"Теңізшевройл" мұнайшылары жұмысқа оралды. Компания қысқарту жүргізбеуге уәде берді

Dalanews 28 сент. 2020 09:46 900

Айта кетелік компания мамандары осы көктемде кеніштен уақытша шығарылған болатын. Теңіз кенішін кеңейту жұмыстарын тоқтатуға өндіріс орнында анықталған коронавирус індеті себеп болған.




8 сәуірде ТШО-ға қарасты мердігер компания жұмысшысынан Covid-19 анықталды. Кеніштегі жұмысшылар саны сол сәтте 45 мың адам құраған еді. Індеттің ауа жайылуына жол бермеу үшін ТШО басшылығы қатаң карантин шарасын қабылдап, ұжымды шұғыл түрде эвакуациялады.

Наурыз мен мамыр айының аралығында мұнай мен газ игеруге тікелей қатысы жоқ 27 мың маман үйлеріне оралды. 


Жұмыстан уақытша босаған мамандар отбасының жалғыз асыраушы болғандықтан компания басшылығы оларды қараусыз қалдырған жоқ.

"Бұл жағдай жұмыс беруші мен мұнайшылардың кінәсінен орын алған жоқ. Осы себепті 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында індеттің кесірінен жұмыстан қол үзген мамандарға орташа жалақының 50 пайызы төленеді", – деді ТШО-ның бас директоры Имер Боннер.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинскийдің пікірінше, Теңіздегі жұмыс тұралап қалса, мұның салдары тұтас экономикаға әсер етеді. 


"Компанияда еңбек ететін 27 мың мұнайшының табысы төмендегені өз алдына, экономиканың түрлі салалары тоқырауға ұшырар еді. Теңізшевройл Қазақстанның мұнайсервис саласындағы 200 мыңға жуық адам еңбек ететін 2 мыңға тарта компаниямен қойын-қолтықтасып жұмыс істейді. Осынау компаниялардың 80 пайыз тапсырысы  ТШО, Қарашығанақ консорциумы мен Қарашығанақ ПетролиумОперейтинг компанияларына тиесілі", – дейді ол.

Оның атап өткеніндей егер қазақстандық мұнайсервис нарығын салаға бөлер бөлсек, ТШО-ның құрылыс-монтаж жұмысындағы үлесі барша тапсырыстың 80 пайызын құрайды екен.

Теңіз жобасын кеңейту барысында компания қазақстандық тасымалдаушылардан 7,8 млрд доллардың өнімі мен қызмет түрін сатып алуды жоспарлап отыр. Жобаны 2020-2022 жылдары жүзеге асыру көзделген. Бұл өз кезегінде қазақстандық компанияларды әжептәуір табысқа кенелтер еді.

Теңіздегі жұмыс тоқтап қалғаннан кейін банкте қарызы бар қазақстандық фирмалар тығырыққа тірелді.


"Қазір қалт-құлт етіп отырмыз. Жыл аяғына дейін жетеміз бе, жоқ па нақты айта алмаймын. Осы күнге дейін ТШО-мен белсенді жұмыс істеп келген компаниялардың көпшілігі банкрот болуы мүмкін", – деп мәлімдемеген болатын Қазақстан мұнайсервис одағының төрағасы Рәшид Жақсылықов.

Одақ сарапшыларының есептеуінше бұл саладағы компаниялардың 50 пайызы банкротқа ұшырауы мүмкін, тиісінше жүздеген, мыңдаған адамның жұмыссыз қалуы қаупі бар. Еліміздің Батыс өңірінде жұмыссыздықтың белең алуы өңірдегі әлеуметтік ахуалды ушықтырып жіберері анық.

"Жұмыссыз адам бірден әкімдік пен Үкімет үйіне тартады. Әділдікті сол арадан іздейді", – деген болатын одақ басшысы.

Теңіздегі жұмыстың қайта жандануы Жақсылықовтың болжамын жоққа шығарып, жағдайдың жақсарарына сенім ұялатады. 


"Теңізшевройл" бас менеджері Рзабек Артығалиевтің атап өткеніндей компания індеттің екінші толқынына толықтай дайын.

"Тамызда 17 мыңға тарта адам вахталық жұмысқа тартылды. Мұнайшыларды ұдайы тестілеуден өткізудеміз. Жағдай қалыпқа келгеннен кейін 40 мың адам Теңіз кенішіне қайта шақырылып, жұмысқа кіріседі. Қысқарту болмайды", – дейді ол.

Рекомендовать
Последние новости