Шөкеев: «Елде салынатын мың мектептің – екі жүзі Түркістан облысында салынады»

Dalanews 09 сент. 2021 13:19 936

Бүгін Түркістанда жетінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс тоғызыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірді дамыту бағытындағы маңызды мәселелерді қозғады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет тарапынан Түркістан облысына айрықша көңіл бөлініп жатыр. Мұны облыс әкімі де тағы еске салып, сенімді ақтау керектігін айтты.

– 2019 жылы Түркістан облысының бюджеті 470 млрд. теңгедей еді. Биыл бюджет 1 трлн. 88 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл қаражат өңірді дамытуға жұмсалады. Әсіресе ауыз сумен қамту, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымға және білім ұяларының құрылысына басымдық беріледі. «Nur Otan» партиясының жол картасы аясында республика бойынша мың мектеп салынса, соның екі жүзі Түркістан облысына тиесілі – деді Өмірзақ Естайұлы.



Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев төрағалық еткен сессияның күн тәртібіне алты мәселе қаралды. Атап айтқанда, «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне толықтыру енгізу және «Түркістан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» шешіміне толықтыру енгізу мәселесі талқыланды. Сонымен бірге Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Жанар Темірбекованың оқу ордасында атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.

Сессия соңында Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі республикалық қоғамдық бірлестіктің «Қазақстан мәслихаттарының «Құрметті депутаты» төсбелгісі тапсырылды. Өңірімізден бұл марапатқа Түркістан облыстық мәслихатының II, III, IV, V, VI  шақырылымдарының депутаттары  Дулатбек Әбіш, Нұралы Әбішов, Сәду Бекенов, Бадритдин Нишанқұлов ие болды.

Рекомендовать
Последние новости