Түркістандық кәсіпкерлер жақсылық жасаудан жарысуда

Dalanews 22 дек. 2018 03:33 902

Бүгінге таңда жомарт кәсіпкерлердің демеушілігімен Түркістан өңірінде көптеген нысандар ел игілігіне қызмет етіп жатыр.

Мәселен, Отырар ауданында құны 248 млн. теңгені құрайтын спорт кешені мен бокс залы спортсүйер жастарға есігін айқара ашты. Ал, Бәйдібек ауданында 14,3 шақырым жолға «Ақылды шам» желісі орнатылған. Бұл игі іске демеуші кәсіпкер құны 195 млн. теңге жұмсаған.

Қазығұрт ауданындағы құны 100 млн. теңге құрайтын Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге арналған мемориалдық кешені, Кентау қаласындағы құны 80 млн. теңгені және Сарығаш ауданындағы құны 50 млн теңге құрайтын спорт кешендері де елге қызмет етуде.  Төлеби ауданында ашылған «КазМед» медициналық орталығы, Сайрам ауданында 125 орындық балабақша және өзге де әлеуметтік нысандар туған жерін сүйетін кәсіпкерлердің көмегімен салынған.

Меценаттардың еңбегін қолдау мақсатында 2018 жылғы шілде-қазан айларында 16 аудан, қалада «Жомарт жүрек» сыйлығының 1-кезеңі өткізіліп, облыстық деңгейдегі қорытынды жиында 20 азамат  марапатталған.

Айта кетелік Түркістан өңірінде «Туған жер» бағдарламасының аясында жалпы құны 31,5 млрд теңгені құрайтын 577 жоба қолға алынған.

 

Рекомендовать
Последние новости