Мадридтің "Реал" клубының шабуылшысы Килиан Мбаппенің трансферлік бағасы айтарлықтай өсті. Transfermarkt порталының жаңартылған мәліметіне сәйкес, француз жұлдызының нарықтағы құны 200 миллион еуроға бағаланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Мбаппенің трансферлік құны 180 миллион еуро болған. Соңғы жаңартудан кейін оның бағасы бірден 20 миллион еуроға қымбаттап, әлемдік футбол нарығындағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне жетті.
Осылайша, Килиан Мбаппе қазіргі таңда трансферлік құны жағынан "Барселона" вундеркинді Ламин Ямаль және "Манчестер Сити" шабуылшысы Эрлинг Холландпен теңесіп, әлемдегі ең қымбат үш футболшының қатарынан көрініп отыр.
Сонымен қатар Transfermarkt нұсқасы бойынша топ-5 ең қымбат ойыншылар тізіміне Мадридтің "Реал" клубында өнер көрсететін тағы екі футболшы – Джуд Беллингем мен Винисиус Жуниор енді. Бұл дерек "корольдік клубтың" қазіргі құрамының әлемдік футболдағы бәсекеге қабілеттілігін айқын дәлелдейді.
Айта кетейік, Мбаппенің нарықтағы бағасының өсуі оның тұрақты жоғары деңгейдегі ойыны мен әлемдік футболдағы ықпалының арта түскенін көрсетеді.
