Әнші Роза Рымбаева мен депутат Дәулет Тұрлыхановты алдап кеткен кәсіпкер сотталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.aqsha-ға сілтеп.
63 жастағы кәсіпкер Серік Бекқайыров асыл тұқымды жылқылар мен автомобильдерді сатумен айналысқан. Кәсіпкер алаяқтықтың 4 эпизоды бойынша 6 жыл, 8 ай мерзімге сотталды. Екі эпизод бойынша зардап шеккен - әнші Роза Рымбаева мен депутат Дәулет Тұрлыханов.
Қылмыстық істің материалдарына сәйкес, 2013 жылы жазда Бекқайыров Тұрлыхановқа келіп, асфальт-бетон зауытын салуға 1,2 миллион доллар сұраған. Кәсіпкер Тұрлыхановқа зауыттың жартысын беретінін айтқан. Депутат сұраған ақшасын беріп, келіскен.
Алайда сотта айыпталушы Тұрлыхановты 1989 жылдан бері танитынын, екеуі көрші болғанын, бірақ депутаттан ешқандай ақша алмағанын айтқан. Сотта кәсіпкер қазір ешкім біреуге 1,2 миллион долларды жайдан жай бере алмайтынын атап өткен.
"Тергеу изоляторында отырған кезімде екі тергеуші мен Тұрлыхановтың адамдары келіп, 2 миллион доллар талап етіп, қорқытты. Бұл эпизод бойынша айыптау ойдан шығарылған. Дәулет Тұрлыхановтың тарапынан қорқытып, үркіту әлі жүріп жатыр", - дейді сотта Бекқайыров.