"Туыстарының атына рәсімдеген": Депутат жерді заңсыз берген экс-әкімдердің былығын ашты

Қаракөз Амантай 21 февр. 2024 14:46 3896

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жерді заңсыз берген белгілі шенеуніктердің есімін атады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, "заңсыз берілген жер" мәселесі бірнеше рет көтеріліп, тіпті сотқа дейін барған.  

"Барлық өңірді аралап, тиісті тексеріс жұмысын жүргіздім. Алматы, Шымкент, Атырау қалалары, Алматы облысы, Жетісу және Түркістан облысы бойынша тиісті қаулыларды көтердік. Туындайтын сұрақ өте көп. Бір ғана мысал келтірейін. Алматы қаласын алатын болсақ, мұнда бірталай қаулыны қарағанбыз. Оларды тексеруден бөлек, соттың шешімдері бар заң күшіне енген. Ал сот шешіміне сәйкес әкімдер жерді заңсыз бергені анықталды. Жер кодексінің 43, 44 – 1, 49-1 баптарын қатаң түрде бұзып, жерді берді деген соттың шешімдері бар. Олар - Ахметжан Есімов, Иманғали Тасмағамбетов, Бауыржан Байбек. Тіпті мен өзім заңгер ретінде Байбек әкім болған кезінде үш қаулысын заңсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беріп, соның екі қаулысын соттың шешімі бойынша бұздыртқанмын. Мәселен, бәрімізге белгілі "Рахат" базарының үлкен жерін "ТКМ" ЖШС құқығын шектеп, "Алматы СПС" фирмасына беріп жіберген. Ал "Алматы СПС" артында сол Ескі Қазақстанның өкілдері тұр. Яғни Бауыржан Байбектің жақын туыстарының атына рәсімделген ТОО-лар. Сөйтіп біз оларды сотқа беріп, 3 жыл соттастық. 2022 жылы Алматы қалалық сотының шешімімен "Алматы СПС" фирмасына берілген жер заңсыз екені айтылып, тиісті соттың шешімі шықты. Басқа мемлекеттерде бұл қаулыны алып, прокуратураға жібереді. Прокуратурада қылмыстық іс қозғауға болатын еді", - дейді Бақытжан Базарбек Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында.

Бұдан бөлек депутат Алматының апорты мәселесіне тоқталып өтті.

"Алма бақтарын алып қарастырайықшы. "Горный гигант" деген алма бағына Хамыраевтар отбасы иелік етеді. Сол отбасыға тиесілі жер басында мемлекеттік меншікке қайтарылған. Алматыдағы алма бақтарының өзі жоқ болып кеткен ғой. Сол апорт алмалары. Қазір біз туристік секторды дамыту үшін де туристік өнім ретінде алматының апортын ұсынып отырмыз. Кеше ғана Тоқаев Италияға барып таныстырған еді. Ал іс жүзінде апортты өсіретін барлық жерге коттедж үй соғып тастаған әрі зәулім пентхаустар бой көтерген. Апорттың бәрін кесіп тастаған. Қазір алматының апорты тек екі жерде өседі. Бұл кішігірім саяжай, үйлердегі апортты алмаған кезде. Мың бақтың ішінде екеуі ғана қалды. Ол қазір тек Талғар және Қарасай ауданында ғана өседі. Сол Хамыраевтардың жеріне Есімов, Тасмағамбетов, Байбек, Сағынтаевтың қатысы бар. Ең соңында біз "Жер аманаты" комиссиясының нәтижесінде Сағынтаевтың қол қойған қаулысын бұздық. Соттың шешімі бойынша заңсыз деп таныдық. Алысқа барудың қажеті жоқ. Мысалы, КазГУ-дың жеріне қатысты Бауыржан Байбек, Сағынтаевтың бес қаулысын және төрт жалға алу шартын заңсыз деп таныдық. Үш қаулысы әлі бар, бұзылмаған. Осыған ұқсас қаулылардың Алматы қаласы бойынша бірнешеуін бұздырттым", - дейді Базарбек.


Рекомендовать
Последние новости