардың көмегімен салынғанын ерекше атап өткім келеді. Мектеп тапшы болған Еңбекшіқазақ ауданында білім ошағын салып берген «Верный капитал» және Болат Өтемұратов қорына алғыс айтамын», - дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.  

Білім берудегі жаңа стандарт

Есіктегі жаңа мектеп – жай ғана білім ордасы емес. Сонымен қатар, заманауи үлгідегі техникамен жабдықталған толыққанды білім беру кешені. 900 оқушыға арналған мектеп үш жеке блокқа бөлінген: нөлінші сынып, бастауыш, орта және жоғары сыныптар. Оқушыларды осылай бөлу арқылы әртүрлі жастағы балаларға – кішкентай баладан жасөспірімдерге дейін қолайлы жағдай жасалады.

Сыныптар интерактив және маркер тақтамен жабдықталған, бұл оқу процесін пайдалы етіп қана қоймай, қызық әрі тиімді өтуіне септігін тигізеді. Информатика, химия, физика, робототехника және технология сабақтарына арналған сыныптар арнайы құралдармен жабдықталған. Робототехника сыныбына ерекше мән берілді, себебі қазақстандық оқушылар кейінгі жылдары осы салада халықаралық олимпиадада үлкен жетістіктерге жетті. Робототехника үшінші сыныптан бастап енгізілген, ал информатика бірінші сыныптан бастап оқытылады, себебі ол баланың техникалық дағдысын дамытады.

Мектептің ерекшелігі – архитектурасы мен заманауи технологиялардың қолданылуында: энергияны үнемдейтін материалдар, желдету, жылыту жүйесі және Face ID көмегімен кіруді басқару жүйесі қосылған. Әрбір оқушының жеке шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кілтпен жабылатын жеке шкафы бар.

Оқушылар физикалық тұрғыда дамуы үшін мектепте спортқа арналған мүмкіндіктер өте көп: спорт және хореография залы, үстел теннисіне арналған 6 үстел, үлкен стадион мен спортқа қажет барлық құрал – гимнастикаға арналған төсеніштен бастап шаңғыға дейін сақталған қойма да бар. Спорт залдарында киім ауыстыруға арналған кең бөлмелер, қыздар мен ұлдарға арналған жуыну бөлмелері бар.

Меценаттардың қатысы

Есіктегі жаңа мектеп жеке кәсіп пен меценаттардың белсенді қолдауымен салынды. Жобаны Болат Өтемұратов Қорының көмегімен "Верный Капитал" компаниялар тобына кіретін "ForteBank" АҚ толық қаржыландырды. Құрылысқа жалпы 8,1 миллиард теңге жұмсалды. Құрылыс аяқталғаннан кейін мектеп өтеусіз негізде Алматы облысының балансына толығымен өтті.

«1 қыркүйекте жаңа мектептердің ашылуы біз үшін жақсы дәстүрге айналды. Былтыр Қосшыдағы мектепті аштық, ал бүгінгі күні Есік пен Шелектегі мектептің ашылуындамыз. Бұл жоба аймақтағы білім беру саласының дамуына үлес қосатынына және үш ауысымды мектеп мәселесін шешетініне сенеміз. Білім ордасынан Қазақстанның дамуына үлес қосатын болашақ көшбасшылар шығады деп үміттенеміз», - дейді «Верный капитал» компаниялар тобының директоры Айдан Ақанов.  

Жеке сектордың қолдауы бұл жобаны іске асыруда өте маңызды болған.

«Білім алудың қолжетімді болуы – әлеуметтік маңызы бар мәселе, оны халық санының өсуі аясында шешу қажет. Есік қаласының балалары биылғы оқу жылын қолайлы білім алу үшін барлық қажет құралмен жабдықталған жаңа мектепте бастайтынына қуаныштымыз. Бұл мектепті салу арқылы және біздің өскелең ұрпақтың интеллектуалды дамуына  мүмкіндік жасау арқылы балаларымыздың, Қазақстанның болашағының дамуына үлес қосамыз деп сенеміз», - дейді «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Бекжан Пірматов.

