Тығырыққа тірелу деген осы ма? Ресейліктер долларын өткізе алмай неге әлек

Кәмшат Тілеухан 15 нояб. 2024 12:33 1581

Кеше, яғни 14 қарашада Ресейдің биржадан тыс нарығында 1 АҚШ долларының құны 100,2 рубльді құрап, өсім бойынша биылғы жоғары шекті игерді. Сол-ақ екен, ресейліктер ақша өткізу орындарына лап қойды, сөйтіп қолдарындағы америкалық валютадан жаппай құтылуға тырысуда. Долларды құнсызданып жатқан рубльге айырбастау ресейліктер үшін неге керек болды? Бұл сауалдың жауабын Dalanews.kz сайтынан оқып-біле отырыңыздар.

Доллар неге күш алды?

"БСК Мир инвестиция" қор нарығының сарапшысы Михаил Зельцер бағамның шарықтау шегіне жетуін өзге валюталарға қатысты ғаламдық деңгейде доллардың нығаюы түрткі екенін айтады.

"Сондай-ақ бұл - АҚШ-тағы сайлау нәтижесі, АҚШ федеральды резерві белгілейтін басты сыйақы мөлшерлемесінің төмендеу ықтималдылығының көрінісі. Дегенмен нарықта спекульятивтік көрініс те байқалады. Сондықтан алда доллар бағамы аптығын басып, сәл төмендеуі мүмкін", деп оның сөзін "Капиталы страны" ресейлік сайты келтіреді. 

Ресейліктердің доллардан құтылуға тырысудағы үш себебі

Жалпы, өткен айда, қазіргі доллар қымбаттап жатқанда да ресейліктер АҚШ долларын жаппай сатумен болған. Мысалы, DEITA.RU сайтының мәліметінше, қазан айында ресейліктер 55 млрд рубльдің долларын сатқан.

Сарапшылар мұның үш түрлі себебі барын болжайды.

Біріншіден, бұған Орталық банктің сыйақы мөлшерлемесіне қатысты саясаты әсер етуде. Жергілікті халыққа ақшасын банкте қазір доллар емес, рубль түрінде ұстау тиімді. Дегенмен қазір несиені алдын ала жабу жағдайы сиреген. Несиесі бар ресейліктердің депозитте сақтап отырған ақшасы да бар. Олар екі-үш жыл бұрынғы кездегідей жинаған жинағын несиені жабуға бағыттамайды.

Екіншіден, Ресейде доллар банкнотын өткізу қиындаған.Ресейліктердің тек ел ішінде ғана емес, шетелде де америкалық валютаны өткізе алмай әуреге түсіп жататын кездері болады. Шетелде мұны ақшаң мыжылып қалған немесе осыған ұқсас тағы басқа себептерді алға тартатын көрінеді. Бұған қатысты түсініктеме берген РФ Қаржы министрлігі "бұл арада мәселе америкалық валютада емес, Ресей азаматтығында екенін" айтқан. Ведомство бұл түрімен шетел банктері алда Ресей азаматтарына қызмет көрсетуді мүлде доғаруы мүмкін деп топшылайды. Сол себепті  министрліктің өзі ел азаматтарына долларды рубльге айырбастап, ал жинақты банк депозитінде сақтауға кеңес берген. Ал сарапшылар бұл арадағы мәселе банкноттың ескілігінде екенін айтады. Ресейлік және шетелдік банктер доллардың ескі купюросын оның жалғандығы қаупінің жоғары болуына байланысты айырбастай бермейді, оның үстіне оны айырбастайтындай жергілікті банктерде жаңа банкнот жоқ.

"Ресейге қарсы салынған санкцияларға байланысты ресейлік банктер қазір шетелге долларды ақшалай жібере алмайды, сәйкесінше жаңасын да кері ала алмай отыр. Сондықтан бұл ретте ақша айырбасында проблема туындауда. Егер оны азаматтарымыз жақын маңдағы өзге елдерде айырбастайын десе, бағам айырмашылығына байланысты бәрібір "желініп қалады", деп "Капитал страны" ресейлік басылымы қаржыгер Лазарь Бадаловтың сөзін келтіреді.

Үшіншіден, ресейліктер үшін америкалық валютаны ұзақмерзімді жинақ ретінде ұстаудың өзі белгілі бір деңгейде қауіпті. Өйткені санкцияның астында қалған, экономикалық соғыс жағдайындағы Ресейде америкалық валютаға қатысты қандай да бір шектеу Ресейдің өз тарапынан, сол секілді қарсы тараптан да кез келген уақытта туындауы мүмкін. Ресейліктер мұны іштей жақсы біліп, алдын ала қам жасауға тырысады, әрине.

Ресей экономикасында бұдан да үлкен қиындықтар бар

"Ресей экономикасы құлдырап, ал кәсіпорындары банкротттық жағдайда". Бұл туралы үкіметке жақын ресейлік сарапшылардың өзі дабыл қағып, айтуда. Олар орталық банктен басты сыйақы мөлшерлемесін төмендетуді сұрайды. Алайда, бұл қазіргі жағдайда,тіпті мүмкін емес. ЕАЭО-ға мүше Қазақстанның Ресейден "инфяцияны импорттап" алатын әдеті баршаға мәлім. Онсыз да 2025 жылы үш дағдарыспен бет-бет келмек Қазақстанға бұл қосылса, алдағы жағдайдың қандай болатынын елестетудің өзі қиын...


Рекомендовать
Последние новости