"Тойханадан өзге түк жоқ...". Максим Рожин Тоқаевқа екі мәселені төтесінен қойды

Dalanews 23 окт. 2020 10:18 894

Кеше Ұлттық сенім кеңесінің отырысында Тоқаевтың алдында қазақша сөйлеген Максим Рожин мемлекеттік тілдің қолдану аясы туралы ойларын ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның сөзінше, интернетте мемлекеттік тілдің репрезентациясын жасау керек.

Кейбір мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар интернет сайттарының қазақша нұсқаларына басымдық бермейтінін, тіпті әлеуметтік желілердегі парақшаларында да қазақша жазуға келгенде құлықты емес екенін көп байқап жүрміз.

Кейбір мемлекеттік органдардың домендік атауы мемлекеттік тілде жазылмаған. Одан басқа, еліміздегі әртүрлі ірі халықаралық және жергілікті компаниялардың интернет сайттарынан да, әлеуметтік желілердегі парақшаларында да мемлекеттік тілге жеткілікті көңіл бөлінбегенін аңғаруға болады.


Сондықтан, интернеттегі тіл мәселесіне көңіл бөлініп, мемлекеттік тілге қатысты талап қойылып, әлгі сайттар мемлекеттік тілде де жұмыс істесе тілдің қолдану аясы әлдеқайда кеңейіп, ана тіліміздің дамуына үлкен оң әсерін берер еді, – деді ол.

Сонымен қатар, жастармен жұмыста жаңа серпін керек, деген ол тағы бір мәселені қозғады.

Жастармен кездесу үшін аймақтарға барғанда жиі ұшырасатын тағы бір үлкен проблема-білімді, интеллектуалды, шығармашыл жастардың жиналатын, креативті идеяларын дамытуға мүмкіндік беретін клубтар, коворкинг орталықтар, қоғамдық орындардың жоқтығы.

Бұл проблема аймақтар түгілі, тіпті ірі мегаполистерде де әлі шешімін тапқан жоқ. Білімді жастардың ортасын қалыптастыру үшін оларға бас қосатын жер, жиналатын орта қажет. Ауыл-аймақтарды аралап жүріп байқағаным, әр ауылдан кем дегенде бір мейрамхана, тойхана ғимараты болады. Ал, білім қуған, ғылымға қызыққан жастарға арналған орталық табу қиын.

Тіпті көп ауылдарда кітапхана да жоқ. Болса да ол кітапханаларға өте ескі ғимараттар берілген. Кітапханаларға ерекше көңіл бөліп, жастарды кітап оқуға бағыттауға көбірек көңіл бөлінсе. Біліміміз әлемдік, тәрбиеміз ұлттық болуы керек. Сосын, студенттер мен жастардың біздің елде кеңінен танылған бокс пен күрестен басқа спорт түрлеріне қолжетімділігі өзекті мәселелердің бірі.

Біздің жоғарғы оқу орындары студенттердің түрлі спорт түрлерімен айналысуына ешқандай жағдай жасамайды. Кейбір университеттердің футбол және баскетбол ойнайтын ғана алаңдары болса, кейбіреулерінде мүлдем жоқ. Бар болса да үнемі жабық тұрады. Осы орайда, студенттерге спортпен айналысуға жағдай жасалса, еліміздегі барлық спорт федерациялары ЖОО-ымен меморандумға отырып, студенттерге жеңілдіктер мен қолдаулар қарастырса. Университеттерді жаттықтырушылармен қамтамасыз етсе деген тілек бар, деп қосты Рожин.

Рекомендовать
Последние новости