Қазақстанның бейбіт миссиясы: Президент бастамалары халықаралық аренада ерекше бағалануда

Dalanews 13 дек. 2025 10:30

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық аренадағы бастамалары соңғы жылдары Қазақстанның сыртқы саяси брендіне айналды. Бейбітшілік, сенім және көпжақты дипломатияны ілгерілету – Тоқаев кезеңіндегі сыртқы саясаттың бағаналы тіректерінің бірі. Ашхабадта өткен Бейбітшілік пен сенімнің халықаралық жылына арналған форумға Мемлекет басшысының қатысуы осы бағыттағы Қазақстанның рөлін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

БҰҰ аясындағы бастамаларды қолдау, өңірлік қауіпсіздік архитектурасын жаңғырту, халықаралық құқық пен диалогты алдыңғы орынға шығару – Тоқаевтың халықаралық дискурста дәйекті түрде көтеріп жүрген мәселелері. Қазақстанның сенімді, бейтарап және жауапты әріптес ретіндегі беделі дәл осындай алаңдарда қалыптасып, тереңдей түсуде.

Түрікменстан бейтараптығының 30 жылдығына арналған мерейтойлық шараларға қатысуы, ТМҰ елдерімен және Ресеймен кездесудері, бейбітшілік бастамалары – мұның барлығы Тоқаевтың диалогқа негізделген сыртқы саясат философиясының жүйелі әрі прагматикалық сипатын айқындайды.

Осы сұхбатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова Президенттің бастамаларының халықаралық маңызына, Қазақстанның бейбітшілік пен сенімнің жаһандық күн тәртібін қалыптастырудағы орнына және өңірлік дипломатияның жаңа келбетін жасауға қосып жатқан үлесіне тоқталады.

- Қазақстанның белсенді сыртқы саяси ұстанымын ескерсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейбітшілік пен сенімнің халықаралық жылына арналған форумға қатысуының маңызы қандай?

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылы деп жариялауы бейбітшілікті тек қақтығыстардың жоқтығы ретінде емес, диалог, алдын алу дипломатиясы және орнықты даму арқылы жүзеге асатын кешенді үдеріс ретінде түсінудің маңызын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабадта өткен халықаралық форумға қатысуы Қазақстанның белсенді әрі көпвекторлы сыртқы саясатының көпжақты дипломатиямен институционал деңгейде ұштасқанын айқын аңғартады.

Мемлекет басшылары деңгейіндегі бұл форум Қазақстанның халықаралық нормативтік күн тәртібімен үйлесімді әрекет етіп қана қоймай, оны өңірлік деңгейде нақты іске асыру әлеуетіне ие екенін көрсетеді. Форумның мазмұндық өзегі – бейбітшілік, сенім және тұрақтылық ұғымдары – Қазақстанның соңғы жылдары жүйелі түрде алға тартып келе жатқан диалог архитектурасы тұжырымдамасымен тікелей үндес. Президент Тоқаевтың жаһандық қауіпсіздік архитектурасындағы осал тұстарды еңсеру үшін ұжымдық жауапкершілік пен көпжақты ынтымақтастықты күшейту қажеттігін дәйекті түрде көтеріп келе жатқан ұстанымы бұл форумда қағидаттық сабақтастықтың нақты көрінісін тапты.

Сонымен қатар, форумның Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен тұспа-тұс келуі Орталық Азия кеңістігінде тұрақтылықты нығайтатын ортақ қағидаттар төңірегінде саяси диалогты тереңдетуге мүмкіндік берді. Түрікменстанның бейтараптық саясатының БҰҰ деңгейінде мойындалуы бұл бастаманың аймақтық қана емес, жаһандық бейбітшілік пен сенімді нығайтудағы маңызын көрсетеді.

- Президент Тоқаевтың бұл іс-шараға қатысуы Қазақстанның халықаралық істердегі жауапты әрі бейтарап әріптес ретіндегі имиджін қалай нығайтады?

Президент Тоқаевтың форумға қатысуы Қазақстанның халықаралық істердегі жауапты әрі бейтарап серіктес ретіндегі имиджін бірнеше деңгейде нығайтады. Ең алдымен, мұндай алаңдар жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп талқылайтын көпжақты дипломатияның маңызды тетігі саналады. Қазақстанның жоғары деңгейдегі қатысуы елдің БҰҰ қағидаттарына адалдығын және бейбітшілікке негізделген көпжақты ынтымақтастықты қолдайтынын айқын көрсетеді.

