Жыл басында Банк ЦентрКредит банкоматтары АҚШ долларын беруді доғарған болатын. Банк бұл шара 15 қаңтарға дейін уақытша қабылданғанын нақтылаған. Енді осы шектеу мерзімі 31 қаңтарға дейін ұзартылды, деп жазады Dalanews.kz.
Қаржы ұйымы қабылдаған бұл шешімге не түрткі екені айтылмайды.
"Банк ЦентрКредит банкоматтарында АҚШ долларымен ақша алу, толықтыру және айырбастау операциялары уақытша қолжетімсіз екенін хабарлаймыз. Бұл операциялар 2025 жылдың 31 қаңтарға дейін қайта іске қосылады деп жоспарлануда. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқандарыңызға рақмет", делінген банктің түсініктемесінде.
Айта кетсек, 1 қаңтардан бастап елімізде доллар сатып алуға қатысты шектеулер енгізілді. Оған сәйкес, бұдан былай егер қазақстандық компания 1 жұмыс күні ішінде 50 000 АҚШ долларынан асатын қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алғысы келсе, онда ол валютаны не үшін сатып алып жатқанын, мақсатын нақты көрсетуге тиіс болады. Сондай-ақ банкке валюталық шартты ұсынуға міндеттеледі.
Егер компания, заңды тұлға сол сатып алған 50 000 АҚШ долларынан асатын соманың бір бөлігін 10 жұмыс күні ішінде пайдаланбаса, онда пайдаланылмаған валютаны банкке кері сатуға міндетті болады.
Бұл талап тек жалпы жиынтығында 50 мың доллардан асатын сомаларға таралады.