Ұлттық экономика министрлігі депутаттың қымбатшылық туралы жазбасына жауап берді

Кәмшат Тілеухан 02 дек. 2024 10:07 1019

Депутат Асхат Аймағамбетов Салық кодексіндегі қымбатшылық тудыратын нормаға ерекше тоқталып, оған Ұлттық банктен бастап, қаржыгерлер қауымдастығы, сарапшылар, тіпті "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қарсы болып жатқанына қарамастан оның қабылдану ықтималдылығы жоғары екенін айтады.Ең бастысы, бұл норма қабылданса, банктік ақша аударымдары 12%-ға қымбаттап әрі әр азаматқа айтарлықтай әсер ететін болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Картадан басқа картаға ақша аударғаны үшін комиссия 150 теңге болды. Ал енді, жаңа Салық кодексі жобасында ұсынылған норма қабылданса, мұндай аударымдар шамамен 12%-ға қымбаттауы мүмкін. Бұл – Экономика министрлігінің төлем операцияларын ҚҚС-қа (НДС) салуға қатысты жоспары. Пластикалық карточаларды пайдалану, карточадан карточкаға аударымдар, шоттан шотқа аударымдар, төлемдер мен банктік қызметтер айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Экономика министрлігі бұл шығындарды банктер өздері жабады деп мәлімдейді, бірақ ашығын айтсақ – бұл шындыққа жанаспайды", - деп жазды Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы арнасында.

Ол бұл нормаға 🫵Ұлттық банк, Қаржыгерлер қауымдастығы, сарапшылар, тіпті "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қарсы шыққанын, соған қарамастан, ұлттық экономика министрлігі бұл норманы Салық кодексі жобасына қосып отырғанына баса назар аудартады.

"Мұндай өзгерістер тек біздің шығындарымызды көбейтіп қана қоймайды, сонымен қатар қаржы жүйесіне деген сенімді де әлсіретеді. Бұл бастама әрбір азаматқа әсер етеді. Біз бұл норманы өзгерту үшін өз түзетулерімізді енгіздік. Халықтың мойнына осындай салық жүктеуді әділ деп санауға бола ма", - дейді депутат.

Депутаттың бұл жазбасы қоғамда резонанс туғызғаннан кейін құзырлы ведомство бұған қатысты түсініктеме беруге мәжбүр болды. 

Азаматтардың банктік аударымдарына қосылған құн салығына салық салу туралы ақпараттың таралуына байланысты ҚР Ұлттық экономика министрлігі мынаны хабарлайды:

"Яғни, банктер өз қызметтері үшін клиенттерден алатын комиссияларға салық салу (ҚҚС) жөнінде айтып отырмыз. Мысалы, картаны шығару үшін немесе аударымдар үшін банк алатын комиссиялар. Жаңа Салық кодексінің жобасында екінші деңгейдегі банктердің қаржылық операцияларына қолданыстағы жеңілдікті жою жөніндегі норма ұсынылады. Азаматтар жүзеге асыратын аударымдардың өзіне салық салынбайды. Егер бір банктің ішіндегі ақша аударымдары комиссиясыз жүзеге асырылса, тиісінше мұндай жағдайларда салық салынбайды. Жаңа Салық кодексінің жобасы талқылау сатысында тұрғандығын еске сала кетейік. Ұсынылған нормалар Парламентте, бизнес-қоғамдастықпен және жұртшылықпен талқылануда", делінген түсініктемеде. 

Сондай-ақ Кодекстің соңғы жобасы 2025 жылы қабылданатыны еске салынады. Яғни, бұл норма әлі қабылданған жоқ, әлі талқылау деңгейі барысында.

Министрлік ұсынған түсініктемені бір сөйлеммен жеткізсек, олар бұл норма қабылданған жағдайда салмақ әсте қарапайым ел азаматтарына емес, банк секторына түсетінін баса көрсетеді. 

Ал Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұнымен еш келіспейді:

"Банктер ешқашан шығындарды өз есебінен жауып қалмайды. Олар міндетті түрде бұл шығындарды клиенттердің мойнына артатын болады. Өйткені банктер – қайырымдылық ұйымдары емес".

Айта кетсек, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин 29 қарашада Мәжіліс қабырғасында жаңа Салық кодексі жобасын таныстыра отырып, 128 салықтық жеңілдікті алып тастау ұсынылғанын айтты. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы салықтық жеңілдіктерді 20 пайызға қысқарту туралы тапсырма берген.


Рекомендовать
Последние новости