Түркістанда қаржы пирамидасын ұйымдастырған 20 адам сотталды: араларында мұғалімдер мен дәрігерлер бар

Қаракөз Амантай 28 июн. 2025 10:03

Түркістан облысында қаржы пирамидасын ұйымдастыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Айыпталушылар орындығында 20 адам отыр. Олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер, бухгалтерлер және жұмыссыздар бар, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арна-ға сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, қаржы пирамидасының қызметіне 279 салымшы тартылған. Алайда сот олардың тек 54-ін жәбірленуші ретінде таныды.

Сотталғандардың ең жасы – 24 жаста, ал ең үлкені – 65-те. Алаяқтардың бірі бұрын да сотты болған. Кейбір айыпталушылар кінәсін ішінара мойындады. Екі адам 5 жарым жылға бас бостандығынан айырылса, он екі адамға 2 жылға бостандығын шектеу жазасы берілді. Тағы бес адам 3 жылға сотталды.

“Ұйымдастырушылардың бірі Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы – "Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған басшылық ету" бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған дәл осы мерзімге халықтан қаржы тарту және инвестиция саласына қатысты қызметпен айналысуға тыйым салынды”, – деп хабарлады облыстық сотта.

Жәбірленушілерге келтірілген залалдың жалпы сомасы 392 миллион теңгеге жетіп отыр. Бұл қаражатты өндіру ісі әлі алда.


Рекомендовать
Последние новости