Ұстаздар күрделі тақырыптарды оқушыларға қайта түсіндіретін болды

Dalanews 03 мар. 2021 11:50 936

Қашықтан оқытудың салдарынан мұғалімдердің мойнына тағы да қосымша жүк артылады. Педагогтер енді онлайн оқытудың зардабымен күреседі.

Білім министрлігі екі жылдың ішінде олқылықтарды түзетуге арнайы бағдарлама да әзірлеп үлгерді, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Шолпан Карина, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Біз оқу сапасын қадағаладық. Бірінші кезекте электронды журналдар тексерілді. Бұл құжат бүгінгі күні оқушылардың формативті және жиынтық бағалауын қадағалауға мүмкіндік береді. Оқу процесі мониторингі кезінде мұғалімдер мен оқушылар арасында сауалнама жүргіздік. Бүгінде нәтижесі қолымызда. Көптеген басқа елдер сияқты, біздің елде де математика, тілдерді оқыту қиынға соққан, олқылықтар бар.

Бүгінде педагогтер оқу жоспарларын түзетуде. Олар оқушыларға өткен күрделі тақырыптарды қайта түсіндіруге міндетті. Ал оқу үлгерімінің қаншалықты нашарлап кеткеніне шенеуніктер мардымды жауап бермеді. Дегенмен білім сапасының төмендегенін педагогтер біліп отыр. Қазір мектептердегі кезекші сыныптар жабылып, балалар арталарына қайта толық отырды.

Санитарлық талапты сақтауға оқу ордалары бір сыныпты екіге бөліп оқытуға мәжбүр. Мектептерде екі емес, төрт ауысым бар. Партада оқушылар бір-бірден және бетперде тағып отыруға тиіс. 1-5 сынып оқушыларының арасында үйден білім алатындар да табылған. Мұғалімдер оларды да оқытып үлгеріп жатыр екен.

Роза Болатаева, №50 Қазғарыш мектеп-лицейінің директоры:

- Жылға жуық отырып қалды. Пандемия білім сапасына әсер етті. Оны мойындауымыз керек. Сол үшін де штаттық режимге тездетіп көшіріліп жатырмыз. Енді білім сәл төмендеп қалды-ау деген оқушыларға қосымша тегін сабақ ұйымдастырып жатырмыз.

Рекомендовать
Последние новости