Украинада соғысқан қазақстандыққа Ресейдің паспорты берілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
24 жастағы қазақстандық Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, ауыр жарақат алған соң, шұғыл түрде азаматтық рәсімі жүргізілген.
Ресей ІІМ өкілі Ирина Волктың мәліметінше, Солтүстік Осетия – Алания Республикасының Ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон қызметі 24 жастағы қазақстандық азаматқа Ресей Федерациясының төлқұжатын ресми түрде табыстады.
"Ол біздің елдің дәстүрлі құндылықтарын бөлісе отырып, Ресей мүддесін қорғауды саналы түрде таңдады және Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырды. Әскери борышын өтеу барысында ерлік пен батырлық танытып, ауыр жарақат алды", – деді Ирина Волк.
ІІМ мәліметінше, оның жарақатына байланысты көші-қон қызметі азаматтық алу процесін жедел түрде жүргізіп, қажетті құжаттарды қысқа мерзімде рәсімдеген. Бұл арнайы әскери операцияға (СВО) қатысушы үшін өмірлік маңызды мәселені шұғыл шешуге мүмкіндік берген.
Паспорт табыстау Солтүстік Осетия – Алания Республикасының ІІМ көші-қон басқармасында өткен. Жас жігіт көші-қон қызметі қызметкерлеріне кәсіби және жанашыр қарым-қатынастары үшін алғысын білдірген.