Ереванда Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды

Кәмшат Тілеухан 19 апр. 2025 17:03 251

Арменияда өтіп жатқан Қазақстанның мәдени күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Айтулы оқиға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген мемлекеттер басшылары арасындағы келісім нәтижесінде жүзеге асты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының ресми делегациясын бастап барған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасян, Ереван қаласы мэрінің бірінші орынбасары Армен Памбухчян, Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Иманбаев, сондай-ақ қос елдің зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар мен армян астанасының қонақтары қатысты.

Саябақтың ашылу салтанатында қысқаша сөз сөйлеген Аида Балаева Армения билігіне және жобаның жүзеге асуына атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді. Министр бұл оқиғаның екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіретінін атап өтті.

– Біз бүгін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Армения астанасында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған саябақ ашылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Республикасына ресми сапары аясында Астана қаласындағы бір көшеге армян әліпбиінің негізін қалаушы Месроп Маштоц есімін беру туралы екіжақты келісім жасалғаны белгілі.
Бүгін біз сол келісімнің, достық пен тығыз мәдени байланыстардың айқын көрінісіне айналғанын көріп отырмыз, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі.

Салтанатты іс-шара аясында Қазақстан мен Армения министрлері екі ел арасындағы мәдени байланыстардың тамыры тереңдеп, болашақта одан әрі нығая түсетінінің нышаны ретінде саябаққа ағаш отырғызды.

Айта кетейік, Абайға арналған ескерткіштер, бюсттер мен мемориалдық тақталар әлемнің ондаған елінде – Босния және Герцеговина, Германия, Грузия, Иран, Корея, Қытай, Қырғызстан, Венгрия, Египет, Өзбекстан, Румыния, Түркия, Түрікменстан, Франция, Швейцария және Татарстанда (Ресей) орнатылған.

Мерекелік іс-шара соңы Абай Құнанбайұлының «Сегіз аяқ» шығармасын орындаған Қазақстанның домбырашылар ансамблі мен Аван Мәдениет үйінің жас өнерпаздарының концертімен жалғасты. Сонымен қатар қонақтар қазақ халқының ұлттық мәдениетімен, заманауи әдебиетімен және дәстүрлі тағамдарымен танысты.

Бүгін министр Аида Балаева бастаған қазақстандық делегация Месроп Маштоц атындағы көне қолжазбалар ғылыми-зерттеу институты – Матенадаранға барып, армян халқының ежелгі жазба мұрасымен, оның ішінде армян әліпбиінің негізін қалаушының қолтаңбасы бар делінетін манускрипттермен танысты.

Мәдени күндер бүгін Ереван қаласындағы Арам Хачатурян атындағы орталық концерт залында өтетін гала-концертпен қорытындыланады.


Рекомендовать
Последние новости