Түркістан өңіріндегі өміршең өзгерістер

Dalanews 09 нояб. 2018 05:28 715

Әлқисса, әңгіменің төркіні түркі әлемінің мәдени астанасы Түркістан һақында болмақ. Тарихи әділеттілік орын алып, Оңтүстік Қазақстан облысы деген атау Түркістан облысы болып ауысқалы да біршама уақыт өтті.

Киелі шаҺар дүйім облыстың бас ордасына айналғалы даму қарқынын бірнеше есеге дамытып келеді. Тәубе! Десе де, көз көргені – бір төбе, сөз қашағаны бір асу емес пе? Жаңа облыстың жасаған қадамы, қойған мақсаты, құрған жоспары һақында ел арасында қызу талқы да, батыл болжам да айтылып жатыр. Біз болсақ дуалы ауыздан шыққан сүбелі сөздің жілігін шағып, майлы, мағыналы ойын сіздің назарға ұсынбақпыз.

 

Түркістан облысындағы аудандардың экономикасы күрт дамиды

 

Сапарбай ЖҰБАЕВ, экономика ғылымдарының кандидаты:

– Түркістан облысының жеке облыс болып бөлінгенін әртүрлі жағынан қарауға болды. Біріншіден, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған Шымкент қаласына көп әсер тигізеді. Тұтас бір аймаққа бөлінген қаржының бөлек облыс орталығы болып есептелетін Түркістан қаласына, жалпы Түркістан облысына және Шымкент қаласына үлестіріп, инвестиция тарту мәселесі жаңа серпін алады деп есептеймін. Ол бірінші мәселе.

Екіншіден, сол жердегі аудан-аймақтардың экономикалық тұрғысынан қарағанда әл-ауқаты біршама көтеріледі. Жергілікті халықтың жер-су мәселесі тікелей Түркістан қаласы арқылы шешілетін болады. Демек, алдағы тұрған проблемалар жаңа облыстың қарамағына өтеді.

Үшіншісі – инвестиция. Түркістан облысына жататын аудандардың экономикалық ауа райы өзгереді деп есептеймін. Шетелден келетін инвестиция, республикадан бөлінген қаражат соның барлығы жергілікті мәселелерді шешуге, жаңа жұмыс орындары, экология, азық-түлік, жол салу, су тарту проектілерін жүзеге асыруға мол мүмкіндіктер береді. Қазіргі жастардың көбі ғылыммен айналысып, қоғамға керек, пайдалы проектілердің басы-қасында жүр.

Ежелгі Яссы қаласы болған, қазақтың бұрынғы рухани астанасы атанған, қасиетті Түркістан қаласы – киелі орда, қадір тұтар мекен. Қазақ халқына еңбегі сіңген, тарих керуенінде орасан зор ықпал еткен, даңқын асқақтатқан хан-батырларымыз, шешен-билеріміз жатқан өлке. Рухани жаңғыру аясында болып жатқан осындай өзгерістер көңілге қуаныш әкеледі. Әрине, елдің экономикалық жағдайын ойлай тұра, рухани мәселесін де ұмытпауымыз бек абзал. Заман ағымына сәйкес біздің де түтініміз түзу, керегеміз кең, шаңырағымыз биік болу керек. Себебі әлем қаншама кризистерді бастан кешіп жатқан уақытта соған қарамастан, біздің еліміз өркендеуін тоқтатпайды. Демек, еңбекке баулыған ұрпақтың дастарқаны әрдайым ырысқа толып тұрады.

Түркістанның бөлек облыс атануы – болашаққа деген үлкен үміт пен бүгінге деген нық сенім. Қазіргі таңда әлеуеті зор, мүмкіншілігі бар мемлекеттің ғана бәсекеге қабілетті елге айналуы мүмкін. Сондықтан соқпақ жолмен өткен, шыңдалған өлкенің даму мақсаты айқын болуы шарт.

 

Түркі елдері Түркістан қаласын рухани астанасы ретінде санайды

 

Қанат ӘУЕСБАЙ, Елбасы кітапханасының жетекші сарапшысы:

– Түркістан қаласының Түркістан облысының орталығы болуы, әлбетте облыстың экономикалық әлеуетіне оң әсерін тигізеді. Әлеуметтік нысандар, көптеген коммерциялық нысандар, мемлекеттік нысандар Түркістан қаласында алдағы болашақта бой көтерері белгілі.

