Украина жеріндегі Қазақстан азаматтары: соғысқұмарларды сот күтіп тұр

Көркем Алдабергенова 23 апр. 2025 14:21

Ресей мен Украина арасындағы соғыс әлі де жалғасып жатыр. Бұл қақтығыс тек екі елдің емес, үшінші мемлекеттердің де азаматтарын өз орбитасына тартты. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар. Бірі идеологиялық көзқараспен, бірі ақша үшін, енді бірі шынайы сеніммен соғыс даласына аттанған. Бірақ бұл әрекеттің заңдық салдары қандай? Олар елге оралса, не күтіп тұр? Сарапшылар не дейді? Dalanews.kz тілшісі шолу жасады. 

Соғыста қанша қазақстандық жүр? 

Ресми деректер бойынша, 2022 жылдан бастап Украинада жүріп жатқан соғысқа қатысқаны үшін 30-дан астам Қазақстан азаматы анықталған. Бұл — нақты тіркелгендер ғана. Сарапшылар бұл сан одан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

ҚР Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі Ресей тарапында жалдамалы немесе ерікті ретінде соғысқа қатысуда. Алайда Украина жағында жүргендер де кездеседі. Мәселен, 2023 жылы Украина Қарулы күштері жағында ерікті ретінде соғысқан бір қазақстандықтың елге оралып, жауапқа тартылғаны белгілі болды.

Сонымен қатар, "Өмір сүргім келеді" жобасы Ресей әскерінің қатарында Украинадағы соғысқа қатысып жүрген қазақстандықтардың тізімін жариялаған еді. Жоба мәліметінше, соғысқа 600-ден астам қазақстандық аттанған. Тізімде 264 адамның аты-жөні көрсетілген, олардың арасында қазақ азаматтары да бар.

Заң не дейді?

Қазақстан заңнамасы бойынша, шет мемлекеттердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысу қылмыстық жауапкершілікке жатады. Бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша реттеледі:

- 172-бап, 1-бөлік: Шет мемлекет аумағында жалдамалы ретінде соғысқа қатысқандар — 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
- Егер бұл іс ұйымдасқан топ құрамында немесе бірнеше рет жасалса — 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

2023 жылы Қырғызстанда бірнеше азамат жалдамалылар қатарына қосылғаны үшін сотталған. Қазақстанда да осыған ұқсас жағдайлар тіркеліп отыр: кем дегенде 8 адам жауапқа тартылған. Олар Украинадағы соғыс аймағынан елге оралған сәтте ұсталған.

Сарапшылар не дейді?

Саясаттанушы, мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, бұған дейін Сирияға 500-ге жуық адам кеткен, ал қазір Украинадағы соғысқа қатысып жүргендер де аз емес. 

“Қайтарылғандары қайтарылды, отбасымен бірге кеткендері де бар. Бірақ біздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүмкіндігі шектеулі. Оның құрамында бар-жоғы 2-3 мың адам ғана. Егер олар елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, экстремизм мен терроризмнің жолын бөгей алса, соның өзі жеткілікті”, – деді Сарым.

Ол соғысқа кеткен азаматтар өз таңдауын жасағанын және бұл жағдай басқаларға сабақ болуы керегін атап өтті.

“Мен өзім 2-3 нақты жағдаймен айналысып жатырмын. Бірнеше адам қабылдауыма келіп, “балаларымыз Ресей түрмесінде отыр” деп шағымданды. Біз бұл мәселені шешу үшін елшілікпен жұмыс істеп жатырмыз. “Сол азаматты елге қайтарыңызшы, біз өзіміз-ақ соттап, жазасын береміз” деген әңгімені біз де айтып жатырмыз. Сондықтан, мейлі олар Украина жағында болсын, Ресей жағында болсын – бәрібір. Олар өз таңдауын жасағанда, елге қайтпайтынын біліп кетті. Енді заң алдында жауап беруі керек”, – деді саясаттанушы.

