Тоқаев: "Қазақстан мұнайға бай, потенциалымызды тиімді пайдалануға тиіспіз"

Dalanews 26 авг. 2021 13:30 1449

Бүгінде Қазақстан экономикасы мұнай-газ секторына иек артып отырғаны білгілі. Алдағы уақытта мұнай еліміз үшін негізгі табыс көзі болып қалатыны сөзсіз. Болашақта мұнай-газ химиясын дамыту арқылы біздер экономикамызды әртараптандыруға мүмкіндік аламыз. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда мұнай-газ секторында жұмыс істеп жатқан шетелдік және отандық комапния басшыларының басын жинап, ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті кездесуін ұйымдастырды. Осы ретте кездесу онлайн форматта өткенін айта кетуіміз керек.

 

Ел дамуына серпін берген кеңес


Ақорда төрінде өткен онлайн жүздесуде Қазақстандағы мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мен одан әрі дамыту шаралары жан-жақты талқыланды. Жүздесуге Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр, Eni S.p.A., Royal Dutch Shell, INPEX Corporation, Chevron, Exxon Mobil, CNPC, Total E&P сияқты ірі мұнай-газ компанияларының басшылары қатысты.

Шетелдік инвесторлар кеңесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған еліміз үшін экономикалық орыны ерекше орган. Кеңес шетелдік инвесторлар мен ҚР Үкіметі арасындағы өзекті мәселелерді оң бағытта шешу мақсатында құрылған болатын.

Міне, 23 жылдан бері аталмыш кеңес ел экономикасына қомақты қаржы салған инвесторларға қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді бірлесіп, шешетін диалог алаңына айналды. Сонымен қатар Шетелдік инвесторлар кеңесі еліміздің инвестициялық климатын жақсарту жолында да қыруар жұмыстар атқарғанын атап айтуымыз керек.


Тоқаев Теңіз кенішіндегі құрылыстың кешеуілдеуіне алаңдаушылық білдірді


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің жүздесуінде бірінші болып сөз алып, пандемия жағдайында мұнай-газ секторының өндірістік қарқынын бәсеңдетпеу керек екенін алға тартты. Бұл үшін мұнай-газ секторының технологиялық тұрғыдан жаңғыруына баса көңіл бөлудің маңызы зор.

– Қазіргі таңда мұнай-газ секторының ел экономикасын үшін орыны ерекше. Сондықтан бұл салаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар ұдайы менің назарымда. Біздер мұнайға бай мемлекет ретінде қолда бар әлеуетімізді мейілінше тиімді пайдалануға күш салуымыз керек. Елміздің экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеншіндегі қолға алынған жобаларды кестеге сай жүруі маңызды, – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Теңіз кенішін кеңейтуге қатысты құрылыс жұмыстарының кешеуілдеп жатқанына алаңдаушылығын білдірді.

Теңіз кенішіндегі қолға алынған құрылыс жұмыстарының ауқымы өте кең. Еліміздің мұнай-газ секторында бұрын-соңды мұндай ауқымды құрылыс жұмыстары қолға алынбағанын ескересек, Теңіз кенішінің өндірістік қуатын арттыруға қатысты жобаның қаншалықты маңызды екенін бағамдауға болады.


Құрылыс жұмыстары толықтай жүзеге асыру үшін теңіз табанына 23 мыңнан астам темір тірлеулер қағу керек. Осыдан-ақ қолға алынған жұмысты масштабын байқауға болады.

TengizChevroil компаниясы жүзеге асырып жатқан жоба толықтай іске асқаннан кейін Теңіз кенішінде өндірілетін мұнай көлемі 12 млн тоннаға артады. Бұл өз кезегінде ел экономикасының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосатыны анық.

Сондықтан Мелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жобаны кешеуілдетпей тез арада аяқтауды талап етуін түсінуге болады.


Инвестициялық климатты қалай жақсартамыз?


Онлайн жүздесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қашаған кен орнын игерудің келешегі жайында сөз қозғады. Президент мұнай өндіруді тәулігіне 1,1 миллион баррельге дейін ұлғайту бойынша жұмыстың үшінші кезеңін жүзеге асырудың нақты жоспарын жасау қажет екеніне тоқталды.

Еліміздің мұнай-газ секторын дамыту үшін қомақты инвестиция қажет. Мұнай бағасы біршама төмендеген қазіргі уақытта шетелдік инвесторларды тарту да оңай шаруа емес.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке инвестиция салудың жаңа тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Алдағы уақытта Үкімет жетілдірілген модельдік келісімшарттың үлгілерін дайындап, Президент назарына ұсынуы тиіс.

Бұл құжат инвестициялық преференцияларға кепілдік беріп, олардың құқықтық жағынан қорғалуын жан-жақты қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелерімен бірлесіп шешудің маңызы зор. Өйткені осыған дейінгі шетелдік инвесторлардың құқын қорғау ісіне қатысты заңнмалық құжаттардың көпшілігі осы кеңесте дайындалған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жаңа құжатты дайындау барысында Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді тапсырды.

Өз кезегінде вице-премьер Роман Скляр Президент пен Кеңес мүшелеріне алдағы уақытта инвесторлардың жер қойнауын геологиялық барлау және өндіру жұмыстарына көшуге кепілдік беретін келісімінің әзірленіп жатқанынан жеткізді.


Жаңа келсімге сай инвесторалыр өздеріне жұмыс істеуге рұқсат берліген аумақтарды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің геологиялық барлау жұмыстарының заман талабына сай дамуына ықпал ететіні сөзсіз.

Бүгінде Қазақстанда ел экономикасына инвестиция тарту үшін көптеген жұмыстар қолға алынып жатқаны белгілі. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетел инвестициясын тартуға Сыртқы істер министрлігінің шет елдегі елшілік қызметкерлерін де тартуды тапсырған болатын. Бұдан басқа мемлекеттік мекемелерге инвесторлардың өтініштері мен сұрақтарына жедел жауап беру «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету ісі қолға алынды. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларға өз ұсыныстарын Үкіметке жолдауын тапсырды. Осылайша Мемлекет басшысы келісіп пішілген тонның келте болмайтынын тараптардың есіне салды.

Нұрлан Жұмаханов

Рекомендовать
Последние новости