Екіншіден, көпвекторлы сыртқы саясат шеңберінде Қазақстанның бейтарап әрі теңгерімді ұстанымы халықаралық қауымдастықтың елге деген сенімін арттырады. Бұл саясат геосаяси блоктарға біржақты тәуелді болмай, өзара сыйластық пен тең құқыққа негізделген қарым-қатынастарды дамытуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, мұндай форумдарға белсенді қатысу Қазақстанның жаһандық саяси брендін – бейбітшілік, сенім және тұрақты даму салаларындағы бастамашыл әрі сенімді мемлекет ретіндегі беделін күшейтеді. Бұл Қазақстанның белгілі бір лагерьдің емес, жауапты әрі конструктивті серіктестің рөлін таңдағанын нақты көрсетеді.

- Түрікменстан бейтараптығының 30 жылдығына арналған мерейтойлық шараларға Қазақстан басшысының қатысуының символизмі неде?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған іс-шараларға қатысуы терең саяси-дипломатиялық мәнге ие. Бұл қадам Қазақстанның көршілес мемлекеттердің сыртқы саяси таңдауына құрметпен қарайтынын және халықаралық құқық шеңберінде мойындалған қағидаттарды қолдайтынын білдіреді.

Сонымен бірге бұл қатысу Орталық Азиядағы тұрақтылық пен саяси үйлесімділікті нығайтуға бағытталған ортақ көзқарастың белгісі. Қазақстан мен Түрікменстан әртүрлі сыртқы саяси модельдерді ұстанғанымен, оларды бейбітшілікке, егемендікке құрмет пен диалогқа негізделген ортақ құндылықтар біріктіреді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан бейтараптықты тек ұлттық саясат емес, аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор ретінде қабылдайтынын аңғартады.

Бұл символикалық қадам Қазақстанның Орталық Азиядағы үйлестіруші және жауапты актор ретіндегі стратегиясымен толық сәйкес келеді. Ел аймақтық көшбасшылықты күш көрсету арқылы емес, сенімге, саяси даналыққа және өзара құрметке негізделген дипломатия арқылы жүзеге асыруды көздейтінін көрсетіп отыр.

- Диалог пен тұрақтылықты ілгерілетуге бағытталған Президент Тоқаевтың саясаты қаншалықты жүйелі және бірізді?

Президент Тоқаевтың диалог пен тұрақтылықты ілгерілетуге бағытталған саясаты жүйелі әрі ішкі логикалық бірізділігімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы бұл ұстанымды қысқа мерзімді саяси конъюнктураға емес, халықаралық құқық нормаларына, көпжақты дипломатия қағидаттарына және ұзақ мерзімді тұрақтылық мүдделеріне сүйене отырып қалыптастырды.

Диалогқа басымдық беру тек риторика деңгейінде емес, нақты дипломатиялық тәжірибеде де көрініс табуда. Қазақстан халықаралық және өңірлік алаңдарда пікір алмасу, сенім шараларын дамыту және қайшылықтарды бейбіт жолмен реттеу бастамаларын тұрақты түрде қолдап келеді. Бұл тәсіл елдің сыртқы саясаттағы болжамдылығын арттырып, Қазақстанды күрделі геосаяси жағдайда да конструктивті ұстаным ұстана алатын серіктес ретінде танытады.

Сонымен қатар, бұл саясат ішкі реформалар мен сыртқы бастамалардың өзара сабақтастығымен сипатталады. Президент Тоқаев елдің орнықты дамуын халықаралық сенімнің негізгі алғышарты ретінде қарастырып, ішкі жаңғыруды сыртқы бейбіт бастамалармен байланыстырады.

- Бейбітшілік, сенім және тұрақты даму мәселелері бойынша ТМҰ елдерінің ортақ ұстанымын қалыптастыруда Қазақстанның, атап айтқанда Тоқаевтың рөлі қаншалықты маңызды?

Бейбітшілік, сенім және тұрақты даму мәселелері бойынша Түркі мемлекеттері ұйымы аясында ортақ ұстаным қалыптастыруда Қазақстанның рөлі айрықша. Ел ТМҰ күн тәртібін прагматикалық, инклюзивті және ұзақ мерзімді мақсаттарға бағыттауға ұмтылып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түркі ынтымақтастығын тек мәдени-тарихи өлшемдермен шектемей, оны қауіпсіздік, тұрақты даму және сенім шаралары сияқты заманауи халықаралық мәселелермен толықтыруды дәйекті түрде қолдап келеді. Президент Тоқаевтыңбастамалары ТМҰ-ны декларативті алаңнан практикалық өзара іс-қимыл форматына көшіруге бағытталған.

