Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қазанда Ақордада өткен жиында ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтқан еді. Сол басқосуда Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру, балаларды үйлесімді және жан-жақты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған жүйелі шараларға назар аударып, бірқатар тапсырма берген болатын.
Цифрлық трансформациялау Аққұм ауылына да жетті
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келесі жылы 460 мыңнан астам балаға арналған 217 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олар заманауи талаптарға сай жабдықталған озық білім ошағы болады. Мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз білім алуына қолайлы жағдай жасалады. Аталған ауқымды жоба үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, қала мен ауыл мектептеріндегі білім алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, елімізде жыл сайын кемінде мың мектептің ғимаратына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Білім беру процесін цифрландыруға баса назар аударылады. Барлық мектепті жылдамдығы жоғары интернетке қосу бойынша кешенді жұмыс қолға алынады. Қосымша білім беруге ерекше мән беріледі. Оның аясында үш миллионнан аса адамды қамту жоспарланып отыр», деген Қасым-Жомарт Кемелұлы елді мекендерді, оның ішінде білім беру мекемелерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов пен Қазығұрт ауданының әкімі Исмаилов Азизхан Қазығұрт, аймақтағы Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты Аққұм ауылында болды.
Қазан айында «Kcell» АҚ бұл ауылға 4G стандартына сәйкес келетін базалық станция орнатқан болатын. Мобильді интернет желісінің жылдамдығы 21 Мбит/с. Сонымен қатар «Транстелеком» АҚ Аққұм бастауыш мектебіне 10 Мбит/с жылдамдықтағы жоғары жылдамдықты интернет желісін ұсынды. Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету және архивтер басқармасының бастамасымен мектепке радиохабар тарату технологиясы бойынша 20 Мбит/с жылдамдықтағы интернет желісі жүргізілді.
Мектептегі интернет мәселесі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісін қамту жоспары арқылы толығымен шешілмек.
Аппарат басшысы мектеп ұжымымен кездесіп, пікір алмасты. Ол мекемені жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесін шешу жұмыстары жалғасатынын айтты.
– Аққұм ауылында базалық станция орнатылып, мектептерде интернетке қолжетімділік артты. Мұғалімдерге электрондық құжат толтыруға толық мүмкіндік пайда болды. Көрші ауылдардағы интернет мәселесін де көтеріп жүрсіз. Бұл мәселе бойынша нұсқау берілді, техникалық жағдайын қарап жатырмыз, мәселені барынша қысқа мерзімде шешеміз, – деді Е.Әлімқұлов.
Білім беру жүйесін сапалы әрі ауқымды цифрлық трансформациялау бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жұмыстар жүргізілмек. Бұл ретте Түркістан облысы әкімдігінің цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов оқушылардың білімін арттыру үшін интернет мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, онлайн байланыс арқылы білікті ұстаздарды тартуды ұсынды. Аппарат басшысы ұсынысты қолдап, байланыс операторларының басшыларына бірқатар ұсынысын жеткізді.
Аққұм ауылдық орта мектебінде «Транстелеком» АҚ қаражаты есебінен мектепішілік жергілікті желілерді ұйымдастыру жобасы пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылады.
Аудандағы жұмыс сапары барысында аппарат басшысы ауылдарға оптикалық интернет желісін тарту ісімен айналысып жатқан жеке инвестормен кездесті. «COMDATA» ЖШС Қазығұрт ауданы елді мекенінің тұрғындарын заманауи GPON технологиясын қолдана отырып, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта елді мекендерді сапалы интернет желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар білім нысандарында бейнебақылау және толық дабыл жүйесін орнату жұмыстары бақыланады.
«Қазақтелеком» АҚ интернет жылдамдығы төмен 84 мектепті, «Транстелеком» АҚ 24 мектепті оптикаға көшіру жұмыстарын жүргізуде. Осыған сәйкес интернет жылдамдығы төмен 139 мектептің 52-сі жыл соңына дейін талшықты-оптикалық желіге көшеді.
Жаңа технология Түркістан жастарына қолжетімді ме?
Биылғы қыркүйек айында Мемлекет басшысы Түркістан облысына барған сапары кезінде жергілікті жұртшылықпен кездесіп, біраз мәселе көтерді. Соның ішінде жастарға жағдай жасау ісіне де барынша назар аударды.
– Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер, – деген Қ.Тоқаев жастардың жайлы өмір сүріп, сапалы білім алуына, жаңа технологиялардан шет қалып кетпеуіне әкімдіктер барынша көңіл бөлу керектігн жеткізді.
