ҰСТАЗ ЖҮРЕГІ

Dalanews 17 февр. 2015 05:32 1030

Біз өзара әңгімелесіп отырдық. Ортамызда егделеу тартқан қарт ұстаз апамыз бар. Ғұмырының қырық төрт жылын ізгі жұмысқа сарп етіпті. Әңгіме ауаны мұғалімдердің қоғамдағы беделі туралы ойға ауысты. Көпті көрген ақ жаулықты ана әңгімесін арыдан толғады.
Мен қоярда қоймай, аяғы мен қолын асықпай жібітіп, сабынды суға салдырып қойдым, сабын ашытқан кезде, шыдай алмай, бұдан кейін күнде өзім жуып жүремін деп, моншақтай жасы сорғалай бастады. Қатқан кір жылы суға жібіген соң, күстерін екі қолыммен тазалап, өскен тырнақтарын алып, жарылған жерлеріне май жағып, «Ештеңеден тартынба, көмек керек болса айт, таза жүруге тырыс. Осы үйдің ендігі арқа сүйері сенсің. Сен батыл бол», – дедім ақырын ғана.

«Әлі есімде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болса керек, ауылда елге сыйлы, бардам бір шаңырақтың желпінген ұлы мен желкілдеген келіні көлік апатынан қаза тапты. Арттарында үйелмелі-сүйелмелі алты жетімек боздап қала берді. Үлкені төртінші сыныпта оқитын. Әке-шешелері тіріде үсті-басы мұнтаздай болып жүретін қарадомалақ бала еді. Қай сабақты болса да шемішкедей шағатын. Енді күннен күнге сабағы нашарлай бастады. Себеп көп еді бұған. Қарт атасы мен әжесіне зыр жүгіріп көмектеседі. Малдың қиын тазалап, шөбін салады. Бір түтіннің ауырлығы кішкентай ғана соның иығына түскен болатын. Сабаққа да кешігіп келетін. Тіпті оның қолдары күс-күс болып, жарылып, іріңдеп кеткенін көрдім бірде. Қолы босаған уақыттары көше балаларымен асық ойнап, кешке малға қарап, жуынуға мұрша жоқ, мұрттай ұшатыны белгілі ғой. Қыс болса сақылдап тұрған уақ. Қарт әжесі алты бірдей балаға қарауға үлгірмейтіні анық. Мектепте, сол бір жағдайсыз күнінен қорына ма, сабақты біліп тұрса да қол көтермейтінін байқадым. Сосын мектепке жақын маңда тұратын бір оқушыма: «Түсте апаңа айтып, ыстық су дайындатып қой, кешке маған керек», – дедім. Мектептен тараған кезде әлгі баланы үйіндегі суды алып келуге жұмсап, шерлі көңіл оқушыны жеке алып қалдым. Үйден кір сабын, орамал алып келген едім. «Балам, ұялма, аяғың мен қолыңды мына суға салып отыр», – дедім. Ол тартыншақтап, бір жағы менен ұялған болса керек, өзінің үйден жуып келетінін айтты. Мен қоярда қоймай, аяғы мен қолын асықпай жібітіп, сабынды суға салдырып қойдым, сабын ашытқан кезде, шыдай алмай, бұдан кейін күнде өзім жуып жүремін деп, моншақтай жасы сорғалай бастады. Қатқан кір жылы суға жібіген соң, күстерін екі қолыммен тазалап, өскен тырнақтарын алып, жарылған жерлеріне май жағып, «Ештеңеден тартынба, көмек керек болса айт, таза жүруге тырыс. Осы үйдің ендігі арқа сүйері сенсің. Сен батыл бол», – дедім ақырын ғана. Сондағы сол баланың жанарынан сорғалаған жасты көрсеңіз ғой. Мейірімге шөлдеген жанның шарасыз жасы еді бұл. Сол күннен бастап ретті жүретін болды. Әсіресе, мен беретін математика пәніне айрықша көңіл бөлді. Мектепті үздік бітіргені есімде қалыпты…

Арада талай жыл өткенде мектеп бітіргендеріне 30 жыл толу салтанатына келді сол бала. Бүгінде атпал азамат. Есімі елге танымал іскер жігіттердің бірі. Сахнаға шығып, осы бір оқиғаны жылап тұрып айтып берді. Менің қолымнан сүйіп, рахметін жеткізді. «Егер сіздің сол мейіріміңіз болмаса, менің тағдырым қалай қалыптасарын ойлай алмаймын. Сол күні мен бір әулетке тірек болуым керек екенін түсіндім. Сол күні мен ата-анасыз қалу үлкен қайғы екенін, ал оған мойынсал болып, алға серпілмеу одан да ауыр қасірет екенін ұқтым», – деді.
Егер сіздің сол мейіріміңіз болмаса, менің тағдырым қалай қалыптасарын ойлай алмаймын. Сол күні мен бір әулетке тірек болуым керек екенін түсіндім. Сол күні мен ата-анасыз қалу үлкен қайғы екенін, ал оған мойынсал болып, алға серпілмеу одан да ауыр қасірет екенін ұқтым

Бұл бір кішкентай ісімді мен әлдеқашан ұмытып кеткен екенмін, сол оқушым айтқанда барып есіме түсті… Ал сендер мұғалімнің қоғамдағы беделі неге төмен деген сұрақ қоясыңдар. Мұғалім болудың басты шарты – жүректің жұмсақтығы. Өзі білімді болса, мейірімді болса, оны ешқандай бай-бағланның баласы келемеждей алмайды…».

Қарт ұстаз сөзінің соңын айта алмады. Дауысы құмығып шықты. Көзіне ұйыған тұңғиық мұңды көрдім мен. Менің де жанарым жасқа толып кеткенін байқамай қалыппын.

Т. ӨСКЕНБАЙ.


Рекомендовать
Последние новости