Түркістанда халықты «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіне тарту мәселесі талқыланды

Жарбол Кентұлы 20 сент. 2024 07:25 2078

Түркістан облысындағы МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтардың үлесін 2024 жылдың қорытындысымен 86%-ға жеткізу көзделген. Бүгінгі таңда межеге жету бағытында арнайы жұмысшы топ құрылып, тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өңірлік штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде Түркістан облысының «Отбасының цифрлық картасы» бойынша халықты МӘМС жүйесіне тарту жұмыстары туралы, МӘМС жүйесі үшін төлемді тұрақты төлемеген жеке кәсіпкер және шаруа қожалықтардың есеп шоттарын жабу мәселесі, облыс тұрғындарының сақтандыру санатына өтуі мен МӘМС аясында медициналық қызмет алудағы туындап жатқан өзекті мәселелер талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары жұмысты тиісті деңгейде атқармаған аудан, қалалардың жауапты басшыларына ескерту айтып, жұмысты жандандыруды жүктеді.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тек қана медицина саласы үшін емес, бірінші кезекте халықтың мүддесі үшін қажет. Осы орайда, ұлтымыздың, болашағымыздың денсаулығын қорғау бағытында қарқынды түрде бірге жұмыс істеуіміз қажет, – деген Бейсенбай Тәжібаев жұмысшы топтың жұмысын жүйелеуді, қолдағы мәліметтерді өзектендіруді тапсырды.

Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова «Отбасының цифрлық картасында» Д және Е санаттағы отбасыларының санын төмендету бойынша атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Оның айтуынша, дағдарыстық және мүшкіл санаттағы отбасылардың санын жыл соңына дейін 6,3 %-ға төмендету тапсырылған. Тапсырманы орындау мақсатында облыста бірқатар жұмыс атқарылды.

Атап айтқанда, Отбасының цифрлық картасындағы деректерді өзектендіру жүргізу үшін облыс, аудан, қалалар деңгейлерінде арнайы жұмысшы топтар құрылды. Жұмыс алгоритмі бекітіліп, сол бойынша жұмыс жүргізілуде. ОЦК-дағы деректерді өзектендіру бойынша оқыту-семинарлары ұйымдастырылды. Жұмысшы топтармен ОЦК-дан алынған тізімдерге сәйкес үйме-үй аралау, әр отбасының жинақталған балы бойынша өзекті мәселерді қарау, оларды еңсеру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Облыс бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұсынған, МӘМС төлемдері жүргізілмеген D санаттағы жалпы 96 071 азаматтың тізімі өнделіп, нәтижесінде, 96 071 азаматтың 29 477-сінің санаты «Еңбек рыногы» ААЖ арқылы анықталды. Олардың ішінде, жұмыссыздыққа тіркеліп, бағдарламаға қатысқандар саны – 92, жұмыссыздыққа тіркелмегені – 29 246, жұмыссыз ретінде есепте тұрған азаматтар саны – 139. Жұмысшы топтармен тұрғылықты мекенжайларында тіркелмеген, тіркелген мекенжайларында ұзақ мерзімнен бері нақты тұрмайтын, бейресми түрде жақын және ұзақ шет мемлекеттерде жұмыс істеп жатқан, мектепке дейінгі білім ұйымдарына, мектепке, КжТО ұйымдарына бармайтындардың тізімдері жасақталып, өзектендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Штаб отырысы барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, Мемлекеттік кірістер департаменті Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов өңір тұрғындарын МӘМС жүйесіне қамту бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.


Рекомендовать
Последние новости