Теңге неге қайта құнсыздана бастады - сарапшы пікірі

Кәмшат Тілеухан 12 дек. 2024 16:20 850

Экономикалық сарапшы Ғалымжан Айтқазин бұл жолы теңгенің құнсызданатындай жөні жоқ еді деп санайды. "Егер, Ұлттық банк "теңге ресейлік рубль бағамына тәуелді емес" дегені рас болса", - дейді. Алайда,оның айтуынша, валюта нарығындағы жағдай басқаны көрсетіп отыр, деп жазады Dalanews.kz.

"Құнсызданып жатқан Ресей рублін есепке алмағанда, маңызды іргелі факторлардың жоқтығына қарамастан біздің ұлттық валютамыз қайтадан "құлдырай" жөнелді. Жақында Ресей орталық банкі атап өткендей, қаржы секторына салынған жаңа санкциялар экспорттан түсетін түсім мерзімдеріне елеулі әсер етіп, бұл валюта нарығындағы жағдайды құбылтып, бағамның әлсіреуіне әкеліп соқты. Ресейлік реттеуші органның пікірінше, бұған жекелеген қаржылық емес компаниялардың банктер алдындағы уақытша міндеттемесін өтеу үшін шетел валютасын сатып алу бойынша мәмілелері де қосылған, ол да рубльге қосымша қысым жасауда", деп жазды Tengenomika Telegram арнасының авторы.

Ол, жалпы алғанда, KASE-дегі валюта секциясы нарығына қатысушылардың Ресей рублі жағдайын бағдар етуі және ұлттық валюталар арасындағы "5-тен 1-ге дейін аралығында жасырын паритеттің" сақталуы, бір жағынан, Ресей Федерациясының валюта нарығындағы күйзелістерге жауап беруге мүмкіндік береді және теңге бағамының рубльге шаққанда нығаюына жол бермейді деп санайды.

"Екінші жағынан, сауда-саттық және басқа да салалар бойынша қоян-қолтық араласып жатқан әрі кедендік аймақтағы бір Ресей экономикасында болып жатқан құбылыстарды елемеу жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуі арқылы біздің экономикамызға кері әсерін тигізе бастайды. Мұндай жағдайды тәуелсіз Қазақстан тарихынан көріп келеміз, Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Григорий Марченко да жақындағы өз сұқбатында оны растады", - дейді ол.

Ал Марченко бұл ретте не деп еді?

"Теңге бағамы Ресей рубліне белгілі бір деңгейде байланған, өйткені бұл магнит секілді әсердегі дайын тауарлар импорты, сол секілді инвестициялық (аралық) тауарлар бойынша біз тәуелді үлкен экономиканың басты тауарлық серіктесінің өздігінен барып түсетін тұзағы іспетті. Шегенделген ақша бағамы жағдайындағы бұрынғы барлық теңге девальвациялары, сол секілді қазіргі өзгермелі бағам жағдайында да теңгенің күрт құлдырауы белгілі бір деңгейде осы "идиллия" салдарынан болуда", - деді ол.

Болашақта мұндай жағдайды қалай болдырмауға болады?

"Болашақта мұндай жағдайды болдырмауға болады, әрине. Қалай дейсіз бе? Егер біз Ресей Федерациясымен арадағы сауда-саттықтағы тепе-теңдікті жақсартатын болсақ, яғни өзара саудадағы тапшылықты азайта алсақ. Мәселен, соғыс басталғаннан және санкциялар енгізілгеннен кейінгі кезеңдегідей. Яғни, Қазақстан Ресей Федерациясына реэкспорт жасап, Ресей Федерациясының импортын уақытша өтегендей. Немесе Қазақстан экономикасы мұнай-газ секторымен байланысты емес валюталық кірісін едәуір арттыра алса, бұл Ресей Федерациясымен арада туындаған тапшылықтың қатты әсер етуіне мүмкіндік бермесі еді", - дейді сарапшы.  

Бүгін, 12 желтоқстанда сағат 15-30-да Қазақстан қор биржасында (KASE) шетел валюталары бойынша күндізгі сауда-саттық жабылды. Оның қорытындысы бойынша 1 АҚШ долларының орташа бағамы 522,91 теңгені құрап, бірден 5,17 теңгеге көтерілді. Иә, таңертең ғана Ұлттық банктің 1 АҚШ доллары бойынша бекіткен ресми бағамы 516,93 теңге болған еді. Ал 10 желтоқсандағы таңертеңгі ресми бағамы 510,08 теңге болса, сол күні кешке доллар тағы да 1,50 теңгеге арзандап, 508,05 теңге деңгейінде қалыптасқан болатын. 


Рекомендовать
Последние новости