Әр отбасы үшін бақыт

Есікте жаңа мектептің ашылуы арқылы көптеген мәселе шешілді. Ең алдымен ол үш ауысымды мектеп мәселесін шешті. Мұндай оқу процесі тек оқушыларға қиындық тудырып қана қоймай, балаларының қауіпсіздігі мен білім сапасын алаңдаған ата-аналар үшін де оңайға соқпады. Себебі балалар кеш уақытта бірнеше шақырым жерден қайтуға мәжбүр болған.

Мектеп директоры Жанат Нұрамбетовтің сөзінше, жаңа мектептің ашылуы жағдайды айтарлықтай жақсартуға септігін тигізген: «Енді оқушылар алыс жерден келмей-ақ екі ауысымда оқи алады. Бұл, әсіресе, көпбалалы отбасыларға тиімді, себебі енді ата-аналар балаларының мектепке барып-келуін алаңдамайды».

Жаңа мектеп салынғанға дейін Есіктің көптеген оқушысы мен шет ауылдағы балалар басқа мектептерге баруға мәжбүр болған. Оның салдарынан жол ұзаққа созылып, балалар түрлі ауа райында автобус күтуге мәжбүр болып, сабаққа да кешігіп қалатын. Жаңа мектеп салу арқылы бұл мәселе шешіліп, балалар үйінің қасында, жайлы мектепте білім алуға мүмкіндік алды.

Үшінші сынып оқушысы Сұлтанның анасы Әлия Ғаниева олардың отбасы жаңа мектеп ашылғанға дейін қандай қиындыққа тап болғанын айтты: «Бұрын ұлымыз мектепке кейде кешігіп, кейде тіпті келмей қоятын автобуспен баруға мәжбүр болды. Қыста жағдай тіпті қиын болатын, Сұлтан үйге тұмауратып келетін. Кейде сабақтан қалуға мәжбүр болып, салдарынан оқу үлгерімі де нашарлай бастады. Жаңа мектепті 20 жыл күттік және үмітіміз ақталды!».

«Жаңа мектеп – тамаша! Қолайлы болғаны соншалық үйіңе қайтқың келмейді. Бұған дейін армандаған нәрсеміздің бәрі бар: спорт залдары, үйірмелер, заманауи кабинеттер. Ескі мектепте үш ауысымда оқуға мәжбүр болдық, ол өте ыңғайсыз еді және спорт не шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік болмады», - дейді 10-сынып оқушысы Жанна.

Жаңа мектепте оқушылар біркелкі бөлінген, ал бұл аймақтағы қолданыстағы білім беру мекемелеріне жүктемені азайтады. Соның арқасында балалар жайлы әрі ыңғайлы жағдайда білім алып, олардың оқу үлгерімі мен жалпы дамуы жоғарылайды.

Көпбалалы ана Жадыра Щербаева төрт бала тәрбиелеп отыр, ол мектептің ашылуына ерекше алғысын білдірді: «Біздің саяжайлар мен ауылдық округтерде көпбалалы, 4-5 оқушысы бар отбасылар көп. Бұған дейін балаларымыз үш ауысымда тар, тіпті парта жетпейтін сыныптарда оқыды.  Үлкен балаларым бұл мектепте оқып үлгермеді, қазір олар студент. Бірақ кішкентай балаларым енді жақсы мектепте оқиды және бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш.

Мектепке алғаш кіргенімде таңғалдым. Бәрі заманауи әрі ыңғайлы жасалғандықтан фильмдердегі еуропалық мектепте жүрмін деп ойлап қаласың. Кең коридор, ашық сыныптар, бәрі қажет құралмен жабдықталған. Спорт және би залдары таңғалдырды, әртүрлі үйірмеге тегін қатысу мүмкіндігі де бар.

Ұлым 8-сыныпта оқиды, спортқа қызығады және бұрын жаттығуға қаланың орталығына баруға мәжбүр еді, үйге кешкі 10-дар шамасында бірақ келетін. Енді мектепке бес минутта жетіп алады және мен ешнәрсеге алаңдамасам да болады!».

Ата-аналар мен балалар осындай жағдай жасалған мектепте балалар жетістікке жетіп, Қазақстанды халықаралық деңгейде дамытады деп сенеді.


Рекомендовать
Последние новости