Ұлттық компанияларымызға не болған? Депутаттар неге үнсіз?

Кәмшат Тілеухан 24 дек. 2024 10:24 539

Қазақстан экономикасының бетке ұстар – ұлттық компанияларының рентабельділігі мен табысы биыл, яғни 2024 жылдың бойында тек төмендеумен болған. Бұл жайтқа экономист Ғалымжан Айтқазин назар аудартады, деп жазады Dalanews.kz.

"Қазақстандағы ірі және орта кәсіпорындардың рентабельділігі 2024 жылы ІІІ-тоқсанда қалпына келтірілді, бірақ ұлттық компаниялардікі емес, олардың табысы оңбай құлдырап жатыр. Ұлттық статистика бюросының жедел ақпараты бойынша, Қазақстанның ірі, орта және шағын кәсіпорындарының 2024 жылдың ІІІ-тоқсанында сатқан өнімдері мен көрсеткен қызметтерінен түскен жалпы кіріс 48,3 трлн теңгені (ІІ-тоқсанда 42,7 трлн теңге) құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артты, ал жалпы жыл бойындағы табыстары 13,6% өсіп, 15,6 трлн теңгеге жетті (ІІ-тоқсандағы жылдық табыс - 14,7 трлн теңге)... Бұл арада бюро зерттеуіне сәйкес, барлық кірістің жартысынан көбін (51,1%) шағын кәсіпорындар қамтамасыз еткенін баса айта кетелік", деп жазады Tengenomika Telegram арнасының авторы.

2024 жылғы ІІІ-тоқсанында орта және ірі кәсіпорындардың рентабельділік көрсеткіштерінің жақсарғаны байқалады. Мәселен, бұл көрсеткіш 2024 жылғы ІІ-тоқсанда 15,8% -ды құраса, ІІІ-тоқсанда 17,1%-ды қамтыды.  Ал, керісінше, ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, ұлттық компаниялардың бұл көрсеткіші екі тоқсан қатарынан күрт төмендеген:

  • ІІІ-тоқсан - 13,3%, ІІ-тоқсан - 27,7%, І-тоқсан - 60,4%.

Бұл не деген сөз?

"Салық төлегенге дейінгі кезеңдегі ІІІ-тоқсанда ұлттық компаниялар табысы 177 млрд теңгені құрап, бір тоқсан ішінде 61%-ға (!) құлдыраған, ІІ-тоқсанда ғана бұл көрсеткіш 449 млрд теңгені, ал І-тоқсанда 679 млрд теңгені қамтыған", - дейді экономист.

Сондай-ақ, бюро әдістемесіне сәйкес, кәсіпорындардың рентабельділігі есептілік кезеңдегі шығыстарды ескере отырып, өнімді (жұмыстарды, қызметтерді) өндіру және өткізу шығындарына салық салуға дейінгі табыстың (залалдың) қатынасы ретінде есептеледі.

"Жалпы алғанда, ағымдағы жылы ірі және орта кәсіпорындардың рентабельділік көрсеткіші тарихи тұрғыда ең төмен көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Бірақ, ұлттық компаниялардағы жағдай одан да жаман: салыққа дейінгі пайданың төмендегеніне қарамастан, салықтардың өзі жыл бойы өсумен болған. Мысалы, салыққа дейінгі пайданың КТС шығыстарының үлесі І-тоқсанда 4,8% -ды құраса, ал ІІІ-тоқсанда 46,6%-ға дейін өскен. Ал ұлттық компаниялардың 2024 жылғы бюджеттік салық түсімдерін орындау жағы қатты ақсап жатыр...", - дейді Ғалымжан Айтқазин.

Өз кезегімізде бұл ұлттық компанияларды басқарушы "Бәйтерек" холдингінің және оның жалғыз акционері үкіметтің олқылығы болуы керек деп есептейміз. Осы жағынан алғанда,өткен сенбіде, елеусіздеу уақытта ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың қызметінен кетуі кездейсоқтық болмаса керек. Бірақ, бүтін холдинг (мамандар баяғыда таратуды сұрап жүрген) пен бүтін үкіметтің шалағайлығын бір Байбазаровқа жаба салу қаншалықты заңды?.. 

 


Рекомендовать
Последние новости