Ұстаз болудан – министр болу оңай

Dalanews 01 сент. 2017 03:56 1220

Қазір ұстаздарға қойылатын талап көп. Солардың жұрт білетін бірнешеуін айтсақ. Ұстаз қазақ, ағылшын, орыс тілін білуі керек. Әрбір ұстаз психолог болуы шарт. Ұстаз қоғамдық-саяси өмірдің белсендісі болып саяси науқандарға атсалысып (сайлау), түрлі мемлекеттік шараларды халық арасында насихаттау керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік саясаттың насихатшысы (пропагандист) болуы тиіс. Бұдан басқа күні бойы толтыратын қағазы және бар. Ал сонда баланы кім оқытады? Ұстаздың нақты ісімен айналысатын уақыты қалады ма? Жоқ.

 

Ұстаз робот, ұстаз пропагандист, ұстаз...

Бүгінгі ұстаздардың жеке өмірі жоқ, робот секілді. Орта жасқа келгенде ағылшын тілін үйреніп, саяси мәселелерді ұрандатып жүрген ұстазда өзін-өзі жетілдіру мен отбасына көңіл бөлетіндей уақыты қайдан болсан?

Қазіргі Білім министрлігінің ұстаздар қауымына қойған талабын есепке алып байлам жасасаң, ұстаздық қызмет оңай әрі қиын іс пе деп екіұдай күйге түсесің.

Ойлаңызшы, жыл сайын түрлі реформамен бетпе-бет келіп, соларды жүзеге асырып жатқан ұстаздың жұмысын қалай оңай деп айта аласың? Ауылды жердегі орысшаның өзін жетік білмейтін (жалпы, ұстаз бір ғана тілде сабақ бергені дұрыс қой) ұстазды ағылшын, орыс тілінде сабақ беруге мәжбүрлеудің не қажеті бар?

Иә, қазіргі заманның талабы бойынша үш тілді білудің маңызы зор екенін түсінеміз. Бірақ біздер бар талапты бірден ұстаздарға қойып, реформаны неге ұстаздардан бастаймыз? Осы жағы түсініксіз.

Үкімет басындағылар неге алдымен өздері өзгермейді, реформаны неге өздерінен бастамайды?
Саусағыңызды бүгіп, Үкімет басындағы министрлердің қайсы үш тұғырлы тілдің талабына сәйкес келетінін есептеп көріңізші. Бірен-сараны болмаса, көпшілігі бұл талаптың үдесінен шыға алмайды. Министрлердің көбі ағылшын-орыс тілін білгенімен, қазақ тілін білмейтінін бес жасар бала да біледі. Ал әкімдер мен депутаттар жайында әңгіме қозғаудың өзі артықтау. Сондықтан, министр болудан ұстаз болудың әлдеқайда қиын екенін байқайсың.

Сонда үш тұғырлы тіл кімге керек? Ұстаздар мен оқушыларға керек пе? Иә, жастардың ағылшын тілін білгеніне қарсылығымыз жоқ. Әлем мойындаған тілді біліп, таным көкжиегін кеңейтуі қажет.

 

Үш айда тіл үйренуге бола ма?

 

Ағылшын тілінде балаларға сабақ беру – бұл мұғалім үшін мүлде басқа деңгей ғой. Білім министрлігіндегі шенділер бұл мәселені балалар үш ай демалған жазғы каникулда шешіп тастауға ұмтылуда. Сонда ұстаздар қауымы демалысқа шықпай ма? Олардың жеке өмірі, отбасы, тірлігі жоқ па?

Ағылшын тілі маманы болуға ұмтылған адам жоғары оқу орнына түсіп, бес жыл бойына тілді меңгереді. Қыруар жұмысы бар мұғалімге бір жазда ағылшын тілін үйреніп, жаңа оқу жылында «сабағыңды ағылшын тілінде жүргіз» деп талап қою – бұл енді барып тұрған к... зорлық қой.

Жарайды, өйтіп-бүйтіп ұстаздар ағылшын тілін (орыс, қазақ тілін қайда қоямыз?) үйренді делік. Сонда олар кімге сабақ берді. Ала жаздай асыр салып ойнайтын балалар «ұстаздарымыз ағылшын тілін меңгеріп жатыр екен, біз де соған дайын болып, ағылшын тілін меңгерейік» деп үш ай демалыста жатпай-тұрмай ағылшын тілін үйреніп ала ма? Жоқ, үйренбейді.

Осы бір жайттан-ақ үш тұғырлы тілді мұғалімдерден бастаудың соңы сәтсіздікке ұшырайтынын байқауға болады емес пе?

 

Үш тілді меңгеруді кімдерден бастау керек?

 

Бірден айтайық, үш тұғырлы тілді бірінші кезекте Сыртқы істер министрлігінен бастаған жөн шығар. Өйткені, олар өзге елдермен жиі жұмыс істейді. Бүгінде қазақ елінің дипломаттары орыс, ағылшын тілін жетік білетініне күмән келтірмейміз. Ал қазақ тіліне келгенде олардың шорқақ екенін екінің бірі біледі.

Күні кеше ғана Еуразиялық экономикалық одаққа Қазақстан атынан Мәскеуде өкілдік еткен – бүгінгі Ұлттық экономика министріміз Тимур Сүлейменов сыртта жүріп қазақ тілін ұмытып қалғанын өз аузымен айтпады ма? Қазақ тілін ұмытып қалғанын (адам білетін нәрсесін ұмытушы ма еді?) Тимуржан депутаттардың алдында мойындады. Ал қазақ тілін білмейтін қанша дипломаттарымыз бар? Оны бір Құдай біледі.
Сондықтан, Үш тұғырлы тілді бірінші кезекте елшілерден бастаған жөн. Содан кейін шетелге жиі шығатын Үкімет мүшелері үйренуі керек. Одан кейінгі кезекте әнұранымызды жиі шатастыратын спортшылар тұр.

Міне, үш тілді алдымен осылар меңгеруі керек. Ауылда асық ойнап, өзге елдің азаматын телеарнадан ғана көретін оқушыға үш тілді үйретіп не ұтамыз? Сондықтан, сіңбіруге мұршасы жоқ, ұстаздарға тіл үйрену турасында талап қою орынсыз деп есептейміз.

Егер бұл мәселе ұстаздар мен жас ұрпақтың қатысуынсыз шешілмейтін дүние болса, Білім министрлігі ауылдарда ағылшын тілін үйрететін курстар ашсын. Сол кезде ауылдағы мұғалім де, оқушы да ағылшын мен орыс тілін үйреніп алады. Солтүстік облыстарда қазақша, ағылшын тілін үйрететін орталықтар ашу керек. Ал қалалы жердегі ағылшын тілін үйрететін орталықтарға субсидия берсін. Бұған Білім министрлігінің шамасы жете ме? Әрине, жетпейді.

Үш тұғырлы тілді ұстаздардың білімін жетілдіру орталықтары арқылы жүзеге асыру мүмкін емес. Тұтас бір Тіл комитетінің шамасы жетпей отырған мәселені педагогикалық жұмыстары көп орталықтардың мойнына аса салуға болмайды. Бұл – үлкен саяси мәселе.

Қазіргі таңда оқушыларды былай қойғанда мүйізі қарағайдай ғалымдардың өздері шетелдің импакт-факторлық көрсеткіші жоғары ғылыми журналдарына ғылыми мақалаларын жариялай алмай басы қатып жүргенде, қарапайым мұғалімдердің ағылшын тілінде сабақ беріп кетеді дегенге сену қиын.

Н.ӘУБӘКІР

Рекомендовать
Последние новости