Қазақстанның бұл үдерістегі ықпалы оның теңгерімді әрі делдалдық әлеуетімен тығыз байланысты. Ел түркі әлемінің ішкі бірлігін нығайта отырып, ұйымды жаһандық бейбітшілікке үлес қосатын ашық әрі түсінікті платформа ретінде дамытуға ұмтылады.

- Тоқаевтың түркі мемлекеттерінің және Ресейдің басшыларымен кездесуі өңірлік үйлестіру мен өзара іс-қимылға қалай әсер етуі мүмкін?

Президент Тоқаевтың түркі мемлекеттері мен Ресей басшыларымен өткізген кездесулері өңірлік үйлестіруді күшейтуге бағытталған маңызды саяси сигнал екені анық. Бұл Қазақстанның теңгерімді және прагматикалық сыртқы саясатын айқын көрсетеді. Жоғары деңгейдегі тікелей диалог қазіргі күрделі геосаяси жағдайда сенімді сақтаудың негізгі тетігіне айналып отыр. Президент Тоқаевқақтығыстарды ушықтырудан гөрі олардың алдын алуға және өзара түсіністікті арттыруға бағытталған ұстанымын дәйекті түрде көрсетіп келеді. Сонымен қатар, бұл кездесулер Қазақстанның арағайындық және үйлестіруші әлеуетін нығайтады. Ел дипломатиялық беделі мен сенім капиталына сүйене отырып, өңірлік өзара іс-қимылды жүйелеуге қолайлы жағдай қалыптастырады.

- Осындай жоғары деңгейдегі форумға қатысудан кейін түркі ынтымақтастығын кеңейту тұрғысынан Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?

Осындай жоғары деңгейдегі халықаралық форумға қатысу Қазақстан үшін түркі ынтымақтастығын кеңейту бағытында бірқатар жаңа саяси және институционал мүмкіндіктер ашады. Ең алдымен, бұл Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бастамашыл рөлін күшейтіп, ортақ күн тәртібін қалыптастырудағы ықпалын арттырады. Форум барысында көтерілетін бейбітшілік, сенім және тұрақты даму мәселелері түркі елдері үшін де өзекті болғандықтан, Қазақстан осы тақырыптарды түркі ынтымақтастығының стратегиялық бағытымен үйлестіруге мүмкіндік алады.

Мұндай алаңдардан кейін Қазақстан түркі мемлекеттері арасындағы өзара іс-қимылды тек мәдени-гуманитарлық деңгейде ғана емес, қауіпсіздік, дипломатиялық үйлестіру және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара қолдау бағыттарында тереңдетуге қолайлы жағдайға ие болады. Президент Тоқаевтың көпжақты форматтардағы белсенділігі Қазақстанды түркі әлемі ішінде халықаралық диалогты сыртқы серіктестермен байланыстыра алатын мемлекет ретінде көрсетеді. Бұл өз кезегінде ОТГ-ның халықаралық беделін арттырып, оны жаһандық үдерістерге бейімделген ықпалды платформаға айналдыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, форумнан кейінгі кезең Қазақстан үшін түркі ынтымақтастығын практикалық мазмұнмен толықтыру мүмкіндігін кеңейтеді. Ортақ жобаларды іске асыру, келісілген ұстанымдарды халықаралық деңгейде ілгерілету және өңірлік тұрақтылыққа қатысты үйлестірілген көзқарас қалыптастыру осы мүмкіндіктердің қатарында. Қазақстан бұл үдерісте біріктіруші әрі үйлестіруші рөл атқара отырып, түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын бәсекелестік емес, өзара толықтыру мен сенімге негізделген форматта дамытуға жағдай жасай алады.

Елімізге берер мүмкіндіктері де көп. Қысқасы,Қазақстан үшін жаңа экономикалық, мәдени және технологиялық серіктестік мүмкіндіктері ашылады. Ортақ көлік дәліздері мен транзиттік инфрақұрылымдарды дамыту, цифрлық трансформация және білім беру жобалары сияқты бағыттарда бірлескен бастамаларды күшейтуге негіз қалыптасады. Қазақстан өзінің геосаяси орналасуы мен саяси тұрақтылығын пайдалана отырып, түркі кеңістігінде көлік дәліздері мен транзиттік инфрақұрылым тұрғысынан хаб рөлін атқара алады. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық дамуына тікелей әсер ететін ұзақ мерзімді инвестициялар мен жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

- Халықаралық аренада Президент Тоқаев ұсынған бейбітшілік пен сенімді нығайтуға қатысты қай бастамалар ең өзекті және маңызды деп санайсыз?

