Трамп Украинадағы соғысты тоқтату үшін Путин және Зеленскиймен келіссөз жүргізді

Қаракөз Амантай 13 февр. 2025 10:19 1435
©Фото: ТСН.ua

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде «шұғыл келіссөздерді бастауға» уағдаласты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Трамптың айтуынша, олар тек Украина мәселесін ғана емес, сондай-ақ Таяу Шығыстағы жағдайды, энергетика мәселелерін, жасанды интеллектті, доллардың рөлін және басқа да тақырыптарды талқылады.

«Бірақ ең бастысы – екеуміз де келіскендей, Ресей мен Украина арасындағы соғыста миллиондаған адамның қаза табуын тоқтатқымыз келеді», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында.

BBC Russian дереккөзінің мәліметінше, ол Путинмен келіссөз жүргізіп, Ресей мен АҚШ өкілдері соғысты аяқтау бойынша шұғыл келіссөздерді бастайтынын мәлімдеді.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, екі көшбасшының әңгімесі «бір жарым сағатқа жуық» созылған. Кремльдің хабарлауынша, қос елдің басшылары жеке кездесу ұйымдастыруға уағдаласқан.

Сонымен қатар Песковтың мәлімдеуінше, Путин Украинамен ықтимал бейбітшілік туралы сөз қозғаған кезде «қақтығыстың түпкі себептерін жою қажеттігін» атап өткен. Сондай-ақ ол Трамппен ұзақмерзімді реттеу тек бейбіт келіссөздер арқылы мүмкін екенін мойындаған. Ресей бұл мәселе бойынша келіссөз жүргізуге АҚШ-тың ресми өкілдерін қабылдауға дайын екенін білдірді.

АҚШ тарапынан келіссөздерді мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтц және арнайы өкіл Стив Уиткофф жүргізеді.

Кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп алғашқы кездесу Путинмен Сауд Арабиясында өтетінін айтты.

Путинмен әңгімеден кейін Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен де сөйлесті. Бұл әңгіме шамамен бір сағатқа созылған. Трамптың айтуынша, Зеленский де Путин секілді бейбітшілік орнатқысы келеді.

«Біз соғысқа қатысты көптеген мәселені талқыладық, бірақ негізінен жұма күні Мюнхенде өтетін кездесуді сөз еттік. Бұл кездесуде АҚШ делегациясын вице-президент Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио басқарады. Мен бұл келіссөздердің нәтижелі боларына үміттенемін», – деп жазды Трамп.

Зеленский өз Telegram-арнасында Трамппен әңгіме барысында «бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндіктері» мен «командалар деңгейінде бірлесіп жұмыс істеуге әзірлік» талқыланғанын растады. Ол Украина «бейбітшілікті бәрінен де қатты қалайтынын» атап өтті.

Сондықтан Киев қазіргі уақытта «Америкалық әріптестерімен бірлесіп, Ресей агрессиясын тоқтату және сенімді әрі ұзақмерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету жолдарын айқындап» жатқанын жеткізді.

Алайда әзірге Трамп та, Зеленский де қандай да бір нақты бейбіт келісім шарттары немесе алдын ала уағдаластықтар жөнінде ақпарат берген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости