Түркістан қаласында жыл басынан бері 872 пәтер пайдалануға берілген. Оның 440-ы - арендалық баспаналар болса, 432-сі - кезекте тұрған отбасыларға табысталған. Бұл жайында Түркістан қалалық Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
«Бүгінгі таңда Түркістан қаласы бойынша 23 370 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 944 пәтерлі 11 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жыл соңына дейін қалған 512 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары толықтай аяқталады»,- деді спикер.
Сонымен қатар, брифингке қатысқан Түркістан облыстық «Отбасы банк» АҚ филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев биыл шаһарда «Отбасы банк» арқылы несиелік жүйемен 2 078 тұрғын үйді берілетінін айтты.
Түркістан қаласында орналасқан тұрғын үйлерге өтініштер - Түркістан облысы бойынша үй кезекте тұрған банк салымшыларынан қабылданады. Ал, шаршы метр бағасы 180 000 мен 220 000 теңге аралығында болмақ.