Ұлттық Банк ақша айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін белгілеу туралы қаулы жобасын әзірледі, деп жазады Dalanews.kz.
Ұлттық банк баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаға сәйкес ақша айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегі АҚШ доллары үшін – 7 теңге, евро үшін – 10 теңге дейін белгілеу ұсынылады.
"Ұсынылған өзгерістер, ең алдымен, валюта нарығындағы алыпсатарлық әрекеттерді төмендетуге, сондай-ақ қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелдерін сейілтуге бағытталған", - дейді реттеуші орган 2025 жылы 14 қаңтарда.
Орталық банк бұл шектеулер қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізілетін ақша айырбастау операцияларына әсер етпейді деп сендіреді.
Бұған дейін Банк ЦентрКредит банкоматтары 31 қаңтарға дейін АҚШ долларын беруді доғарғанын жазған болатынбыз. Оның себебін банк айтпады.
Ал 1 қаңтардан бастап елімізде доллар сатып алуға қатысты шектеулер енгізілді. Оған сәйкес, бұдан былай егер қазақстандық компания 1 жұмыс күні ішінде 50 000 АҚШ долларынан асатын қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алғысы келсе, онда ол валютаны не үшін сатып алып жатқанын, мақсатын нақты көрсетуге тиіс болады. Сондай-ақ банкке валюталық шартты ұсынуға міндеттеледі.
Егер компания, заңды тұлға сол сатып алған 50 000 АҚШ долларынан асатын соманың бір бөлігін 10 жұмыс күні ішінде пайдаланбаса, онда пайдаланылмаған валютаны банкке кері сатуға міндетті болады.
Бұл талап тек жалпы жиынтығында 50 мың доллардан асатын сомаларға таралады.