Жуырда АҚШ президенті сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетті. АҚШ президенттігіне кандидат болған Дональд Трампты ашық қолдаған миллиардер Илон Маск оның сайлаудағы жеңісіне барын салған тәрізді. Кәсіпкердің қалтасы толық жұқармаса да, бұған қомақты қаражат құйған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
NBC News мәліметінше,Маск Трампты сайлауға ғана емес, түсік жасату мәселесінде Трампты қорғаған RBG PAC компаниясын да қаржыландырған.
"Миллиардер Илон Маск 2024 жылғы науқанның соңында жұмбақ суперпартияға 20 миллион доллардан аса қаражат құйды, бұл - президент Дональд Трампты қолдауға жұмсаған 250 миллион доллардың бір бөлігі", - делінген басылымда.
Бұған дейін Дональд Трамп кәсіпкер Илон Маскқа қатысты мәлімдеме жасап, ол үкіметтің тиімділігі жөніндегі басқармаға жетекші болатынын айтты.
Айта кетейік, қолданыстағы ережелерге сәйкес АҚШ президенті ретінде Трамп өз міндеттерін 2025 жылғы 20 қаңтарда бастайды.
Сол күні салтанатты ант беру рәсімін қамтитын АҚШ Президентінің инаугурациясы өтеді. Дәстүр бойынша бұл қоғамдық іс-шара Вашингтонда өтеді, бұл кезде жаңа президент сөз сөйлейді. Инаугурацияға орай салтанатты шеру мен бал ұйымдастырылады.
Еске салайық, бұған дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі м.а. Жанат Момынқұлов Dalanews.kz-ке сұхбат беріп, сайлау нәтижелері туралы болжам жасады.
"Трамп әлемдік саясатта ойып тұрып орын алады. Оның үстіне қазіргідей дағдарыс, соғыс жағдайында оның іс-қимылы - бәрі өте маңызды. Бірақ Харрис қалған жағдайда Американың осы саясаты жалғаса береді. Қытайға, Ресейге, Иранға қатысты шектеу, тежеу саясаты жүреді.
Менің ойымша, Харристің жеңісіне қуанамыз. Ал Трамп келетін болса, Ресеймен қарым-қатынасындағы өзгерістер Орталық Азияға, бізге салқын әсер етеді. Бәрі айналып келгенде халықаралық жүйеге әсер етеді. Біз болжап болмайтын оқиғалар басталып кетуі мүмкін. Харрис Орталық Азияға жаңа бір көзқарас танытуы мүмкін, ол - Ақ үйдің маңындағы бюрократтардың өкілі, тұрақтылықтың "гарантиясы". Ал Трамп келсе, Украинадағы жағдай ұзаққа созылатын дауға айналуы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, Харристің келгені Қазақстанға тиімді. Орталық Азияға тікелей әсері болмаса да, шешімдері арқылы айналып келгенде әсері болады", - деді ол.