Мен бұл өзгерістердің ең үлкен артықшылығын атағым келіп отыр. Түркістан тек облыс орталығы емес, ол түркі әлемінің жалпыға бірдей, ортақ рухани астанасы екені сөзсіз. Көптеген түркітілдес мемлекеттер оны мойындап, бас иеді һәм қадір тұтады. Түркістанға бүкіл түркі әлемінің назары қашанда ауып отырған. Сондықтан да Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болып бекітілуі жалпы, инвестицияның көп тартылуына зор мүмкіндіктер береді деп ойлаймын.

Тарихтан да белгілі, қазіргі түркі елдерінің басым көпшілігі Түркістан қаласын өздерінің рухани астанасы ретінде санайды. Сондықтан да түркі әлемінің ірі кәсіпкерлердің, инвестициялардың тартылуына үлкен ықпал етеді.

Түркістан қаласының дамуы жалпы, түркі әлемінің гүлденуі, өркендеп өсуі деп білемін. Көптеген рухани бай тарихи жәдігерлер, түркі әлеміне қатысты әдеби жазбалар, көнеден қалған ескерткіштер, мазарлар, кесенелер, ғасырдан-ғасырға келе жатқан аңыз-әпсаналардың түркі әлеміне ортақ болуы – заңдылық. Себебі тамыры бір халықтардың болашағы да бір деп есептеймін. Әлемдік аренада бәсекеге қабілетті, экономикалық тұрақты және рухани бай болуымыз үшін бірлік және еңбекті ұмытпауымыз қажет.

Түркістан қаласының бір ғана біздің елге емес, түркі әлеміне, жалпы әлемге берер рухани байлығы орасан зор. Халықаралық деңгейдегі туристік өлке болары, әлемге мәшһүр тәу етер қасиетті орындардың біріне айналары сөзсіз. Осы бастан сондай бағытқа жұмыс жасауымыз қажет деп есептеймін.

Инвестицияның тарту бағдарламасының жұмысы қолға алынған сәттен бастап, әлеуеттік жағдайына көңіл бөлгенмен, туристік, мәдени ескерткіштерді ұмытпауымыз қажет. Себебі қалай болған күнде де, Түркістан қаласы – ең бірінші, түркі әлемінің рухани астанасы. Зерттеген нысандардың жағдайын көтеріп, адамның қолы тимеген, зерттеудің кезегін күтіп жатқан тарихи жәдігерлердің мәселесі өз алдына бөлек бір жұмыс. Инвестицияның басым көпшілігін адамзаттың байлығы болып қалар, біздің еліміздің тарихи құнды заттарына айналар жерасты, көне қалалардан табылар маңызды жәдігерлерге назар аударуымыз қажет.

 

 

Түркістанда ғылым дамиды

 

Есен ҚАСПАҚОВ, сарапшы:

– Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы енді Түркістан облысына ауыстырылып, Түркістан қаласы облыс орталығы болды. Осы орайда, қаланың мәртебесін, халықтың жағдайын көтерер инвестицияның тартылуын барынша мұқият зерттеу керек. Бөлек облыс болған соң, мемлекет тарапынан қолдау көріп, қаржы мәселесі оңтайлы шешім қабылданар деген ойдамын.

Түркістан облысының аграрлық мәселесі оңтайлы шешімін табары сөзсіз. Оңтүстік жақта жеміс-көкөніс көптен өсіргендіктен, техникалық ерекшеліктері жоқ емес. Мысалы, қарапайым МТЗ-80 Беларус тракторлары Солтүстік Қазақстанға алдыңғы мосттың доңғалағы екеу болса, Оңтүстік Қазақстанға мақтаға арналған МТЗ-80Х қажет.

Осындай қарапайым ерекшеліктердің арқасында әр облыстағы шаруашылықтың әртүрлі сипаттары бар. Сондай жағдайларды ескере отырып, инвестиция тарту мәселесін қолға алуға болады.

Түркістан қаласы рухани астанамыз ғана емес, ол экономикалық және аграрлық тұрғысынан өте тиімді, болашағы жарқын өлкелердің бірі деп есептеуге болады.

Еліміздің өркендеуіне аса үлкен ықпал ететін аймақтардың экономикадағы үлесін көтеруімен қатар, жергілікті облысқа жататын шет аудандардың стратегиялық тұрғысынан көптеген дұрыс шешімдер қабылданары анық. Ең бастысы, қарапайым халықтың, шаруаның қамында жүрген азаматтардың одан ары дамуына себепші болары сөзсіз. Бизнеспен айналысқан, жеке шаруашылықтарымен шұғылданған кәсіпкерлерге басқа облыстармен бәсекелестікті ұлғайтуы мүмкін. Елбасымыз жасап жатқан реформалардың, арнайы бағдарламалардың септігі тек мемлекеттік ұйымдарға немесе мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарға байланысты емес. Ол жасап жатқан ісіміздің, нақтырақ айтқанда, бізге ғылыммен айналысуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында ғылымға қатысты біршама зерттеу объектілері бар. Инвестиция тарту арқылы сол жерлердегі ауызсу мәселесін, жер коррозиясын, жол салынуы және тағы басқа кезек күттірмейтін жұмыстардың барлығы да шешілуі керек.

