Тоқаев: Депутат болу – халықтың үні болу

Көркем Алдабергенова 03 окт. 2024 12:49 4329

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында депутаттар жайлы сөз қозғады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Баршаңызды мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумының ашылуымен құттықтаймын!

Шын мәнінде, бұл жиынның мән-маңызы айрықша. Депутаттар – өзекті мәселе лерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – халықтың үні болу деген сөз. Мысалы, жаңа ғана сөз сөйлеген азаматтар өте маңызды мәселелерді көтерді. Әсет Махамбетовтің білікті маман ретінде атом энергиясы туралы пікірі өзекті. Сырымбек Сәрсембаев моно-қалаларды дамыту жөнінде жақсы ұсыныстар айтты. Ринат Заитовтың ұлттық өнерді қолдау туралы пайымдары да орынды. Депутаттар Юлия Кучинская және Евгений Буслаев та өте өзекті пікірлерін айтты.

Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін. Жалпы, елімізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар. Соның 70 пайызына жуығы осы залда отыр».

Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет.

Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды», - деді Президент.


Рекомендовать
Последние новости