Ал "Шындық" қозғалысының баспасөз хатшысы Ермек Нарымбайдың сөзінше,Украинадағы соғыста қаза тапқан Астрахан облысы тұрғындарының 80 пайызы — қазақтар.

"Бұл өңірде қазақ диаспорасы халықтың небәрі 16 пайызын ғана құрайды. Украинада қаза тапқан қазақтардың жалпы саны 3 000-нан кем емес", дейді Нарымбай. 

Оның мөзінше, бұл жағдайдың екі түрлі түсіндірмесі бар:

  1. Ең алдымен әскерге жергілікті, түпкілікті ұлт өкілдерін мобилизациялайды.

  2. Ресейлік қазақтар өздерін төмен санап, сол кешеннің әсерінен орыс патриотизміне тым беріліп, орыстардан да бетер майданға өз еркімен аттануға тырысады.

Билік пікірі

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Украинадағы тұтқыннан екі қазақстандық босап шыққанынан хабарсыз болып шықты. ІІМ орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында журналистердің Украинадағы тұтқыннан босатылған екі қазақстандыққа қатысты сауалға жауап бере алмады. 

Бізде ондай ақпарат жоқ. Сондықтан түсініктеме бере алмаймын. Бұл ішкі істер министрлігінің құзыретіне кірмейтін мәселе. Біздің басты міндетіміз – қылмыстың алдын алу және оны ашу, – деді Әділов.

Журналист бір емес, бірнеше рет қайтара сұрақ қойды. Қазақстанның екі азаматы елге оралса, не болатынын білгісі келді. Соған қарамастан Әділов “бұл ақпараттан хабарсызбын” дегеннен ары аспады.

Министр Балаеваның ойы қандай? 

Бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан және ТМД елдері азаматтарының Украинадағы соғысқа қатысуына қатысты жарнаманың таралуына пікір білдірді. Министрдің айтуынша, мұндай жарнама әсіресе «ВКонтакте» мен «Одноклассники» сияқты әлеуметтік желілерде жиі кездеседі.

"Жалған ақпарат пен заңсыз контенттің көлемі өте үлкен. Біз осындай материалдарды анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар сараптамаға жеке жіберіледі және, әрине, кейбір әлеуметтік желілердің әкімшілігі оларды дереу өшіреді", деді Балаева Үкіметтегі брифингте.

Министрдің айтуынша, мұндай жалған ақпараттар «жүйелі әрі тұрақты» түрде таралады және қоғамда кері әсер тудыруда.

"Бұл жерде жауапкершілік тек мемлекеттік органдар мен платформаларға емес, қарапайым пайдаланушыларға да жүктеледі. Әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдағы тұрақтылық пен жалған ақпаратты таратпау үшін өз жауапкершіліктерін түсінуі тиіс", деп қосты ол.

Балаеваның айтуынша, заң бұзушылар жауапкершілікке тартылып жатыр. Жарнамалардың ауқымды таралуына қарамастан, министрлік мониторинг пен әлеуметтік желі платформаларымен жұмысты жалғастыра бермек.

Қоғамның реакциясы қандай?

Желіде бұл тақырып жиі талқыланбаса да, әркез қызу пікір тудырады. Бірі «өз еркімен кеткен адамға неге тыйым салынады?» десе, енді бірі «Қазақстан бейтарап ұстанымды сақтауы тиіс, сондықтан соғысқа қатысқан азаматтарды заңмен шектеу қажет» деген пікірде.

Сарапшылар Украинадағы соғыс Қазақстан үшін тікелей әскери қатер болмаса да, азаматтарының шетелдегі қақтығыстарға қатысуы елдің ішкі саясатына, халықаралық қатынасына, тіпті ұлттық қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін дейді.

"Бұл — жай ғана жеке шешім емес, бұл — заңмен реттелетін, үлкен қоғамдық салдары бар мәселе. Сондықтан мемлекет бұл жағдайды ерекше назарда ұстап, тиісті шаралар қабылдауға мәжбүр", дейді желі қолданушылары. 


Рекомендовать
Последние новости