Қазақстан қор биржасында (KASE) 2025 жылғы 21 сәуірде сағат 15:30-да шетел валюталары бойынша күндізгі сауда-саттық тоқтатылды. Оның қорытындысы бойынша 1 АҚШ долларының орташа бағамы 521,53 теңгені құрап, бір тәулікте 0,6 теңгеге шамалы арзандады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚР Ұлттық Банктің 21 сәуірге бекіткен 1 АҚШ долларының ресми бағамы 521,9 теңге, 1 евро 593,5 теңге болған еді.
Kurs.kz мәліметтері бойынша, еліміздегі ақша айырбастау орындарында бүгіндері 1 АҚШ доллары 520,1 теңгеден сатып алынып, 522,7 тегеге сатылуда, сол секілді 1 евро 597 теңгеден сатып алынып, 603 теңгеге сатылуда.
Мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы бүгін тағы аздап төмендеді.
- ICE Futures электрондық сауда биржасында Brent маркалы мұнайдың маусым фьючерстерінің құны 1,65%-ға арзандап, 1 баррелі 66,84 долларды құрады.
- NYMEX электронды сауда биржасында WTI маркалы мұнайдың мамыр фьючерстерінің құны 1,78%-ға арзандап, 1 баррелі 62,87 доллар болды.
Мамандар евроның күш алуына әлемдік деңгейде доллардың құнсыздануы түрткі екенін айтады. Сол себепті, әсіресе, демалыс маусымы қарсаңында саяхаттаушылардың таңдауы доллардан гөрі евроға түсуде көрінеді.
Бүгін сайтымызда еліміздегі екінші деңгейдегі банктердің алтын құймаларының бағасын жариялаған болатынбыз. Алтынның бір унциясының құны 3 400 доллар болып, тарихи жоғары шекті игерді. Осылайша 2020 жылдың басынан бастап қымбат металдың құны екі есеге өсті, яғни өсім көрсеткіші - 100%-дан астам. ҚР Ұлттық банктің 21 сәуірде бекіткен 1 грамм алтын құны - 55 780,85 теңге. Айта кетсек, Goldman Sachs алтын унциясының құны 4500 долларға дейін қымбаттайтынын бажайлап, болжам жариялаған болатын. Кейбір сарапшы мамандар жыл соңына дейін бұл бағаның 3600 долларды құрайтынын болжайды. 1 унцияда шамамен 28 грамм алтын бар. Демек, Goldman Sachs болжамына сүйенсек, 1 грамм алтын (999.9 құймасындағы) 83 200 теңгеге баруы ықтимал. Ал жыл соңына деген болжамды баға сонда шамамен 67 мың теңге болып қалады.