Түркістан халқына ол үлкен серпіліс. Ақын-композиторлар жырлаған киелі өлке жаңғырып жатыр. Болашаққа деген нық сеніммен, көк аспанның астында тәуелсіз елдің тұмары болған Түркістанның топырағы бабалардың қанымен сіңген қасиет-қадірді жоғалтпайды. Ғасырдан-ғасырға мұра болып келе жатқан ғибратты ғұмырдың, парасатты ойдың, кіршіксіз сенімнің орталығы болған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы туристік өлкелердің алдыңғы қатарына шығуы бек мүмкін. Түркі әлеміне таныс киелі Түркістан қаласы біздің мақтанышымыз. Түркістан қаласының дамуы – елдің дамуы деп нық сеніммен айта аламын.

 

Түркістан Астанаға қарай жақындады

 

Талғат ЖАҚИЯНОВ, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары:

– Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) жеке-дара облыс мәртебесін иеленді. Орталығы – Түркістан қаласы. Шымкент қаласы мемлекеттік маңызды қалалардың қатарына енгені қуанышты жаңалық. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облыс орталығы атануының біршама артықшылықтары барын ескерген жөн.

Әлеуметтік тұрғысынан қарағанда, жалпы Түркістан қаласы Түркістан облысының солтүстік жағында орналасқан. Ал шетте, яғни оңтүстік жағында орналасқан халықтың мекендеу тығыздығы, облыс орталығына көшу мәселесімен біршама босайды және Түркістан облысының Мақтарал, Сарыағаш сияқты тығыздығы көп мекен-аймақтардың біршамасы босайды деп есептеймін.

Тағы бір ерекшелігі, логистикалық тұрғысынан. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы болғанда, оның орталығы Шымкент қаласы арқылы теміржолдардың торабы өтіп, ары қарай Тараз, Жамбыл желісі арқылы қатынайтын болса, енді Түркістан қаласы географиялық тұрғыдан Қарағанды қаласына жақын орналасқандықтан логистикалық инфрақұрылымдар дамитын болады. Менің ойымша, Түркістанның теміржол инфрақұрылымы Қарағанды облысы арқылы Астанаға өтіп, үлкен жол мүмкіншілігі ашылады. Себебі Қарағанды облысы мен қазіргі Түркістан облысының ортасында орналасқан қазаққа мәшһүр Бетпақдала жатыр. Егер теміржол торабы осы Бетпақдаланы төтесінен қиып өтетін болса, сол жерлерге жаңа станция-бекеттер салынып, халықтың қоныстану һәм оңтүстіктен орталыққа, оңтүстіктен солтүстікке, тіпті оңтүстіктен батысқа дейін даңғыл әрі тиімді жол қатынасы ашылады. Логистикалық дамудың арқасында азық-түліктік, басқа да адамға қажет сауда-саттық керуенінің жолы түзу болар.

Экономикалық қатынастың ахуалы көптеген жағдайда тікелей теміржол және көлік жолдары арқылы дамиды. Ал логистикалық даму Түркістан облысының экономикалық жағдайына әсер етпей қоймайды.

Ар жағында жатқан Сарыағаш, Мақтарал, Шардара елді мекендерінің хал-ахуалы артады деп есептеймін. Түркістан облысының солтүстік жағында орналасқан Түркістан қаласына халықтың көшу негізі пайда болады. Оңтүстік жағында тығыздығы біршама кеміп, ары қарай дамуға зор серпін береді.

Дегенмен, Шымкент қаласы да саяси, мәдени ықпалды, қаржылық тұрғысынан қарағанда маңызды қалалардың бірі болып қала береді. Ендігі Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстанның барлығына жұмыс жасауы қажет. Мегаполистің даму алғышарттары – сол.

Мәдени тұрғысынан да Түркістан қаласы үлкен қызмет атқарып келе жатыр. Ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан киелі мекен тек қазақ халқына ғана емес, ол – түркітілдес мемлекеттердің жалпыға бірдей рухани астанасы. Соны ұмытпай, ары қарай дамытуды қажет етеді. Ең біріншіден, қазақтың ішкі рухын бекітіп, сан ғасырдан келе жатқан тарихи жәдігерлердің қадір-қасиетін жоғалтпауымыз керек.

 

Қайрат СЕЙТҚАЗЫ

Рекомендовать
Последние новости