Осы орайда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы жастар ресурстық орталығының жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Дінислам Бимаханбетовті сөзге тартып, өңір жастарының заман жетістіктерінен, атап айтқанда интернеттің игілігінен, ІТ және цифрлық, электрондық технологиялардан шет қалып кетпеу үшін нендей жұмыстар қолға алынып жатқанын сұрадық.
– Біздің басқарманың мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірде 14-35 жас аралығында 663 260 жас бар. Қазіргі таңда облыс аумағында жұмыс істейтін жастар ресурстық орталықтарының саны 18, олардың біреуі – облыстық, 3-еуі – қалалық, ал қалған 14-і аудандық деңгейдегі орталықтар. Өңірдегі осы орталықтарда жалпы саны 423 маман еңбек етеді. Осы мамандардың басым көпшілігі, яғни 340-ы жастармен тікелей жұмыс істейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына тұжырымдамалық бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, соның арқасында жастар категориясы 29 жастан 35 жасқа дейін создырылған. Осы игіліктің шарапаты аясында жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану бұған дейінгі 3,5 млн жастан бірден 6 млн жасқа дейін көтеріліп, бұрынғы талап бойынша жастар санатынан шығып қалған көптеген азаматтың еңсесі көтеріліп қалды, – дейді Д.Бимаханбетов.
Оның айтуынша, осыдан бес жыл бұрын Түркістан қаласында көпфункционалды үлгідегі заманауи жастар ресурстық орталығының су жаңа ғимараты пайдалануға берілген екен. Осының арқасында жастардың жан-жақты дамуына, бойындағы өнері мен қабілетін шыңдауына барлық жағдай жасауға болатын мүмкіндік пайда болған. Айталық, кәсіп ашып, табыс табам деушілерге Коворкинг орталығы, ІТ-park, заңгерлік кеңестер қарастырылыпты.
– Сонымен бірге өңір жастары еріктілер клубы, «Жас сарбаз», электронды кітапхана, тілдер мектебі, интернет желісі, мәжіліс залы, спорт алаңшалары және тағы басқаларының игілігін көре бастады. Мұндағы көпфункционалды орталық бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алатын әлеуетке ие.
Бұл орталықта «Жастарға қызмет көрсету» орталығы, «Мобильді топ», Turkistan HUB coworking zone, IT PARK, Робототехника мектептері, Коворкинг алаңы, электронды кітапхана, «Жас сарбаз», «Еріктілер мектебі», «Құрылыс жасақтары», «Тілдер мектебі», түрлі жастар ұйымдары, медиа студия және психологиялық терапия т.б көптеген жастар клубтары, мектептер мен үйірмелер жұмыс істеп, жастарға мемлекет ұсынған тиісті қызметтердің игілін көріп келеді. Одан бөлек, жастар аталған ғимараттағы «relax zone» демалыс аймағында, ғимарат сыртындағы ауласында орналасқан футбол, волейбол, баскетбол, теннис алаңшаларында уақытты тиімді өткізіп, сүйікті спортымен айналыса алады, – дейді Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы жастар ресурстық орталығының жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Дінислам Бимаханбетов.
Жалпы халқының 25,2 пайызын жастар құрап отырған Түркістан облысына мұндай ғажайып ғимараттың ауадай қажеттігі айтпаса да түсінікті мәселе.
Интернет алаяқтық фактімен 500-дей іс тіркелді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деп бұл бағытта атқарылар жұмыстарға назар аударған.
Жалпы елімізде соңғы жылдары интернет-алаяқтық сипатындағы қылмыстық әрекеттер қатары күрт артып келеді. Осыған байланысты еліміздің ьөзге өңірлеріндегідей Түркістан облыстық полиция департаментінде де «CyberPol» тобы құрылған. Бұл жөнінде баспасөз мәслихатында облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Ермек Шаким айтып өтті.
«Статистикаға сүйенсек, осы жылдың 10 айының қорытындысымен облыс аумағында интернет-алаяқтыққа қатысты 454 іс тіркелді. Оның ішіндегі 196-сын сотқа жолдадық. Бұл бағыттағы қылмыстардың ашылуы 44,5 пайызды құрады.
Биылғы қараша айынан бастап Ішкі істер министрлігінде интернет-алаяқтықпен күрестің тиімділігін арттыру мақсатында киберқылмысқа қарсы күрес департаменті жұмысына кірісті. Алдағы күндері өңірде осы сияқты дербес басқарма ашу жұмыстары қолға алынып жатыр. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде арнайы мақсаттағы топтың парақшаларын аштық. Ендігі жерде интернет-алаяқтардың қақпанына түсіп, құрбаны болған азаматтар әлеуметтік желілерде ашылған парақшаларымызға өзінің анонимді арыз-шағымдарын жолдай алады», деді аға жедел уәкілі Ермек Ералыұлы.