Түркістанда Nur Otan белсенділері құрылысы кешеуілдеген мектептер мәселесі талқыланды

Dalanews 09 сент. 2021 16:24 1020

Бүгін Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова қатысып, төрағалық етті.

Жаңа оқу жылындағы атқарылған жұмыстармен қатар білім саласындағы өзекті проблемалар, «Nur Otan» партиясының Жол картасы аясында іске қосылатын мектептердің құрылыс барысы қозғалды.

Мәжілісте «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірде фракция мүшелері білім саласындағы өзекті проблемаларды бақылауда ұстап отырғанын, жалпы білім саласына мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып жатқанын жеткізді.

Бұл ойды Түркістан адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев та жалғастырды. Оның айтуынша, облыстағы 937 мектепте 528 740 оқушы білім алып жатыр. 2021-2022 оқу жылына 51427 бала бірінші сыныпқа қабылданған.


– Барлық оқу орындарында санитарлық нормалардың сақталуы ерекше назарға алынып, қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, облыстағы барлық білім мекемелерінде (мемлекеттік, жекеменшік) «Ashyq» бағдарламасы орнатылды, – деген Р.Жолаев өңірде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу бағытында жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.

Сонымен бірге колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 2 есеге азайғанын, бұл талай жастың тегін білімнен қағылуына апарып соққанын жеткізіп, халық қалаулысына бірқатар ұсыныс айтты.

Күн тәртібінде Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан 78 мектептің құрылысы және жаңа оқу жылында құрылысы аяқталмай қалған 6 мектеп негізгі мәселе ретінде талқыланды. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Егентай Тәжібаев 2021 жылы өңірдегі 78 мектептің құрылысына 18,9 млрд теңге қаралғанын, биыл 44 білім нысанын ел игілігіне беру жоспарланғанын жеткізді. Бірақ 1 қыркүйекте берілуі тиіс 17 жаңа мектептің 6-ауы мерзімінде тапсырылмаған.

Қоғамдық кеңес мүшелері жауапты басқарма өкілінен бұл түйткілдің себебін сұрады және қыркүйек айының соңына дейін мектептердің пайдалануға берілетіні туралы уәдесін алды. Бүгінде 6 мектептің құрылысын кешіктірген мердігерлерге ескерту берілген.

Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова білім саласындағы мәселелерді жасырмай айтып, шешу жолдарын қарастыру керектігін мәлімдеді. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасынында білім мен ғылымды дамытуға мән берілгеніне тоқталды.

– Еліміз үшін Түркістан өңірінің орны ерекше. Жол картасындағы тармақтардың көпшілігінде осы облыс қамтылған. Өңірде 900-ден астам мектеп бар. Оқушы саны жөнінен де өңір республикада алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан білім саласына басымдық беріп, деңгейін көтеруге күш салған жөн.

Кезінде бұл аймақтан ұлы ғұламалар, ғалымдар шыққан. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар нәтижесінде білім сапасын көтеріп, Түркістаннан XXI ғасырдың Әл-Фарабиін шығаруымыз керек. Екіншіден, бір ғана басқарма үшін мыңға жуық мектепті, ұстаздар мен оқушылардың жағдайын жасау, бақылау өте қиын. Тағы да қосымша жобалық кеңесе немесе басқа жолын қарастыру қажет шығар.


Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы ретінде мен ұсыныстар мен өтініштерді тыңдауға әрқашан дайынмын. Мәселен әлеуметтік желі және БАҚ арқылы өңірдегі бірқатар ауылдағы мектеп мәселесін көріп-біліп отырмын. Олар бойынша министрлікке нақты ұсыныстар беріліп, жұмыс жүргізіледі, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Рекомендовать
Последние новости