Тоқаев Трампты президенттік қызметке кірісуімен құттықтады

Қаракөз Амантай 21 янв. 2025 09:38 538

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттары Президентінің сайлауында айқын жеңіске жеткен Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан Президенті қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастық дәйекті түрде дами беретініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа Америка халқының өсіп-өркендеуі жолындағы, сондай-ақ жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметіне табыс тіледі.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп пен РФ басшысы Владимир Путин Қазақстанда кездесуі мүмкін екені туралы жазған едік

Телеграмдағы "Чемодан госсекретов"арнасының дереккөздері қазіргі уақытта Трамп пен Путиннің кездесетін орны белсенді түрде талқыланып жатқанын хабарлады. 

"Екі нұсқа қарастырылуда: Венгрия және Қазақстан, ал Ресей тарапы Швейцарияны қабылдамады. Кездесу Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты шешуге арналмақ. Мүмкін, бұл мәселе кеше Тоқаев пен Орбанның телефон арқылы сөйлесуі кезінде де талқыланған болуы мүмкін", делінген жазбада. 

Сондай-ақ, бұл кездесудің украин тарапынсыз өтетіні күтілуде.

Бұған дейін Швейцария Ресей-Украина соғысы бойынша Трамп пен Путиннің кездесуін өткізуге дайын екенін мәлімдеген болатын. 

"Бюргенстоктағы саммиттен бері Украина, Ресей және АҚШ біздің бейбітшілік орнату жолындағы кез келген дипломатиялық күш-жігерді қолдауға дайын екеніміз туралы үнемі хабардар болып отырды", - деді Швейцария Сыртқы істер министрлігінің ақпарат қызметінің басшысы Николас Бидо.


Рекомендовать
Последние новости