ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева 12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдыруға заңнамалық деңгейде тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Айтуынша, жыл басынан бері ел аумағында балалардың өмірін қиған 15 өрт оқиғасы тіркелген.
"Ақмола облысында жеке үйде болған өрт екі баланың өмірін қиды. Қайғылы жағдайға электр сымдарының қысқа тұйықталуы және түтін себеп болғаны анықталды. Жақындарына көңіл айтамын. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері тексеріліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
2024 жылы орын алған 15 қайғылы оқиғаның басым бөлігі балалардың үйде жалғыз қалуымен байланысты екенін ескеріп, 12 жасқа дейінгі балаларды үлкендердің бақылауынсыз қалдыруға тыйым салуды қарастыру қажет деп санаймын. Сонымен қатар, мұндай заңнамалық өзгерістер аясында көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету шараларын да жүзеге асыру маңызды", – деді уәкіл.
Еске салайық, бұған дейін Зәкиева жалғызбасты үйленбеген ер адамдарға бала асырап алуға өтініш беруге мүмкіндік беретін Қазақстан Конституциялық сотының шешіміне қатысты пікір білдірген еді.
Закиева жаңа нормамен келіспейтінін білдіріп, тіркелген некеде тұрмаған ер адамдарға балаларды беруге тыйым салуды сақтауды талап еткен болатын.
"Бұл мәселені талқылау кезінде мен және балалардың құқықтарын қорғау комитеті қолданыстағы заңнамада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан балаларды тіркелген некеде тұрмаған ер адамдарға беру мүмкіндігіне тыйым салуды сақтау қажет деген ұстанымды жолдадым және айттым", - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Зәкиеваның пікірінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің барлық тетігін қарастыру қажет.
"Бала асырап алуға үміткерлерге қойылатын талаптарды арттыру, сондай-ақ, асырап алушы ата-аналар мектебінде оқыту процесін қарастыру қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар, бала асырап алушы ата - аналарды балаларды қолдау орталықтарымен одан әрі сүйемелдеуді көздеу қажет", - деді балалар омбудсмені.