Трамптың шешімі: Қазақстан келіссөз жүргізіп жатыр

Сағыныш Сардарова 29 апр. 2025 17:55 502

Қазақстан АҚШ тарапымен келіссөз жүргізіп жатқаны белгілі болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Серік Әшитов мәлімдеді.

"9 сәуірде Америка Құрама Штаттары жоғары тарифті енгізу жұмыстарын 90 күнге кейінге қалдыратынын жариялады. Бүгінде Қазақстан Үкіметі елімізге жоғары тариф енгізілмеуі үшін АҚШ-пен кеңесті бастады", - деді Әшитов ӨКҚ брифингінде.

Серік Әшитов АҚШ енгізіп жатқан шаралар Америкаға бағытталатын қазақстандық экспорттың 4,8 пайызына ғана әсер ететінін мәлімдеді. Оның сөзінше, АҚШ-қа бағытталатын, қазақстандық экспорттың шамамен 90 пайызы болатын мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа сияқты негізгі экспорт тауарларына бұл әсер етпейді.

"Бұл шараларды енгізу Қазақстан экспортына айтарлықтай әсер етеді деуге негіз жоқ. Соған қарамастан Үкімет пен Сауда және интеграция министрлігі осындай біржақты шаралардың салдарын азайту және сауда қатынасын нығайту үшін америкалық әріптестермен жұмысты жалғастырады", - деді департамент басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп 185 елге, соның ішінде Қазақстанға баж салығын енгізетіні хабарланды. 


Рекомендовать
Последние новости