Халықаралық аренада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бейбітшілік пен сенімді нығайтуға қатысты бастамалар өзектілігімен және жүйелі тұжырымдамалық негізімен ерекшеленеді. Солардың ішінде көпжақты дипломатияны жаңғырту, халықаралық құқықтың әмбебап қағидаттарын сақтау және БҰҰ-ның орталық үйлестіруші рөлін күшейтуге бағытталған көзқарас ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық қатынастардағы сенім дағдарысын еңсеру үшін күшке емес, келіссөздер мен диалогқа негізделген тәсілді дәйекті түрде алға тартып келеді.

Айрықша назар аударуға тұрарлық бастамалардың бірі өңірлік және жаһандық деңгейде сенім шараларын дамыту идеясы. Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) ұзақ жылдар бойы көрсетіп келе жатқан қолдауы Президент Тоқаев кезеңінде де мазмұндық тұрғыдан жалғасын тапты. Бұл бастама сенімді тек саяси мәлімдемелер арқылы емес, институционал тетіктер, тұрақты диалог алаңдары және практикалық ынтымақтастық арқылы нығайтудың маңызын көрсетеді.

Сонымен қатар, Президент Тоқаевтың бейбітшілік пен тұрақты дамуды өзара тығыз байланысты ұғымдар ретінде қарастыруы халықаралық қауымдастық үшін өзекті ұсыныс. Ол қауіпсіздік мәселелерін әлеуметтік-экономикалық даму, климаттық тұрақтылық және инклюзивті өсімнен бөліп қарастыру мүмкін еместігін атап өтеді. Осы тұрғыдан алғанда, Тоқаевтың бастамалары Қазақстанды халықаралық аренада тек бейбітшілікке шақыратын емес, оны ұзақ мерзімді негізде қамтамасыз ету жолдарын ұсынатын жауапты әрі ойластырылған серіктес ретінде танытады.

- Ғаламдық қауіпсіздік пен мемлекетаралық диалогты күшейту жөніндегі Тоқаевтың ұсыныстары халықаралық қауымдастықта қаншалықты қолдау табуда? Бұл бағытта қандай мәселелер негізгі болып тұр?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғаламдық қауіпсіздік пен мемлекетаралық диалогты күшейту жөніндегі ұсыныстары халықаралық қауымдастықта негізінен оң қабылданып, конструктивті бастамалар ретінде бағалануда. Оның көпжақты дипломатияны қолдау, БҰҰ-ның үйлестіруші рөлін күшейту және халықаралық құқық қағидаттарын сақтау жөніндегі ұстанымдары көптеген мемлекеттердің ресми ұстанымдарымен үндес келеді. Әсіресе орта және шағын державалар үшін Қазақстан ұсынған диалогқа негізделген тәсіл халықаралық тұрақсыздық жағдайында балама әрі теңгерімді жол ретінде қарастырылады.

Халықаралық қолдаудың деңгейі Тоқаевтың ұсыныстарының идеологиялық емес, практикалық сипатымен де байланысты. Қазақстан бастамалары қақтығыстарды біржақты бағалаудан немесе тарап таңдаудан гөрі, сенімді қалпына келтіру, коммуникация арналарының үзілмеуін қамтамасыз ету және келіссөздер жүргізуге жағдай жасауға бағытталған.

Осы бағыттағы негізгі мәселелердің қатарында геосаяси поляризацияның тереңдеуі, сенім тапшылығы және халықаралық институттардың тиімділігіне қатысты пікірталастар әлі де бар. Президент Тоқаев бұл түйткілдерді ашық мойындай отырып, оларды еңсерудің жалғыз жолы ретінде инклюзивті диалогты, өзара құрметті және кезең-кезеңімен сенімді қалпына келтіруді ұсынады. Халықаралық қауымдастықта бұл көзқарас толық консенсусқа әлі айналмаса да, ол жаһандық қауіпсіздік архитектурасын жаңғырту жөніндегі пікірталастарда маңызды әрі ықпалды интеллектуалдық үлес ретінде қабылданып отыр.


Рекомендовать
Последние новости