Бүгін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы аумағында орналасқан «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген шатқалында дала және орман өрттерін сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өтті. Іс-шара өрт қаупі жоғары маусымның басталуына орай ұйымдастырылып, табиғи өрттердің алдын алу шараларын пысықтауға бағытталды.
«Бүгінгі оқу-жаттығудың мақсаты – Алматы облысы ТЖД мен жұмылдырылған барлық күштердің әрекетін бағалау және дала өрттерінің алдын алу. Біз шартты өртті сөндіру бойынша практикалық шараларды іске асырдық. Мұндай жаттығулар алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл тәжірибе алмасуға, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және техникалық базаны жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Даурен Дәулетқанұлы Оразбеков.
Жаттығу алдын ала бекітілген сценарий бойынша өтті. Оған Алматы облысы ТЖД қызметкерлері, «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары, Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті атқарушы органдары мен «Қазавиорманқорғау» РМК мамандары қатысты.
Сценарий бойынша шартты өрт Тұрген шатқалында орын алды. Қолайсыз ауа райының салдарынан от үлкен аумаққа таралып, орман алқабына және Тұрген ауылының тұрғындарына қауіп төндірді.
Өртті сөндіруге «Қазавиорманқорғау» мекемесінің құтқару тікұшағы мен ұшағы, 5 атты барлау тобы, 35 техника бірлігі, 200 жеке құрам қызметкері және Алматы облысы ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың бір кинологиялық есебі жұмылдырылды. Медициналық көмек көрсету үшін Төтенше жағдайлар медицинасы орталығының 3 дәрігері тартылды. Жергілікті тұрғындар мен шетелдік туристер эвакуацияланды: барлығы 20 адам (10 турист және 10 ауыл тұрғыны) құтқарылды.
Жеке құрам есептері жедел түрде орналастырылып, су тарту Түрген өзенінен ұйымдастырылды. Үйлесімді іс-әрекеттердің арқасында өрт оқшауланып, толықтай сөндірілді.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі