Мұнай-газ химиясымен байланысты жобаларға қомақты қаржы құямыз - министр Ноғаев

Dalanews 31 авг. 2021 11:39 880

Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін алған күннен бастап мұнай-газ химиясын дамыту ісіне баса көңіл бөліп келеді. Бүгінде еліміз дүниежүзі бойынша  жетекші мұнай өндіруші ел ретінде танылып отыр. Статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, Қазақстан мұнай өндіру көлемі жағынан ТМД елдері арасында екінші, ал әлем бойынша ТОП 10 елдің қатарына кіретінін байқаймыз. Бүгінде біз үшін мұнайды өндіріп, шикізат күйінде сатқаннан гөрі оны өңдеп, сатқан әлдеқайда тиімді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды өрістетудің маңызы зор. Таяуда Қазан қаласында өткен мұнай-газ форумында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қазақстан таяу болашақта мұнай-газ химиясын дамыту ісіне 12 млрд доллар көлемінде инвестиция тартып, мұнай-газ секторында кешенді өзгерістерді жүзеге асыратынын алға тартты.

 

Мұнайды өңдеп сатқан пайдалы

Бүгінде Қазақстанда мұнай-газ қорының барланған қоры да қомақты. Сондықтан аталған сала шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын жоғалтқан емес. Мамандардың есебінше, бүгінде қазыналы қазақ жерінде әлемдік мұнай қорының 3,2 пайызы (4,8 млрд тонна), ал көгілдір отынның 1,5 пайызы (2,2 трлн текшеметр) жинақталған. Бұл дегеніңіз қомақты қор.

Десек те қолда бар байлығымызды өңдеп сатсақ, оның үстіне қосылатын қосымша құны әлденеше өсіп, мол пайдаға кенелетініміз анық. Сол себепті ҚР Энергетика министрлігі мұнай-газ химиясын өркендетіп, еліміздің ырысын еселеуді көздеген бастамасын толықтай құптауға болады.

Барырлас Татарстанда өткен мұнай-газ мәжілісінде көлемді баяндама жасаған Нұрлан Ноғаев одақтас елдер (Қазақстан мен Ресей) арасында экономиканың негізгі бағытының бірі – мұнай-газ химиясы саласында берік байланыс орнағанын мәлімдеді.

– Сөзіме дәлел биылғы жылы еліміздің ірі мұнай-газ компаниясы «ҚазМұнайГаз» бен «Татнефтьтің» арасында бутадиен және оның өнімін өндіруі бойынша бірлескен іс-қимылдың шарттары туралы құжатқа қол қойылды, – деді Нұрлан Ноғаев.

 

Бутадиенді каучук зауыты шина өндірісіне дем береді

Бұл жоба бойынша инвестиция көлемі 820 млн долларды құрайды. Жобаның аяқталу уақыты – 2026 жылға белгіленген. Жалпы бұл келсімге үстіміздегі жылдың сәуір айында Мәскеу қаласында Қазақстан мен Ресейдің Үкімет басшылары мен салаға жауапты тұлғалары қой қойған болатын. Сол кезде «Бутадиен» ЖШС құрылып, жоба қызу қолған алынды.

Осылайша «ҚазМұнайГаз» бен «Татнефть» компаниялары Атырау қаласында мұнай-газ химиясын дамытып, бутадиенді каучук өндіруге кірісіп кетті.

Келсім бойынша «Бутадиен» біріккен кәсіпорының өзінің алғашқы өнімін 2025 жылы нарыққа шығаруы тиіс. Біріккен кәсіпорынды «Теңізшевройл» компаниясы қажетті шикізатпен қамтамасыз етуді мойнына алғанын да айта кетуіміз керек.

Таяу болашақта «Бутадиен» серіктестігі жылына 186 мың тонна бутадиенді каучук пен 170 мың тонна изобутан шығарады. Өндірілген өнімнің біраз бөлігін Қарағанды қаласында орналасқан KamaTyresKZ көлік шиналарын өндіретін зауыт мен татарстандық Аллюр тобы сатып алса, қалғаны Қытай, Ресей, Түркия және ЕуроОдақ елдеріне экспортталмақшы.


Көлік дөңгелектерін жасайтын зауыт толық қауатында жұмыс істегенде жылына жеңіл көліктерге арнап 3 млн дөңгелек шығаратын болады. Зауыт толыққанды іске қосылғанда 2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 500 жұмысшы жаңа мамандық бойынша маманданып, біліктілігін жетілдіретін болады.

Елімізде көлік шиналарын шығару ісін жолға қойлғанда сырттан келетін шиналардың көлемі біршама азайып, отандық өндірістің бойына қан жүгіретіне сөзсіз. KamaTyresKZ компаниясы болашақты өзі өндірген шиналарының 40 пайызын Орталық Азия елдеріне экспорттауды көздеп отыр. Сондықтан мұнай-газ химиясын дамыту арқылы біздер өндірістің көптеген түрін дамытуға мүмкіндік алатынымызды ешқашан естен шығармауымыз керек.

Міне, мұнай-газ секторының бір тармағының өзі қаншама өндірісті дамытып, мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтитынын байқауға болады. Сондықтан біздер мұнай-газ химиясын дамытып, түрлі кәсіпорындардың пайда болуына жол ашуымыз керек.

 

Полипропилен шығару – мұнай химиясы саласындағы өзекті жобалардың бірі

Қазіргі таңда елімізде хош иісті көмірсутектер, полипропилен және де жанармайға арналған октанды қоспаларды өндіретін зауыттар нәтижелі жұмыс істеуде.

Қазақстанда қуаты жылына 500 мың тоннаны құрайтын, құны 2,6 млрд долларға бағаланған полипропилен өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталғаны белгілі. Бұл да мұнай химиясын өркендету бағытындағы өзекті жобалардың бірі.

Бүгінде полипропилен мен синтетикалық полимердің өндіріс саласында қолданылмайтын жері жоқ. Полипропилен тамақ өнеркәсібі, машинақұрастыру, медицина, құрылыс және түрлі заттарды буып, қаптауда кеңінен қолданылады. Сондықтан полипропилен өндірісі бір сәтте ондаған өндірісті өркендетеді деп нық сеніммен айтуға болады.

Биыл жыл аяғына дейін елімізде полипропилен өндіретін іргелі кәсіпорынның құрылыс жұмыстары аяқталады.

Маңызды жобаны Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) кәсіпорыны Атырау облысында жүзеге асыруда. Зауыт жылына 500 мың тонна полипропилен шығаратын мүмкіндікке ие. Осы ретте зауыттың құрылыс-монтаждау жұмысына 39 отандық компания қатысып, өндірістік нысан салуда мол тәжірибе жинағанын айта кетуіміз керек. Қазақстан өзінің тарихында алғаш рет полипропилен өндіріп, оны кәдеге жартатын болады. Жаңа өндіріс ошағында 500 тұрақты жұмыс орыны құрылады.

Жаңа зауытты басқару ісіне замнауи цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне айрықша көңіл бөлінген.

Бүгінде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы полиэтилен өндірісін құруға күш салып, инвестор іздестіріп жатыр. Бүгінде Теңіз кенішінде айтарлық күкірт жиналып қалған. Еліміз үшін мұнаймен қатар шығатын күкіртті кәдеге жарату өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Өйткені ашық аспан астында жатқан күкірт табиғатқа қатты кесірін тигізеді. Осы ретте «ҚазМұнайГаз» компаниясы жылына күкірттен 1,25 млн тонна полиэтилен шығаруға ивестор іздестіруді. Қазіргі таңда ҚР Энргетика министрлігі полителен шығару ісімен айналысатын компаниялармен келіссөздер жүргізуде.

Бұдан басқа алдағы уақытта жылына 120-130 мың тонна метанол шығару, сол секілді 800 мың тонна олефиндер өндіретін кәсіпорындар салынатын болады. Осылайша Үкімет мұнай-газ химиясына дамытып, өндіріс орындарын өркендетуді көздеп отыр. 


– Үкімет осы бағыттағы жобаларды демеу үшін мемлекеттік қолдауды барынша қамтамасыз етеді. Елбасымыз Қазақстандағы мұнайгаз-химия саласының өркендеуіне бастамашы болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз тарапынан осы саланы жетілдіруге қатысты үнемі жаңа міндет қойып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі мұнайгаз-химия саласы бойынша арнайы инвесткелісім әзірлеу үстінде, құжатта саланы дамытуға бағытталған айрықша преференция түрлері қамтылатын болады, – деді ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости