Исламда жұлдызнамаға сенуге болмайды

Dalanews 03 мар. 2021 11:12 3815

Күнделікті өмірімізде сан түрлі гороскоптарға мыңдаған адам сеніп, тағдырларын айтылған жорамалмен байланыстырып, соған сәйкес қадам жасап немесе күйзеліске ұшырап жататындары жасырын емес.  Олар жұлдыз жорамаларды дәйекті, болашақты тура жоспарлап беретін бір күш ретінде қабылдайды. Негізінде гороскоп – планеталар мен жұлдыздардың белгілі бір уақытқа өзара байланыста орналасқан кестесі.

Исламда жұлдыздармен тағдырды болжау – сиқыршылыққа жатады. Бұл туралы Пайғамбарымыз: «Кімде-кім қандай да бір ақпаратты жұлдызбен болжап алатын болса, ол сиқыршылықтың бір түрімен айналысып жатыр, неғұрлым көп айналысса, соғұрлым көп күнә алады»[1] – деген. Сиқыршылық – құрдымға ұшырататын жеті күнәнің бірі [2] екен.

Сонымен қатар жұлдыз жорамалға сенсек, қаншама дұрыс шешімдерден бас тартамыз. Яғни, таңертең айтылған гороскопты тыңдап, соған сәйкес шешімдерімізді бұрмалап, сиқырдың қашан орындалатынын тапжылмай күтеміз. Бұл, әрине, үлкен қателік. Негізі жұлдыздардың жаратылысы мен қызметі жайында Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Ол (Алла) – жұлдыздарды сендердің игіліктеріңе, құрлық пен теңіздің қараңғылығында жол тауып адаспай жүрулерің үшін жаратқан. Біз расында да, білімділер мен білгісі келетіндер үшін (ақиқаттың) дәлелдерін осылайша егжей-тегжейлі келтірдік, һәм аяттарымызды да дәл солай тарқатып баяндаймыз» [3].

«Расында, Біз жерге ең жақын аспанды шамшырақтармен (жұлдыздармен) безендірдік әрі олардың бір парасын шайтандарға атылатын оқ қылдық. Һәм сол шайтандар үшін алаулаған от дайындадық»[4] – деп атап көрсеткен.

Астрономия ғарыштық денелердің құрылысы, дамуы, олар құрайтын ғарыштық жүйелер және тұтас ғаламды зерттейтін ғылым түрі. Шариғатымызда астрономияға тыйым салынбайды. Алайда жердегі оқиғалардың жүруіне жұлдыздар әсер етеді, болашақты болжай алады деп білетін астрологияға тыйым салынады.

Қандай да бір заңдылыққа негізделген болжамдарға асыл дініміз рұқсат етеді. Мысалы, мұсылман әлемінде жұлдыздардың орналасуына негізделіп түрлі әрекеттерді орындауға қолайлы немесе қолайсыз уақыттарды анықтаған, оның ішінде өсімдіктерді отырғызу және осы істепеттес болжамдар. Бұл сәуегейлік емес, керісінше қандай да бір істі істеуге дұрыс сәтті таңдау.

Сондықтан мұсылман баласы астрологиялық болжамдарға, яғни гороскопқа сенуге, оның негізінде өмір сүруге болмайтындығын біліп жүруі керек. Бұл болмысымызды қиындатып, өмірімізге теріс әсер ететіні жасырын емес. Тек таза ниетпен жақсы істерге бастамашы бола білсек, оның нәтижесі де көңілімізден шығатыны хақ.

Сілтеме:

[1] Ибн Аббас.

[2] Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамды опатқа (құрдымға) жетелейтін мына жеті нәрседен сақтаныңдар: 1) Аллаһқа ширк қосу, 2) Сиқыр жасау, дуалау, 3) Адам өлтіру, 4) Пайыз жеу, 5) Жетімнің мүлкін жеу, 6) Жиһадта майданнан қашу, 7) Тұрмыстағы ар-намысты әйелге зина етті деп жала жабу.» – деген (Бухари, Муслим).

[3] «Әнғам» сүресі, 97 – аят.

[4] «Мүлк» сүресі, 5 – аят.

 

Рекомендовать
Последние новости