Түркістан шаруалары қала халқын қажетті жұмыртқамен қамтамасыз етуге күш салуда

Dalanews 11 дек. 2018 04:30 788

Бүгінде Түркістан қаласындағы шаруалар құс шаруашылығын дамытуға айрықша мән беріп отыр. Оның өзіндік себебі бар. Түркістан қаласының тұрғындарына жылына 36 миллион жұмыртқа қажет. Бүгінде жергілікті шаруалар соның 10 миллионын өздері өндіріп отыр. Ар жағындағы 26 миллионын сырттан тасимыз.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Оранғай ауылдық округінде «Яссы құс» шаруа қожалығы құрылған болатын. Қазір онда немістің көп жұмыртқалайтын тұқымының тауықтары өсірілуде. Былтыр жұмыртқа бағытындағы 22 мың шөжені Алматыдан әкеліп, жобаның 1-кезеңін іске қосты.

Бұл тауықтар 26 сағатта 1 жұмыртқа салады. Демек 22 мың құс күніне 20 мың жұмыртқа табады, бір жылда жұмыртақ 7 миллионнан асады. Енді осы жобаның 2-кезеңін іске қосылуда. Шаруашылық иесі АТФ Банктен 73 миллион теңге несие алған. 15 пайыздық үстемеақымен. Оның 7 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы мемлекет төлеп отыр. Сонда кәсіпкерге 8 пайызы ғана қалады.

Бүгінде Бельгиядан қажетті құрал-жабдықтарды әкеліп, жұмыртқа бағытындағы 32 мың бас құсты өсіруде. Яғни алдағы уақытта Түркістан қаласы тұрғындары жергілікті жерде өндірілген жұмыртқаны тұтынатын күн де алыс емес.

Мемлекет қолдау көрсетіп жатқандықтан, қазір бұл бағытта шаруалардың ынта-ықыласы жақсы. Бір жылда 20 миллион жұмыртқа өндірген шаруаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мұндайда әрбір жұмыртқаға 2 теңгеден субсидия төленеді. Егер «Яссы құс» өз шаруашылығының 3-кезеңін іске қосса, бұл межені бір өзі-ақ бағындыруға қауқары жетеді. Сонда 40 миллион теңге субсидия алады деген сөз. Бұдан мемлекет те, кәсіпкер де ұтатыны анық. Біраз адам жұмыспен қамтылып, салық түсімдері де толыға түсетіні белгілі.

 

Dalanews.kz

Рекомендовать
Последние новости