Қостанай облысында пара алған шенеунікке сот үкімі шықты

Қаракөз Амантай 05 дек. 2024 17:30 1200

Рудный қалалық соты "Тобыл – Торғай су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциясы" РММ мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы С. Мұқашевке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Антикордың деректеріне сүйенсек, Мұқашев су заңнамасын бұзушылықтарды анықтау бойынша жоспарлы тексеру барысында тиісті шаралар қабылдамағаны үшін Рудный қаласындағы бау-бақша кооперативінің төрағасынан 1,1 млн теңге пара алған.

“Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 33,3 млн теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін ҚМА-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті “Азаматтарға арналған үкімет” КЕАҚ Өскемен қаласындағы мамандандырылған бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты тергеуді аяқтағанын хабарлаған едік.

Антикор мәліметінше, тергеу нәтижесінде 2023 жылдың ақпан-қазан айлары аралығында күдіктінің жүргізуші куәлігін алу үшін жол қозғалысы ережелерінен теориялық емтихан тапсыратын азаматтардан заңсыз сыйақы жинау схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

Агенттіктің Follow the money қағидаты бойынша жүргізілген “Параллельді қаржылық тергеу” жобасы 32 млн теңгеден астам заңсыз табысты әшкереледі. Тергеу барысында күдіктінің банктегі жеке шотына мобильді қосымша арқылы сыйақы аударылғаны белгілі болды. Заңсыз кірістерді жасыру үшін ол өз шоттары арасында бірнеше рет аударымдар жасаған.

Сонымен қатар, күдікті қылмыстық жолмен алынған ақшаға Өскемен қаласында екі бөлмелі пәтер сатып алып, оны анасының атына рәсімдегені анықталды. Кейін пәтерді тәуліктік жалға беру арқылы қосымша 1,2 млн теңгеден астам табыс тапқан.

Сотқа дейінгі тергеу басталғаннан кейін күдікті бұл пәтерді үшінші тұлғалардың атына аударып, тәркілеуден жалтармақ болған.

Сот шешімі бойынша күдікті кінәлі деп танылып, Өскемендегі екі бөлмелі пәтері (19,5 млн теңге көлемінде) мемлекетке тәркіленді. Сондай-ақ оған 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.


Рекомендовать
Последние новости